Кәсіби отбасы қолғабыс бола ма?
Кәсіби отбасы қолғабыс бола ма?
© коллаж: Елдар Қаба
Елімізде жетім балаларды асырайтын кәсіби отбасылар пайда болмақ. Ал Балалар үйі қолдау орталықтарына айналады. Бұрын ата-анасыз қалған бала балалар үйіне жөнелтілетін болса, бұдан былай бірден кәсіби отбасылардың қарауына беріледі деген сөз. Осы арқылы балалар отбасы жылуын сезінуі мүмкін. Бұл бастаманың нендей артықшылығы бар, одан жетімдер үйі әрі азая ма? Жетімдер үйінің жайы һәм «жоғалған ұрпақ» 2011-2021 жыл аралығында еліміз­де­гі балалар үйінің саны 2 есе азайып, он­дағы тәрбиеленушілер 3 есе кеміген екен. Шынында, соңғы кездері балалар үйі­нің азаю процесі тым жылдам іске ас­қандай. Соңғы 4 жылда жетім­ха­на­да­ғы балалар саны 32 пайызға кеміген. 2017 жылы 6 223 баладан 2021 жылы 4 244-ке дейін түскен. Балалар үйі саны 138-ден 89-ға дейін қысқарған. Бірақ бір ескерер жайт бар, бала асырап алу­дағы түрлі бюрократиялық кедергіге қарамастан жетімдер қалай азайғаны белгісіз. Баласын тастағандар азайды ма, әлде басқа ма? Ең әуелі шетелдерге кет­кен сәбилердің көптігімен бай­ла­ныс­тыруға болады. Статистикалық мә­лі­меттерге сүйенсек, осы кезге дейін 10 мыңға жуық қазақ баласын шетел­дік­тер асырап алған. 1993 жылғы 10 ма­мырда Гаагада қабылданған «Ба­ла­ларды қорғау және шетелдіктердің ба­ла асырап алуын қолдау туралы» кон­венцияға қол қойылғаннан кейін біз­дің Конституцияда өзгеріс пайда бол­ды. Содан «Неке және отбасы» заңы­ның 76-бабы 2-тармағына «Ба­ла­ларды Қазақстан Республикасының ау­мағында тұратын Қазақстан Рес­пуб­ликасының азаматтарына тәрбиелеуге беру мүмкін болмаған жағдайларда ға­на, шетелдіктерге азаматтығы мен тұр­ғ­ылықты жеріне қарамастан асырап алуға берілуі мүмкін» деген толықтыру ен­гізілді. Осы «мүмкін» деген жалғыз-ақ сөз шетелдік бала асырап алушы­лар­ды Қазақстанға үймелеуіне алып кел­ді. Бұл мәселе 2002 жылғы Пар­ла­мент Мәжілісінің жалпы отырысында қайта талқыға салынды. «Сәбилерді шет­елдіктерге бергенше, ең жақын туыстарына беру керек» деген ұсыныс ай­тылды, алайда Үкімет тарапынан қолдау тапқан жоқ. 2011 жылы шетел азаматтарының бала асырап алу рәсімінің механизмі қа­растырылатын «Неке (ерлі-зайып­тылық) және отбасы туралы» кодекс қа­былданды. Бірақ балаларды елде қал­дыруға септесетін жаңалық бол­мады. Қазақстан азаматтарынан то­лас­сыз құжат сұрататын органдар шет­ел­діктердің отбасы толыққанды ма, жоқ па, әлеуметтік жағдайы қандай, тіпті кім­дер екеніне де жіті мән бермеді. Сонымен, бұл үрдіс ақыры тыйыл­ған­дай болды. 