Италияда қаза тапқан қазақстандық студент туралы тың деректер шықты
Италияда қаза тапқан қазақстандық студент туралы тың деректер шықты
© astanatv.kz
16,933
оқылды
Италияда қаза тапқан 27 жастағы қазақстандық ару  Назарбаев Университетінің түлегі болған. Университет өкілдері Әсем Жарбосын туралы мәлімдеме жасап, оның отбасына көңіл айтты.
"Назарбаев Университеті 2023 жылдың 17 қаңтарында Әсем Жарбосынның кенеттен және кездейсоқ қаза табуына байланысты шын жүректен көңіл айтады. Ол 2020 жылғы Назарбаев Университетінің химия және материалдар инженериясы мамандығы бойынша магистратураның түлегі болды" делінген хабарламада.
2021 жылы Әсем Салерно университетінің (Италия) докторантурасына түсіп, TUSAIL жобасы бойынша берілетін стипендияның иегері атаныпты. "Ол бұл стипендияға Назарбаев Университеті магистратурасында оқып жүрген кезінде жүргізген алғашқы зерттеулерінің нәтижелері үшін ие болды", – деп атап өтті университет. Сондай-ақ мәлімдемеде бұрынғы әріптестері Әсемді ғылымға құмар, әлемге көмектесуді армандаған ақкөңіл, жанашыр, өршіл жас ретінде еске алатыны атап өтілген. "Әсем нәзік әрі ұялшақ, ерекше сұлу, өте ақылды және дарынды қыз болды, ол дарынды балаларға арналған мектепте оқыды, домбырада керемет ойнайтын. Барлық ата-ана  Әсем сияқты қыздары болғанын қалар еді. Әсем менімен бірге мектеп бітірді. Еуразия ұлттық университетінің бакалавриатын бітіргеннен кейін Назарбаев Университетінің магистратурасына түсіп, оны сәтті аяқтады", – деп келтіреді университет Астана Ұлттық зертханасының жетекші ғылыми қызметкері Әлия Мұқанованың сөзін. "Ғылымның дамуына үлес қосып, өмірі күтпеген жерден аяқталған Әсем Жарбосынның отбасы мен жақындарына көңіл айтамыз. НУ түлектері қауымдастығы Әсем Жарбосынның отбасына қайырымдылық акциясын ұйымдастырып жатыр", – деп қосты университет. Қайғылы оқиға 17 қаңтар күні кешке болған. Салерно университетінің 27 жастағы докторанты көшеден өтіп бара жатқанда, оны Меркато Сан-Северино қаласының 20 жастағы тұрғыны басқарған сұр түсті Peugeot 308 көлігі жаяу жүргіншілер өткелінде қағып кеткен. Оқиға Станислао Листа көшесінде, Джузеппе Верди атындағы опера театрының жанында болды.