Алматы облысында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне арналған 237 ескерткіш бар. Биылғы жоспарға сай оның 114-іне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 150 млн теңге бөлінген. Көктемнің алғашқы онкүндігінде барлық аудандарда жөндеу жұмыстары басталады деп жоспарлануда. Көксу ауданында жөндеуді қажет ететін 5 ескерткіш бар. Соның бірі Зылиха Тамшыбаева ауылында орналасқан. Ол 1982 жылы тұрғызылған. 2014 жылы қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, соғысқа қатысқандардың есімдері жазылған екі мәрмәр тақта орнатылды. Ал биылғы жөндеу жұмыстары кезінде ескірген жерлері қайта жаңартылады. Оған 1 млн 600 мың теңге қаражат бөлінген. Алматы облыстық тарихи мәдени мұраны қорғау орталығының ақпаратына сәйкес, ағымдағы жөндеуді қажет ететін ескерткіштердің көбі Алакөл ауданында орналасқан. Бұл жерде биыл 10 бірдей ескерткішке жөндеу жүргізу ұсынысын білдіріп отыр.