Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақстандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми-инновациялық жетістіктері көрмесі өтті. Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған көрмеде ЖОО ғалымдарының табысты ғылыми әзірлемелерімен қатар, студенттік стартаптар таныстырылды.
Мұнда келушілер назарына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, ҚазҰАУ, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ, «Ғылым қоры», Ақпараттық және есептеу технологиялары институты, Жану мәселелері институты, Зоология институты ғалымдары өз жетістіктерін ұсынды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жанар Жеңіс Қазақстанның шикізаты негізінде дайындалған дәрілік заттар өндірісі жайлы айтып берді.ҚазҰУ ғалымдары ұсынған жобаның бірі – бірнеше жылдық тәжірибеге сүйеніп жасалған топырақты мұнайдан тазартатын табиғи минерал. Жоба жетекшісі, Химиялық физика және материалтану кафедрасының профессоры Ердос Оңғарбаевтың айтуынша, мұның ең басты артықшылығы – мұнай қалдықтарымен ластанған жерді соңғы сатысында тазарта алуында. Яғни, бұл әдіс топырақтағы мұнай мөлшері 5-10 пайыздан аспайтын жағдайда қолданылады. Әрі екінші рет ластануға мүмкіндік бермей, процесті басқаруға жол ашады. Ал Ақпараттық және есептеу технологиялары институтының ғалымы Өркен Мамырбаев қазақ тіліндегі дауыстық хабарламаларды мәтінге айналдыра алатын автоматты түрде тану жүйесін әзірледі. Бүгінде Kazak ASR зияткерлік жүйесін Telegram-да тексеріп көруге болады.«Қазір өндірістен тұмау мен бауыр ауруларының алдын алуға көмектесетін және иммунитетті көтеретін биологиялық белсенді қоспалар дайындалады. Сонымен қатар қандағы қант деңгейін төмендетуге көмектесетін, қан қысымын реттейтін, асқазан-ішек жүйесінің жұмысын жақсартатын, иммунитетті көтеретін фитошайлар өндіріледі. Бүгінде орталықта дайындалған өнімдерді жекеменшік шағын клиникалардың емделушілері тұтынуда. Алдағы мақсат – мемлекеттік емханалармен және дәріханалармен жұмыс істеп, өнімді халыққа кең тарату», – деді профессор.
«Қазақстанда университеттік ғылымды дамыту бойынша қабылданған басымдық жоғары тиімділігі мен нәтижесін көрсетті. Соңғы жылдары елдегі ғылыми-зерттеу белсенділігінің көрсеткіштері ғылымның дәстүрлі моделін сақтаған посткеңестік елдердің көпшілігіне қарағанда жоғары. Университет ғылымының дамуына жоғары білім беру жүйесін интернационалдандыру бағдарламасы ықпал ететін болады», – деп атап өтті ведомство басшысы.Жиында сөз алған ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки еліміздің жоғары оқу орындарының негізгі жетістіктері туралы айтып, қойылған міндеттерге назар аударды.
«2018-2020 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру шеңберінде жалпы сомасы 28,2 млрд теңгеге жеті басым бағыт бойынша 1070 жоба іске асырылды. Жобалардың басым көпшілігін: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – 140, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ – 80, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ – 49 жобаны жүзеге асырды. Дәйексөздер саны және дәйексөз келтіруі жоғары мақалалар бойынша университеттер көрсеткіші басқа ұйымның түрлеріне қарағанда айтарлықтай ілгері. Гранттық қаржыландыру шеңберінде жалпы сомасы 21,7 млрд теңгеге 561 ғылыми жоба (42%) іске асырылуда. Үздік үштікке: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – 31%, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ – 16%, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ 13% көрсеткішпен кіреді», – деді комитет төрағасы.Сөз соңында Дархан Жұмаханұлы «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заңы бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын алға тартты. Атап айтқанда, ЖОО-лардың гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша конкурстарға қатысуы жөніндегі жұмысты жандандыру, ғылым департаменттерінің, ЖОО-лардағы коммерцияландыру кеңселерінің жұмысын күшейту, оқытудың жаңа тетіктерін енгізу арқылы ғылыми кадрларды даярлаудың сапасы мен тиімділігін арттыру қажеттігі атап айтылды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев өз баяндамасында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың нәтижелерін экономиканың нақты секторына айналдыру үшін университетте «идеяны қалыптастырудан – оны коммерцияландыруға дейін» технологиялық дәлізі құрылғанын айтты.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың интеллектуалдық әлеуеті зор. Оқу орнында Қазақстан және әлемге іргелі ғылым саласындағы зерттеулерімен танылған беделді ғылыми мектептер бар», – деп атап өтті университет басшысы.Ғылым пайда әкелуі үшін ҚазҰУ-да жүзеге асырылып жатқан жобалар аясында инновациялық кәсіпорындар құрылып, жоғары технологиялық өнім шығаратын шағын өндіріс орындары іске қосылған. Олар – шунгит концентраты, полиэфирлі шайырлар, газразрядтық лампалар, дәрі-дәрмектер, көміртекті наноқұрылымдар және тағы басқа өндіретін 10-ға жуық шағын өндірістер.
«Жалпы, мұндай жобалар саны 100-ден асады. Біз нақты сектормен, агроөнеркәсіптік кешенмен, өнеркәсіппен ынтымақтастықты нығайту мақсатында бұл жобаларды сипаттайтын екі томдық кітап шығарып, әкімдіктер мен министрліктерге жібердік», – деді ректор.Сондай-ақ пленарлық отырыста Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ Басқарма төрағасы – ректоры Мейрам Бегентаев, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Дәрия Қожамжарова, ҚР ЦДИАӨМ Qazinnovations инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігінің басқарма төрағасы Санат Аханов және өзге де ЖОО басшылары мен институт директорлары баяндама жасап, пікір білдірді. Қатысушылар озық тәжірибе алмасу, ғылыми ұйымдар мен университеттер ынтымақтастығын кеңейту қажеттігін қолдады. Сонымен қатар жиында жоғары оқу орындарын зерттеу университеттеріне трансформациялау, ғылыми-технологиялық даму саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыланды. Содан соң екі күнге жоспарланған конференция жұмысы параллель секцияларға жалғасты. Онда «Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру», «Ғылыми-технологиялық дамуды қамтамасыз етудің нормативтік-құқықтық базасы», «Инновациялық университет экожүйесі: технопарктерді, зерттеу хабтарын, инжинирингтік орталықтарды және бизнес-инкубаторларды іске асырудың сәтті кейстері» бағыттары қарастырылуда.