Дертке дауа «дәрігер жылқылар»
Дертке дауа «дәрігер жылқылар»
696
оқылды
Туабітті сал ауруына шалдыққан сәби күндердің күнінде аяққа нық тұрып кетеді дегенге сенесіз бе? Бір қарағанда мүмкін еместей көрінеді. Бірақ Атырауда осындай ғажайыпқа толы оқиға болды. Атыраулық реабилитолог дәрігерлер туабітті сал ауруына шалдыққан екі сәбидің аяққа тұрып кетуіне көмектесті. Жақында қос бүлдіршіннің тұсауы кесілді. Олар Атырау облыстық Балаларды оңалту орталығында ем алған. «Бүлдіршіндердің тұсаукесер тойын Ба­ла­ларды оңалту орталығы маман­дары­ның үздіксіз жұмысының нәтижесі деп санауға болады. Өйткені мидың күрделі зақымдалуы салдары­нан тірек-қимыл қоз­ға­лысында ақауы бар балаларды аяққа тұрғызу үшін ұзақмерзімді жаттығулар, кешенді ем керек», – дейді емдік-дене шынықтырудың нұсқаушысы Қырмызы Төлегенова. Кешенді емнің нәтижесінде аяққа тұрған бүлдіршіннің бірі – Ахмат Ербол­ұлы. Оған дәрігерлер микроцефалия диаг­нозын қойған. Ал Ермұхан Сағытжан тумысынан сал ауруымен ауырады. «Ахмат 1 жасқа дейін төсек тартып жат­ты. Ол өздігінен еңбектей алмайтын. Отыру мен тұруды, яғни өзінің денесін басқаруды білмеді. Ахматқа емді бастағанда алғашқы үш ай бойы тұрақты жаттығуларды қайталап жасай бердік. Одан кейін сәл үзіліс алып, емдік-дене шынықтыру жұ­мыс­тарын қайта жалғастырдық. Осы­лай­ша, бір жылға жуық оңалтудан өткен­нен кейін алғашқы нәтижелер байқала бас­тады. Балалар бастапқыда бойын тік ұстауды үйренді. Одан соң отырып, тұруды, күніне бірнеше қадам жасауды меңгерді. Бұл – баланың қол-аяғы жұмыс істеуі үшін миға тиісті сигналдар беріле бастады деген сөз. Осылайша, бала миын белсенді жұмыс істету, бұлшықеттерді қатайту арқылы, үлкен нәтижеге қол жеткізіп отырмыз», – дейді Атырау облыстық балаларды оңал­ту орталығының емдік-дене шынықтыру маманы Қырмызы Төлегенова. Әрине, бұл үлкен табандылықты, қа­жыр-қайратты қажет ететін жұмыс. Нәти­же бірден байқала қоймайды. Сол себепті де, мұндай ұзақмерзімге пси­хологиялық тұрғыда дайын бол­маған соң ата-аналар­дың арасында емді орта жолдан тастап кететіндері де бар екен. Десе де, мамандар бала­ның оңалып кетуі үшін емді соңына дейін қабылдауға кеңес беріп отыр. Дәстүрлі медицинамен бірге, Атырауда қазір сал ауруы, даун сияқты жүйке жүйесі зақымданған бүлдіршіндерді емдеуге иппо­терапия әдісі кеңінен қолданылып жатыр. Республикаға ерекше балаларды оңал­­ту орталығы ретінде танылған «Атырау. Маленькая страна» қо­ғамдық ұйымының балалар ауылы бүгінде иппотерапия әдісін белсенді түрде қолданып келеді. Атырау қаласы маңындағы Бесікті ауылында жұ­мыс істеп жатқан балалар ауылын­да бүгін­де сал ауруы, даунға шал­дыққан балалар ем алады. Қазір балалар ауылында №3 арнаулы Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының (Жүйке-психикалық ауытқулары бар балаларға арналған мектеп-интернатының) 39 тәрбие­лену­шісі иппотерапия арқылы ем­деліп жатыр. Бұл орталық төрт жылдан бері иппо­терапия әдісімен сал ауруына шалдыққан балаларға көмек көрсетіп келеді. – Мақсатымыз – ерекше бала­ларға жаңаша медициналық тәсілмен көмек көрсете отырып, олардың әлеуметтенуіне, өмір сүруге бейім­делуіне ықпал ету. Иппо­терапия емі балаға психоэмоционалдық және биомеханикалық тұрғыдан екіжақты әсер етеді. Атқа міну, оны бағындыру жарымжан бала үшін үлкен жетістік. Бүлдіршіндерді сауықтыруға «дә­рігер» жылқылар көмектесіп жатыр. Біз арнайы интернатта тәрбиеленіп