Универсиада күнделігі
Универсиада күнделігі
343
оқылды
Қысқы Универсиада ойын­да­рының сегізінші жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасы ме­даль кес­тесінде алтыншы орын­да тұр. Дү­бірлі дода АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қала­сын­да өтіп жатыр. Әзір­ге ұлттық құрама қор­­­жынында үш алтын мен бір қола медаль бар. Үш алтын, бір қола Кестеге келсек, тізімге жүлдеге іліккен 21 құрама енгізілген. Көш басында 32 медальмен Жапония (15-12-5) тұр. Одан кейінгі орында Польша (4-3-3) мен Оңтүстік Корея (4-3-3) бар. Ал Чехия сегіз жүлдемен төртінші, Фин­ляндия бес медальмен бесінші сатыда тұр. Ел құрамасына алғашқы алтын медальды биатлоншы Вадим Куралес салса, шаңғымен трамплиннен секіруден Данил Васильев чемпион атанды. Васильев бірінші талпыныста ол 127,2 ұпаймен бірінші орын алса, соңғы айналымда екінші (130,1) болып мәреге жетті. Екі кезеңнің қосындысы бойынша ол аустриялық Максимиллиан Линхерді (251,4) және Тимон Паскаль Кахоферді (248,8) басып озып, 257,3 ұпаймен үздік нәтиже көрсетті. Бекентай Тұрлыбеков Ал биатлоншы Бекентай Тұрлыбеков 10 шақырымға спринт жарысында топ жарды. Ол мүмкіндігін мүлт жібермей, атыс сызығында бірде-бір оқты бос жібермеді. Уақыт көрсеткі­ші – 27:51,5. Осылайша, Тұрлыбеков ел қор­­жынына үшінші алтынды салды. Бұл са­­йыстағы екін­­ші орын Бьорн Уэс­­тервелтке бұйырса, үз­дік үштікті отан­да­сы­мыз Алек­сандр Мухин қоры­тын­дылады. Сөйтіп, бірден екі медальға қол жеткен күн болды.   Жүлдесіз қалған жұлдыз Десе де, шорт-трекшілер аралас эстафетадан финалға шыға алмады. Олар ширек финалда екінші, жартылай финалда үшінші нәтиже көрсетіп, В тобындағы финалға жолдама алды. Яғни, бұл кезеңде спортшыларымыз бесінші орынға таласады. Аралас эстафета бойынша финал 21 қаңтар күні өтеді. шаңғымен трамплин Ерлер арасында 1 500 метрге жарысудан Қазақстан командасының үздігі Әділ Ғалиах­метов пен Еркебұлан Шамұханов В финалында сынға түсті. Олар жалпы есепте 11 және 12-орынды иеленген. Ал бәсекедегі бар жүлде Оңтүстік Кореяның еншісінде кетті. Ким Тэ Сун чемпион атанса, Ли Чжон Мин күміс, Джан Сун Ву қола медаль иеленді. Әйелдер арасында Али­на Әжі­ғалиева В финалында төртінші орын алды.   Алғашқы жеңіліс Ғалым Мәмбетәлиев баптайтын хоккей құрамасы топтық кезенің соңғы матчында АҚШ-тан жеңіліп қалды. Ойын барысында 4:1 есебі тіркеліп, Батырлан Мұратов нәтижелі соққы­мен көзге түсті. Хоккейшілеріміз топтық кезеңде 12 ұпаймен көш бастағаны белгілі. Олар жартылай финалда әйгілі Канада құрамасымен кездеседі. Қай жеңгені финалда өнер көрсетеді. Кездесу 21 қаңтар күні өтеді. Айта кетерлігі, үйеңкі жапырақтары елінің өкілдері А тобындағы барлық қарсыласын ойсырата жеңген. Сол үшін жігіттер сақтықпен ойнап, бар шеберлігін ортаға салады деп сенеміз.  

Айбике ЖАНАСЫЛ