Сен өзі түрлі, түрлі, түрлі екенсің...
Сен өзі түрлі, түрлі, түрлі екенсің...
804
оқылды
Түрлі түсті кеш өткізу трендте тұр. Бала­бақ­шадан бастап шаңырағымыздағы бас­қосуларға жиналатын жақындарымызды да тренд үшін әртүрлі киім кидіріп әлекке түсетін болдық. Оның шарты сол, қонаққа шақырылғандар отбасымен бірге алдын ала келісім бойынша бір түске киініп, таңдалған түске сәйкес келетін тәттілерді де ала келуі керек. Ұлттық иммунитетті бойына сіңіре ал­май жатып еліктеудің құрбанына айналуы­мыздың сыры неде? Түрлі түсті кеш түбімізге жетіп жүрмесе игі. Серік Ерғали Серік ЕРҒАЛИ, тарихшы: – Қазір «Кім не істеймін?» десе де, әркімнің өз еркі. Ондай дүние кеңестік кезеңде де болған. Әр заманның өзіне сай той тойлау ерекшелігі болды. Оның үстіне, қазіргі тойлар ешқандай салт-дәстүрге қарамайтын күнге жетті. Осы күні әркім өзінің оң жамбасына салып, ыңғай­ландырып, тонын айналдырып тойлай береді. Ол үшін ешкім ешкімге ештеңе демейді. Деген күннің өзінде ешқандай ықпалы жоқ. Екіншіден, әлемдік үдеріс пен жаһандық өзгеріске жұтылып кетпеу үшін біздің елімізде үлкен істер атқарылуы керек. Өкінішке қарай, ондай маңызды істерді атқарудың қолайы келмей тұр. Бір жағынан қазір шығын да көп, теңгенің құны да азайып бара жатқан соң адамдар көңіл күйді ұстап тұру үшін осындай дүниелерге еліктейтін шығар. Онсыз тағы болмайды. Қазір түрлі түсті кеш емес, шеке асып үлкендерден бата алып жататын уақыт қой. Меніңше, өнер-мәде­ниетке, руханиятқа жауапты министрлік сол дәстүрді қалпына келтіруге ықпал етуі керек. Ал мейрамханасы бар азаматтар осындай дәстүрді қолға алып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда жаңағындай көңілді кеш дегендер өз салт-дәстүріміздің қалқасында ойыншық болып қалады. Өкінішке қарай, солай болмаған соң халық әр нәрсеге еліктей береді. Әңгіме қыла береміз. Қазақ халқының салт-дәстүрін қазіргі заманымызға икемдей алсақ қана өз трендімізді қалыптастыра аламыз. Олай істей алмасақ, осылай бола береді. Зира Зира НАУРЫЗБАЕВА, мәдениеттанушы: – Көңілді кеш өткізуден сөкеттік көріп тұрған жоқпын. Керісінше, түрлі түсті кеш көңіл күйді көтеріп, отбасымен ойнап-күлудің мәдениетін қалыптастырып жатыр деп ойлаймын. Сондықтан әдемілік сыйлайтын әртүрлі түске толы отырысты өткізуге қарсы болмас едім. Аманжол Аманжол ҚАЛЫШ, этнограф: – Қазір жұрттың жаппай осындай отырыс жасайтынын әлеуметтік желіден көріп қалғаным бар. Бұл да сол, батысқа еліктеудің салдары. Түрлі түсті кеш өткізуге біреулердің жағдайы көтереді, біреуінің материалдық мүмкіндігі келмеуі мүмкін. Біз онсыз да той-томалақ үшін аз шығындалып жатқан жоқпыз. Сол тұрғысынан алғанда трендтің соңынан қуып жетемін деу дұрыс емес. Жалпы, мұсылман халықтары мен түркітілдес халықтарды алып қарасақ, қазақ секілді еліктегіш ұлт жоқ. Өкінішке қарай, Орталық Азия халықтарының арасынан тағы сол өз қазағымыз түрлі түсті кештің тұсауына түсіп қалды. Осының барлығы Кеңес Үкіметінің бізге қалдырып кеткен «сыйы». Сол кезде олар көптеген ұлттық ұстанымымыздан, әдет-ғұрыптарымызды күштеп құртты. Содан бастап Қазақстан батыстың қажетсіз дүниесін өзіне алып, өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түрік­мендерге жібермей ортада сүзгінің рөлін атқарып отыр. Әйтпегенде, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін түрлі түсті киініп тойға баратын тотықұсқа айналуға не жорық? Мысалы, жаңағы атаған ұлттар өз елінде өзде­рінің ұлттық киімдерін ғана дәріптейді. Түрікменстанға барғанда халқының киім үлгісіне таңғалдым. Мысалы, әр өңірдің өзіне тән ою-өрнегі бедерленген тақиясын киеді екен. Бізде де кезінде аналарымыздың кимешегі әр өңірдің өзіне сай бедерленетін. Бірде телеарнаға қонақ қылып шақырғанда баскиім тігетін дизайнер келді. Тіккен дүниелерін тотықұс секілді түрлі түске көмкерілген екен. Қазақтың ұлттық баскиімі ондай болмаған. Әрбір ұлттың өзіне тән баскиімі бар. Ұйғырлар мен өзбектер өліп кетсе де қазақтың баскиімін кимейді. Ұлттық намысы бар адам болса біреудің баскиімін кимесе керек. Сол секілді ұлттық иммунитеті қалыптасқан кез келген адам әр нәрсеге еліктемесе керек. Өкініштісі, қазір еліктегіш болып кеткеніміз сондай, біреудің қаңсығын таңсық көретін болдық. Осы күні кешті қойып, қазақ «қойдың етін жеуге болмайды» деп ұрып жатыр. Атам заманнан бері қойдың етін жеп өскен қазақ халқы қырылған жоқ. Кезінде мәдениетке жауапты болған Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз ұлттық дүниеге қатысты ойлы дүниелер айтатын. Қазір сол деңгейдегі адам қалған жоқ. Оны айтасыз, кейбір қазақ кинотуындыларда батырға хан мен шешендердің қалпағын кигізе береді. Менің айтарым, трендтің табанында тапталмай, әр халық өз ұлттық трендін қалыптастырғанда ғана ұлт ретінде қаламыз.