жатқан 39 балаға көмек көрсеттік. Балалар иппотерапияға аптасына бес рет келеді. Яғни, бала 20 минут бойы атпен серуендейді. Балаларды емдеудің жаңа тәсіліне бейімделуіне 2 айға жуық уақыт кетті. Екі айдан арнайы жаттығуларды іске қостық. Бұл жаттығулар ағзадағы қан айна­лымды жақсартуға бағытталған. «Өкінішке қарай, 39 баланың бәрі бірдей иппотерапиядан өте алмады. Ал бізден ем алған 12 баланың барлығының нәтижесі жақсы. Бір жыл бойына иппотерапияға келіп жүрген балалар дене мүшелерін өздігінен басқаруды үйренді», – дейді иппотерапевт дәрігер Қалима Изи­мова. Иппотерапия ғаламатын сезінген баланың бірі – Самат. Ол да №3 арнаулы Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушісі. «Самат бізге келгенде өте гипер­бел­сенді бала болған еді. Ол ип­по­терапия кезінде жылқыны тоқтатып, одан түсіп кетуге тырысып жүрді. Баланың ат үстінде тыныш отырмауы, шын мәнінде оның өміріне қауіп төндіреді. Бірақ, бірнеше терапия қабылдағаннан кейін бала шектен тыс қозғалмайтын болды. Менің дәрігер ретіндегі нұсқаулықтарымды мүлткісіз орындай бастады. Және баланың интел­лектуалдық дамуында да оң өзгерістер байқалды», – дейді иппотерапевт дәрігер Қалима Изи­мова. Сонда иппотерапия адамға қалай әсер етеді? Мамандардың айтуынша, иппо­терапия орталық мидың қан айналымын жақсартады. Сол себепті, баланың ағза­сында сауығу процесі жүреді екен. Мамандар психикалық, физика­лық дамуында тежелуі бар балалар ара­сында иппотерапиядан кейін мек­тепке қабыл­данғандары бар екенін айтады. Иппотерапиямен емделген бала­лар­дың көпшілігінде есте сақтау қа­білеті жақсарған. «Балалар оқу бағ­дарламасын жақсы меңгере бастады. Зейіні ашыла түсті. Яғни, баланың ин­теллектуалдық дамуында айтар­лық­тай ілгерілеу пайда болды. Мектепке бара алмайтын бала­ларда мимика пайда бола бастады. Бұған дейін айына екі рет клизмамен ғана дәретке ба­рып жүрген балаларда ішек-құрылысының жұмысы жақ­сарды. Олар тіпті, күндізгі уақытта жөргек кимейтін жағдайға жетті. Осын­дай оң өзгерістер баланың бо­йын­да өзіне деген сенімді қалып­тастырды» дейді ерекше балалармен ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі маман Қалима Изимова. Әсел Төрехан – ерекше баланың анасы. Ұлы Жұмабай Төрехан биыл 13 жасқа келеді. Туғанан бері сал ауруына шалдыққан баласын емдетіп жүрген Әсел иппотерапия ғажайып­тарына куә болып отырғанын айтты. «Баламда нәтиже бар. Иппо­терапия қабылдағалы бері ұлымның тілі шықты. Бұрын «мама» деген сөзді ғана айтататын балам енді кәдімгідей сөйлей бастады. Қазір бәріміз дастарқанға келген уақытта отбасы мүшелерінің қасығын таратады. Мен кесеге шай құйсам, Төреханым кеселерді әрі қарай бауырларына үлестіреді. Бұрын тек сұлқ жата беретін баламның бүгінде ұйқысы тынышталды. Өзі домалап, ойнайтын болды. Бел омыртқасы, құйымшағына жан кіріп, бала дами бастады. Қазір киімдерін өзі алып береді. Арбаға таңылған балам қазір қуанғанда қолын шапалақтап, кәдімгідей эмоциясын көрсете бастады. Біз иппотерапиямен ем қабылдауды 2021 жылы ғана бастадық. Алға қарай баламның аяққа тұрарына сенемін», – дейді анасы. Қазіргі уақытта «Атырау. Малень­кая страна» ұйымы ашқан балалар ауылында иппотерапияға қолданыла­тын 7 «дәрігер ат» бар. Олармен қоса, 6 «дәрігер мысық» ерекше балалардың оңалуына қызмет көрсетіп жатыр. Балаларға үміт отын сыйлап жат­қан оңалту орталықтары туралы шағын репортажымыз осымен тәмам.

Атырау облысы