2013 жылдан бастап шет­елге кеткен балалар саны күрт азай­ды. Себебі 2012 жылы «Неке және от­басы туралы» кодексі күшіне енген­нен бастап Қазақстанда бала асырап алу тәртібі өзгеріп, тек аккредиттеуден өт­кен агенттіктер арқылы жүзеге аса­тын болды. Өзге ел азаматтарының ба­ла асырап алу процесі жоғарыда айт­қанымыздай 2012 жылға дейін тек «Неке және отбасы» заңымен іске ас­қаны үшін талап жеңіл болған. Сол се­бепті 1999-2012 жылдар аралығында шет­елге кеткен бала саны көп болды. Ал 2013-2020 жылдар да талап қатаң­дап, арнайы шетелдік агенттіктерді аккредиттеу арқылы іске асты. 2019 жылы 8 бала шекара асты: соның ішін­де Бельгияға – 4, Испанияға – 1, Ка­­надаға – 1, Францияға 2 қазақ бала­сы асырауға берілген. Дегенмен 2020 жылдан бастап шетелге бала берілмеді. Әйтсе де, бұл шекарадан бала аспады де­ген сөз емес-тін. Былтыр Бас прокуратура мен Оқу-ағарту министрлігі Қазақстанда бала­ны асырауға берудің әккі тәсілі жолға қойыл­ғанын анықтады. Схема қара­пайым әрі заңда бекітілген тетік­терге құрыл­ған. Мәселен, нәресте­сінен бас тар­тып, оны сатқысы келетін ана сә­биін сатып алғысы келетін отбасын ал­дын ала табады. Баласы дүниеге кел­ген соң оның құжатында «әкесі» де­ген тұсқа әлгі отбасының отағасының аты-жөнін жазады. Артынша анасы баладан бас тартып шыға келеді. Заң бойынша оны әкесі бағуы керек. Бала автоматты түрде құжатта көрсетілген әкесіне беріледі. Министрлік баладан бас тартудың бизнеске айналып кетуі­нен қауіптенген. Өйткені құжатында әкесінің аты көрсетілсе, сәбиді соған беру­ге мемлекеттің өзі міндеттейді. Ведомство өкілдері ең көп таралған тағы бір «схеманы» тапқан. Бала асы­рап алуға дәме еткен ер адам жалған «зерттеу» қорытындысымен баланың әкесі ретінде анықталады, бұл фактіні екі жақ та мойындайды. Міне, мәселе шешіле салады. Осыдан кейін анасы ба­ладан бас тартып, оны «әкесіне» береді. Шынында, ол адам баланың био­логиялық әкесі болмайды. Бұл рет­те мемлекет отба­сы­ларды шынайы зерт­теу жүргізуге міндеттей алмайды. Ал «Неке және отбасы» кодек­сі­нің 47-бабының 5-тармағына сәйкес, ба­ла­­ның анасымен некеде тұрмаған адам сол баланың әкесі екенін растағысы кел­се, сол әйелмен бірге, тіркеуші орган­ға бірлескен өтініш берсе, жеткілікті. Қазақстанда бөбектерге сұраныс жо­ғары. Бейресми деректер бойынша, был­тыр 5 мыңнан астам адам өзгенің нәре­стесін иеленуді күткен. Министр­лік тағы бір кең таралған схеманы көр­сеткен. Дамыған елдердегідей аса қымбат ДНК зерттеуі арқылы туыстық дәрежесін ешкім анықтап жатпайды. Соның кесірінен 2015 жылдан бері но­тариустер баладан бас тартып, туыс­қан­дарының тәрбиесіне берудің 1,4 мың­нан астам өтінішін рәсімдеген. Осы тәсілмен асырап алғандар ара­сын­да шетелдіктер бар. Әйтеуір, Оқу-ағарту министрлігі ба­лалар құқығын қор­ғау мәселелері бойынша қолданыс­тағы заңнамаға түзетулер әзірлеп үл­герген. Бастаманың бағыты оң ба? Жетімдер үйінің жайын айтып бо­лып, енді кәсіби отбасыларға тоқта­лайық. Жалпы, кәсіби отбасыларды құру мәселесі бірнеше жылдан бері ай­тылып келеді. Былтыр жаңа жобаны Оқу-ағарту министрлігі жедел қолға ал­ған. Мұның шет-жағасынан депутат­тар да хабардар еді. Заң жобасы жақын­да ғана әзірленіп біткен. Қазанға дейін қабылданады деп күтілуде.
