Қазақстанда алғаш рет шахматтан әлем чемпионын анықтайтын матч өткізіледі
Қазақстанда алғаш рет шахматтан әлем чемпионын анықтайтын матч өткізіледі
320
оқылды
Шахматтан әлем біріншілігіне арналған матч Қазақстанда өтуі мүмкін. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова айтты.
«Шахмат федерациясы FIDE-ге қазір екі жолдама жіберді. Оның бірі – әлем біріншілігіне арналған матчты ұйымдастыру, екіншісі – балалар арасындағы шахмат олимпиадасы. Әлем біріншілігін ұйымдастыру мәртебесін алу үшін біз Аргентинамен таласып жатырмыз. Егер 1-2 күнде шешім қабылданатын болса, осы жарысты сәуірде өткіземіз. Мұнда тек екі ойыншы ойнайды. Олар – қытайлық Дин Лижэнь және ресейлік Ян Непомнящий. Сонымен қатар, біз осы жарыстың аясында балаларға арналған үлкен халықаралық сайыс өткіземіз. Ал екінші жарыс – 16 жасқа дейінгі балалар арасында шахмат олимпиадасы қараша айында өтуі мүмкін. Бұл жарысты өткізу мәртебесі үшін Голландиямен таласып жатырмыз. Егер оны ұтып алатын болса, онда қараша айында Алматыда жалпы саны 300-ге жуық 30-40 мемлекеттен келетін командалық жарыс өткіземіз», – деп жоспарларымен бөлісті Гүлмира Дәулетова.