Жігері жасымаған жан
Жігері жасымаған жан
432
оқылды
Қызылорда қаласының тұрғыны Нұрлыбек Бәйменов адам мүмкіндігінде шек болмайтынын дәлелдеп жүрген жанның бірі. Оқыс оқиға сал­дарынан бір қолынан айырылса да ол қазір көлік жөндеп, адал еңбегімен нәпақасын тауып жүр. Небәрі 24 жасында болған сол оқиғадан кейін жаны жараланса да, жігері жасымады. Мүмкіндігі шектеулі екеніне қарамастан адал еңбек етуге деген құлшынысы оны алға жетеледі. Біреуге қол жайып, қарап жатуға азаматтық ары жібермеді. Осы бір позицияны оны сау адамның қолынан келе бермейтін ауыр жұмыстарды істеуге ынтасын арттырды.
«Адал еңбегіммен нан табуға тырыстым. Көлік жөндедім, көмір қаптадым. Сол кездері бұл еңбегіме 1 000-2 000 теңге ғана еңбекақы төлейтін. Бәрі менің жағдайымды көріп, сенімсіздік танытатын. Біраз жерге бардым. Кейбір жерлер түрлі сылтаумен шығарып та салатын. Бірақ тағдырдың басқа салған сынағына оңай берілгім келмеді», – дейді өткен күндерін еске алған Нұрлыбек.
Нұрлыбек тағдыр басқа салған қиындыққа қарамастан қайсарлығымен талайды тәнті етті. Отбасын құрған соң ол өзіне жүктелген жауапкершіліктің тіптен еселене түсетінін іштей сезді. Сондықтан еңбекке деген құлшынысы бұрынғыдан да артпаса кеміген жоқ. Бала-шағасын ешкімге мұқтаж еткісі келмеді. Ақыр соңында көлік жөндейтін орталық ашып, табысын еселеуге бел байлайды. Әп дегеннен кәсібі өрге домалады. Бір қолымен көлік жөндеп, көптің алғысына бөленді. Көліктің кез келген түрін жөндеудің нағыз маманына айналды.
«Бала кезден көлік тізгіндеу арманым болатын. Бірақ ол арманым орындалмады. Тағдыр салған сынаққа оп-оңай беріле салғым келмеді. Өз бетімше бұзылған автокөліктерді жөндеуге қызығушылығым оянды. Техниканың тілін тез меңгердім. Соның арқасында көлік жөндеу орталығын ашуға тырыстым. Бүгінде бұл істің маған таңсығы жоқ. Есесіне сүйікті жұмысыма айналды», – дейді ол.
Қазір көлік жөндеуде ұлы Ерсұлтан қолғабыс етеді. Өзге балалардай кішкентайынан ойыншықпен емес, түрлі құрал-сайменмен ойнап өскен ұлының да ынтасы бала кезінен байқалыпты. Сондықтан небәрі 10 жасынан бастап әкесі оны еңбекке баулыпты.
«Кішкентай кезімнен әкемнің қасында жүрдім. Сол кезден көлікті қалай жөндейтінін көріп өстім. Көргендерімді санама тоқып жүрдім. Соның арқасында алғаш рет 10 жасымда көлік жөндеуге кірістім. Бұл ісімді әкем де қолдап, қуаттады. Үйренсем деген талабымды кері қайтармады. Кейбір ауыр жұмыстарды да өз бетімше жасауға талпындым. Бүгінде сол әрекетіме өкінбеймін. Жұмысымыз ойдағыдай жүріп жатыр. Бүгінде біздің қызметімізге жүгінушілердің қарасы аз емес. Не істесек те, адалынан жасауға тырысамыз. Табысымыз да жақсы», – дейді ұлы Ерсұлтан Ештаев.
Негізінен, Нұрлыбек Қызылорда облысына қарасты Қармақшы ауданы Дүр Оңғар ауылының тумасы. 3-топтағы мүгедектігі бар азамат кәсібін де ешкімге алақан жаймай өз күшімен ашыпты. Бұл істе бауырлары, анасы мен жұбайы көмек көрсетіпті. 20 жылдан бері жалғыз қолмен де адал кәсіппен табыс тауып, отбасын асырауға болатынын дәлелдеген Нұрлыбек қазір автобөлшектердің әрбірін жазбай айырып, ақауларын қиындықсыз тауып, өз ісін ұршықша үйіріп отыр. Көлік жөндеудің нағыз маманы ретінде елге танылған азаматтың көлік жөндеу орталығынан қызмет алушылар қарасы бір сәтке де үзілген емес.

Қызылорда облысы