– Негізі, мен бұл бастаманы қол­дай­мын. Себебі баланың отбасында өсіп, әлеуметтік жағдайларды көргені дұ­рыс. Кәсіби отбасылар жайы заң жү­зінде енді қаралайын деп жатыр. Де­генмен Мәжіліс қабырғасында әлі тал­қыланған жоқ, бірде-бір нормасын көр­медік. Кәсіби отбасылар құрыл­ған күннің өзінде бір мәселені ұмыт­пауымыз керек. Мұнда баланың қауіп­сіздігі аса маңызды жайт. Ертеңгі күні асырап алған адам балаға бейжай қа­рап, сұмдық жағдайлар болмас үшін осы бастан кәсіби отбасыларды жан-жақ­ты дайындықтан өткізген абзал, – дейді Мәжілістің экс-депутаты Әлия Әбсе­метова.
Заң жобасында кәсіби патронат тәр­биешілерге қойылатын талаптар, пси­хологиялық дайындық бағдарла­ма­сы, әлеуметтік кепілдіктер мен тө­лем­дер тізбесін әзірлеу жайы егжей-тегжейлі көрсетілген болуы тиіс. Оқу-ағарту министрлігі былтыр бұған қа­тысты жоспарын қысқаша баяндаған. Балалар кәсіби патронат отбасына 3 айға дейін қысқа мерзімге және 3 ай­дан кәмелетке толғанға дейін ұзақ мерзімге берілуі мүмкін. Балаларды тәрбиелеуге беру келісім негізінде жүзеге асырылады. Асырап алушы ата-аналар балаларының санына және олардың отбасында болу мерзіміне байланысты өз еңбегі үшін ақы алады. Ал сол ақшаның орнына олар балаға мейірімін көрсетуі қажет. Дегенмен оның бола қоюы оңай дүние емес сияқты. Өзгенің баласы деп өзектен теппесіне кепіл жоқ. Балалар психологі Сымбат Қожахметованың айтуынша, ба­ла асырауға ниет еткен кәсіби от­ба­сыларды жан-жақты тексеруден өткі­зіп, дұрыс таңдау жасау керек.
– Жалпы, тәрбие ұғымында отба­сын­дағы жеке тәрбие топтық тәрбиеге қара­ғанда әлдеқайда жақсы. Болашақ­та баланың бiлiм деңгейі мен сұранысқа ие мамандығын таңдап, жұмыс істеуіне мүм­кіндік береді. Балалар үйіндегі тар­­­биеленушi балада физикалық, ақыл-ойының дамуында кешеуiлдердiң болуы, бала құқығының бұзылу каупi бар. Керiсiнше, кәсiби отбасыда бала то­лыққанды отбасын сезiнедi, педаго­ги­калық-психологиялық қолдау көре­дi. Дегенмен кәсiби отбасыларды жан-жақты тексеруден өткiзiп, дұрыс таң­дау кажет деп есептеймін. Арнайы бiлiмi, кәсiби дайындығы, баланы асы­рап бағуға мүмкiндiгiнiң болуы, құ­қық қорғау және басқа әлеуметтiк орган­дар­мен заң жүзiнде келісімге отыруы қа­жет. Ең алдымен ескеретiн жайт, ба­ла психологиясы мен жас ерекшелiк психологиясын жетiк меңгеру керек. Өйткені әр балаға оның жасына, қа­был­дау деңгейi мен ой-өрiсiне сәйкес жеке тәсіл талап етіледi. Менiң ойым­ша, кәсiби отбасыларға барған балада жетiмдер үйiне барған балаға қарағанда психологиялық соққылар аз болады, – деді маман.
Қорыта айтқанда, соңғы жылдары мемлекеттің балалар құқын қорғауда қол­ға алған істері аз да болса көңіл көн­шітеді. Балалар үйі азайды деген­мен, онда тәрбие алғандардың болаша­ғы бұлыңғырлау көрінетіні жасырын емес. Сондықтан кәсіби отбасыларға қа­тысты жоба сәтті жүзеге асар болса, қо­ғам қуанар еді. Тек бала үшін бері­ле­тін төлемақыны тәрбиеден биік са­на­ғандар саланы құлдыратып жібер­месе жөн.