Сенаторлар майнинг туралы заңды қарады
Сенаторлар майнинг туралы заңды қарады
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төраға­лығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар цифрлық активтер мен майнинг туралы бірқатар заңды қарады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл заңдарды Парламенттің бір топ депутаты әзірлеген. Заңдардың мақсаты – цифрлық майнингті құқықтық реттеу мәселелерін шешу. Соның аясында аталған құжаттар елімізде цифрлық активтерді шығаруға және олардың айналымына, цифрлық майнинг жөніндегі қызметті дамытуға қажетті құқықтық база құруды көздейді. Сол арқылы заңдар цифрлық активтердің заңды на­рығын қалыптастыруға, осы салаға шетелдік инвес­тицияларды тартуға және Қазақстан экономикасын дамытуға ықпал етпек. Сенаторлар қаралған заңдарды концептуалды түрде қолдайтынын білдірді. Алайда оларды қарау барысында депутаттар жекелеген баптарға бірқатар өзгеріс енгізді. Осыған орай заңдарды сенаторлардың ұсынысымен Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды.
«Қаралған заңдарда цифрлық активтер саласындағы қағидаттар мен уәкілетті органдардың құзыреті белгілене­ді. Сондай-ақ цифрлық майнинг жөніндегі қызметтің негізі, оны лицензиялау мәселесі және цифрлық активтер биржасының қызметі реттеледі. Аталған заңдар арқылы цифрлық активтер саласындағы мемлекеттік бақылау мен салық төлеудің ерекшеліктері де қарастырылады. Сенат ұсынған түзетулер заңдардың жекелеген ережелерін жетілдіруге бағытталған. Алдағы уақытта осы заңдар цифрлық кеңістікті дамытуға және цифрлық технология­ларды мемлекет пен халықтың мүддесін ескере отырып тиімді қолдануға заңнамалық мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар отырыс кезінде сенаторлар депутаттық сауал жолдап, маңызды мәселелерге назар аударды. Депутат Ғұмар Дүйсембаев мемлекеттік сатып алуды өткізуге қатысты бірқатар проблеманы реттеуге арналған шаралар кешенін іске асыруды ұсынды. Ал Әбдәлі Нұралиев «Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру» пилоттық жобасын іске асырудың тиімділігін айта келе, бюджеттен қажетті қаражат бөліп, бұл бас­таманы одан әрі іске асыруға қолдау көрсетуді сұрады.