Сыры – сазында
Сыры – сазында
708
оқылды
BTS – бүгінгі күннің феномені. Артық айтпаған шығармыз, сірә?! Өйткені бұл топ әлемнің өнердегі сеңін бұзып-жарып, өзін табиғи дәлелдей алған бірегей ұжым. Топтың солисі Чон Джонгук биыл Катарда футболдан өткен әлем чемпионатының Dreamers аталатын әнұранын орындады. Оңтүстік Кореяның жалпы ішкі өніміне айтарлықтай табыс (2019 жы­лы 4,65 млрд доллар) әкеліп отырған топ ту­ристердің корей мәдениетіне қызығу­шы­лығын арттыруға айтарлықтай ықпал еткен. Соң­ғы жылдары Оңтүстік Кореяға келетін ту­ристердің үштен бір бөлігі BTS концерт­теріне келген. Өнертанушы ғалымдар BTS тобының әлемге танымал болуының сырын зерт­теп, том-том кітаптар шығарып үлгерді. Сон­дағы ең жиі айтылатын аргументтің бірі – аталмыш өнер ұжымының әлеуметтік өткір та­қырыптарды қозғауы. Әдетте K-Pop (Korean) өкілдері мазмұны ауыр әндер орын­дау­дан қашады. Олардың бағыты – көбіне-көп жеңіл, бидің қимылына ыңғайлы, қай­талама сөздері көп туындылар. Ал BTS бұл таптаурынды бұзды. Топ атауының аббревиатурасы о баста Bangtan Sonyeondan болған, аудар­масы – «Оқ өтпейтін барлаушылар/бой­с­каут». Кейін бұл өнер ұжымы топ атауын қыс­қартып, тек BTS деп өнер көрсетіп жүр­ді. Бес жыл бұрын олар BTS-тің жаңа әрі ресми түсіндірмесін ұсынды: Beyond the Scene («Сахна сыртында»). Мұнысын топ өкіл­дері сахнадағы өнердің сыртында қара ең­бек, терең ізденіс, әртүрлі эмоция болаты­ны­мен түсіндірді. Шын мәнінде, BTS тобының ең жиі қозғайтын тақырыбы – балалар мен жастар мәселесі. 2017 жылы бұл топ ЮНИ­СЕФ ұйымымен бірге балалар мен жа­сөс­пірімдерге көрсетілетін зорлық-зом­бы­лықпен күрес жөнінде Love Myself жоба­сын жүзеге асырды. Billboard журналы BTS-тің аталмыш проблеманы кеңірек на­си­хаттауға көмектесіп қана қоймай, қайы­рым­дылыққа $1,4 млн қаражат жинағанын жаз­ған болатын. Бұл өнер ұжымы БҰҰ Ассамблеясының сессиясында сөз сөйлеген ал­ғашқы топ. 2018 жылы топтың атынан ағыл­шын тілін жақсы білетін солисі Намд­жун алты минуттық сөз сөйлеп, онда бала­лар мен жасөспірімдерге көрсетілетін бул­линг мәселесін көтерді. BTS-тің балалар, жасөспірімдер мен жас­тар тақырыбына арналған әндері өте көп. Мәселен, 2017 жылы топтың Come back ho­me («Үйге қайтар жол») деп аталатын әні жарық көрді. Ол уақытта Оңтүстік Кореяда өтпелі кезеңдегі жастардың ата-анасымен рен­жісіп, үйінен кетіп қалу мәселесі өршіп тұрған. Ал аталмыш әннің мәтінінде өмірде түрлі қиындық болатыны, оны үйден қа­шып кетіп шеше алмайтыны және ата-ана­ның көңілін ойлап үйге қайту керектігі ту­ралы айтылады. Оңтүстік Кореяның жастар ісімен айналысатын құқық қорғау мекемесі үйіне қайта оралған балалардан сауалнама алған. Сондағы жастар BTS-тің әнін тың­даған соң ата-анамды ойладым, осы синглды тыңдап, жігер­лен­дім деген мәнде жауап берген. Сауалнама жүргізген мемлекеттік мекеме ол уақытта енді таныла бастаған BTS-тің жастарға ықпалын сезіп, бірге жұмыс істеуге ұсыныс білдірген. Бұдан өзге BTS жастардың психоэмоционалды күйі, интернетке, гаджетке тәуелділігі, білім ордаларындағы буллинг, зорлық-зомбылық тақырыбын көп қозғайды. Сондай-ақ олар­дың репертуарында жастарды жігерлен­діре­тін, оларды білімге, ғылымға, өнер мен спорт­қа үндейтін туынды көп. Бүгінде бұл топпен көптеген халықара­лық ұйым жастар мәселесі бойынша серік­тесіп жұмыс істейді. Өйткені BTS – өнер әле­міндегі феномен ғана емес, жастардың ам­бассадоры.