Елорда бірыңғай тегіс жерде орналасқандықтан, қаладағы 37 нүктеде бір деңгейде қауіп бар. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД бастығы Бауыржан Сыздықов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Нұр-Сұлтан қаласы бойынша су басу қаупі бар 37 орын бар. Ол жерлерде 5400-ден астам халық тұрады. Жұмыс ең алдымен сол жерлерде атқарылуы керек, - деді «Көктем-2020» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы барысында қалалық ТЖД бастығы Бауыржан Сыздықов. Ол былтыр 11 ақпанға дейін қаладан 1,6 млн текше метр қар шығарылса, биыл осы уақытта 4,5 млн текше метрден астам қар шығарылғанын айтты. «Қазір ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Қала бойынша мыңнан астам жеке құрам, 300-ден астам техника бар. Оның ішінде 130-дан астамы - су соратын құралдар. Су басуы мүмкін 37 орынға алдын ала күш-құралдар бөлініп, бекітілді. Су басатындай жағдай болса, сол орындарға шығып, жұмыс атқарады», - дейді ол.