Қызылорда қаласында «Болашақ» университеті мен «Қызылорда технология және қызмет институты» бірігіп, «Қызылорда Ашық университеті» атауымен жаңа жоғары оқу орны құрылатын болады. Жаңа білім ордасы жастардың болашағына, білім саласына жаңа серпін береді деп күтілуде. Бұрынғы «Болашақ» университеті жыл басынан лицензиясынан айырылып, студенттер мен оқытушыларға біраз қиындық туғызған болатын. Соған орай қос оқу орнының құрылтайшылары өзара келісімге келіп, екі білім ордасын біріктіру арқылы, еңселі оқу орнын құруға шешім қабылдап отыр.
«Болашақ» университеті жайында әлемжеліде көптеген алып-қашпа ақпараттар тарап жатыр. Мұның бәрі жаңсақ пікір екенін айтқым келеді. Нақтысы, университетіміз лицензиясынан айырылғанымен, студенттер мен ұстаздар зардап шекпеуі тиіс. Осы бағытта жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Соның негізінде «Қызылорда технология және қызмет институты» мен «Болашақ» университеті бірігіп, «Қызылорда Ашық университеті» атауымен жаңа оқу орны құрылады. Бұл білім ордасында толық құраммен оқытушылар мен профессорлар шоғырланады. Осы бастаманы өңірге белгілі азамат Қылышбай Алдабергенұлымен келісіп, екеуміз екі құрылтайшы болатын болдық. Ал университет студенттері бұрынғыдай өздерінің корпустарын да оқи беретін болады», – деді өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте «Болашақ» университетінің құрылтайшысы, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Бақберген Досманбетов.Жаңадан құрылатын іргелі оқу орнында білімге құштар жастардың сапалы білім алуына тиісті жағдай жасалады. Студенттер жоғары деңгейде білім алып, білікті маман болып қалыптасуына барлық мүмкіндіктер қарастырылады.
«Жақында құрылатын жаңа оқу орнын нақты білім жүйесімен қамтамасыз етудің барлық мүмкіндіктері қарастырылады. Осы арқылы әрбір білім алушының мүддесін қорғап, сапалы білім алуына жол ашылады. Жалпы, мұндай бастама әлемдік тәжірибеде қолданылып келеді. Сондықтан екі оқу орнын біріктіру арқылы тереңдетілген ғылым жүйесіне жол ашылады. Өзара тәжірибе алмасумен қатар озық идеялар жанданады», – дейді «Қызылорда технология және қызмет институтының» құрылтайшысы, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Қылышбай Бисенов.Бұл тұрғыда өзге оқу орнына ауысуға ниет білдіргендерге де шектеу жоқ. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова «Болашақ» университетінің студенттерін қабылдауға толықтай дайын екенін жеткізді.
«Соңғы екі апта көлемінде біздің университетке ауысу туралы «Болашақ» университетінің студенттерінен өтініштер түсе бастады. Осыған байланысты студенттер мен ата-аналарға қажетті түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нақты уақытта бізге 5 білім беру бағдарламасы бойынша 120 магистранттан өтініш қабылданды. Сондай-ақ 32 білім беру бағдарламасымен 1 200 студент өтініш білдірді», – деді бұл жайында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы-ректор Бейбіткүл Сәрсемханқызы.Осы орайда айта кеткен жөн, студенттер «Болашақ» университетінде қандай көлемде оқу ақы төлеп жүрсе, өзге оқу орнында сол оқу ақысымен білім алуын жалғастыра береді.
Қызылорда облысы