Қажылыққа жолға шығып, Меккеге жете алмағандар қонақүйден шыға алмай отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz. КТК арнасының мәліметінше, Шымкентте бес парыздың бірін өтеуге ниеттенген бір топ азамат бір аптадан бері қасиетті мекенге ұша алмай жүр. Олар ұмраға бару үшін Кausar travel-дан мың долларға жолдама сатып алған. Әлеуметтік желілерде отандық эстрада жұлдыздары жарнамасын жасаған туристік фирма бәрін сан соқтырып кеткен. 12 қаңтарда жолға шығуы тиіс 100 шақты адам енді не істерін білмейді. Күнде ертеңмен алдап келген фирма өкілдері енді ұшты-күйлі жоғалған. Ал құлшылық қылуға асыққан жолаушылар Мекке мен Мәдина қаласынан қонақүй түгілі, ұшаққа билет алынбағанын енді біліп отыр. Кausar travel туристік фирмасы күзде отандық эстрада жұлдыздары мен белгілі айтыскер ақындарды жалдап жарнама жасатып, жұртты ұмраға шақырыпты. Бар болғаны мың долларға 10 күн бойы қасиетті Мекке мен Мәдина қалаларында құлшылық жасаймыз дегендер енді бір аптадан бері ұша алмай жүр. Алыстан келгендер қонақүй жалдап, жақын аудан тұрғындары күн сайын әуежайды айналсоқтап жүр.
Орал қаласының тұрғыны Кәрім Сүлейменов: «Мұнда достар бар, таныс бар, соларда жатырмыз. Басқа адамдар қонақүй жалдап жатыр. Қарағандыдан, Атыраудан, Ақтөбеден, Ақтаудан келген адамдар бар. Енді бәрі бытырап жан-жаққа кетіп қалды, 30 шақты адам. Талабым, ақшамды кері қайтарып, басқа бір компаниямен кетсек те, енді шыққасын, үйге қарабет болмай, дұрыстап қажылық сапарымызды аяқтап барайық деген ниетіміз бар», – дейді.Күніге «ертең» деп алдаусыратып келген турфирма өкілдері «бүгін компания кеңсесіне келсеңіз, ақшаңызды қайтарамыз» деген. Бірақ Кausar travel-дың ғимаратында еден жуушыдан басқа адам жоқ. Тіпті, құлшылық қылуға ниеттенгендерге Мекке-Мәдинадан қонақүй түгілі, ұшаққа әлі билет алынбағаны анықталды. Шымкент тұрғыны Қалдықыз Шекербек: «Кеше білдік, әуежайға да барып біліп жатырмыз, таныстар да хабарласып жатыр. Бронь да жоқ, виза да жоқ, тас та жоқ, бақа да жоқ. Бірақ WhatsApp-та жазып жатыр, «ұшасыздар, ұшасыздар, хақ, иншалла, машалла, ұшасыздар, хақ» айтқан сөзі. «Хақ, хақ» дейді, қане хағы? Маған мың долларыма мың доллар үстіне 2 мың доллар ғып моральдық шығынмен қосып төлесін. Төлемей ме, мен көрсетемін...», – деді. Өзін Медетпін деп таныстырған турфирма директоры кеше ғана Мәдинада жүргенін айтып байланысқа шыққан. Бүгін басшы түгілі, қосшыларын да ешкім таппай қалды. «Оңбай алдандық» дегендер енді кеңсеге полиция шақырып, жаппай арызданып жатыр. Тергеушілер бір тәуліктің ішінде жағдайды зерделеп, іс қозғамақ. Шымкент қаласы Еңбекші ауданы ПБ тергеу бөлімінің бастығы Ерлан Ирбаев: «Келісімшарт негізінде 12 қаңтарда ұшамыз деп, бүгінге дейін ол келісім орындалмаған. Соған байланысты арызданып келген. Одан бөлек, жалпы 17 тұрғын арызданған. Аталған арыз бойынша қазір сараптау-талдау жүргізіліп, түпкілікті процессуалдық шешім қабылданатын болды», – деді. Киелі жерге жете алмай жүргендердің өз есебі бойынша 100 шақты адам екен. Ұмра қажылығын жасаймыз деп үміттенгендердің жартысын күні кеше Алматы арқылы ұшырамыз деп әкетті дейді. Бірақ олар да алдандық деп, жаппай полицияға арызданып жатыр.