Украинадағы соғысты қолдайтынын айтқан депутат «Ақ жол» партиясынан шығарылды
Украинадағы соғысты қолдайтынын айтқан депутат «Ақ жол» партиясынан шығарылды
Фото: azattyq.org
801
оқылды
«Ақ жол» демократиялық партиясының пленумы Азамат Әбілдаевты партиядан шығарды. «Ақ жол» партиясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Астанада партияның Ұлттық кеңесінің пленумы өтті.
Жиында Мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаевтың журналиске берген сұхбатында Украинадағы соғыс туралы айтқан сөздері сараланып, тиісті саяси баға берілді, – делінген ақпаратта.
Ұлттық кеңес мүшелері Әбілдаевтың сөздері «Ақ жол» партиясының позициясына қарама-қайшы және сонымен қатар партиялық және де депутаттық этиканы да бұзып тұрғанына баса назар аударған.
Ұлттық кеңес шешімі бойынша Әбілдаевты «Ақ жол» демократиялық партиясынан шығару туралы шешім қабылданды.
Осыған байланысты Азамат Әбілдаевтың депутаттық мандатын тоқтату туралы «Ақ жол» партиясы Орталық сайлау комиссиясына хат жолдады. Айта кетейік, Мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаев «Азаттыққа» берген сұхбатында Ресей-Украина соғысында Мәскеуді қолдайтынын айтты. «Мен Ресей президентін қолдаймын. Украинадағы арнайы операцияны қолдаймын. Осы жазға дейін Зеленскийді өзінің халқы ұстап, сотқа береді деп ойлаймын. Украинада билік басында ұлтшылдар отыр. Ресей жақтан да, Украина жақтан да соғысып жүргендерді жақсы танимын. Украинаның ар жағында Ресей жатыр. 600 метр. Кез келген ракетамен атса, Мәскеуге барады. Бұл ең алдымен олардың қауіпсіздігі», – деді депутат. «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев Әбілдаевтың сөздері «Ақ жол» партиясының позициясына қарама-қайшы екенін мәлімдеді.