Шаруалардың мәселесі «AMANAT» партиясы жанындағы комитетте талқыланды
Шаруалардың мәселесі «AMANAT» партиясы жанындағы комитетте талқыланды
974
оқылды
Несиелеуге арналған кепілдік базасы, ауызсу тапшылығы және егіс науқанына дайындық. Осы және өзге де өзекті мәселелер «AMANAT» партиясы жанындағы Агроөнеркәсіптік комитет отырысында талқыланды. «Оңтүстік өңірдегі шаруалар көктемгі егіс науқанына дайындық жұмысын бастап кетті. Жақын арада өзге аймақтар да іске кіріседі. Бұл ретте олардың тұқым, жанар-жағармай, техниканы жөндеуге қажет қосалқы бөлшектер сатып алуы үшін тиісті қаражаты болғаны маңызды. Сондықтан пайда болған мәселелерді уақытылы талқылап, оларды Үкімет деңгейінде көтеру қажет», – деді комитет төрағасы Қайнар Абасов. Шаруалардың айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында ұйымдастырушылық және заңнамалық деңгейдегі мәселелер жетіп-артылады. Мәселен, Батыс Қазақстан облысындағы шаруа қожалығының басшысы Сержан Идиатов майлы дақылдар экспортына квота және лицензия енгізу жоспарланып отырғанына қынжылды.  width=
«Бұл шешім мүлдем дұрыс емес. Егіншіліктің бұл түрі өңір шаруалары үшін негізгі табыс көзі саналады. Біз тиісті органдарға Батыс Қазақстан облысындағы шаруалардың атынан ұжымдық хат жолдадық. Осы мәселені Үкімет деңгейінде көтеруді сұраймыз», – деді ол.
Ал Қостанай облысындағы Андрей Двуреченский есімді кәсіпкер несиелеуге арналған кепілдік базасы мәселесін көтерді.
«Бәрінде бірдей кепілге қоюға болатын мүлік жоқ. Мысалы, 150 миллион теңге несие алу үшін 360 миллион теңгенің кепілі қажет. Бұл айтарлықтай қиындық туғызады. Сонымен қатар  қазір бәрі қымбаттап жатыр. Шаруалардың шығыны артып барады. Сондықтан биыл қажетті қаржыландыру көлеміне қол жеткізе алмау қаупі бар. Егер мұның шешімі қазір табылмаса, өңірдің ауыл шаруашылығында қаржы тапшылығы туындауы мүмкін», – деді ол.
Ал Маңғыстау облысының комитет мүшесі Оңайбек Әбділов су тапшылығы бар өңірде құдық қазуға берілетін субсидияны алып тастау көзделіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл әрекет былтыр қиын кезеңді бастан өткерген аймақтың агросекторына одан әрі зиян келтіруі мүмкін. Сондай-ақ ол маңғыстаулық шаруаларды күн панельдерімен қамтамасыз ету жұмысын қайта жаңғырту қажет екенін атап өтті. «Мәселенің көбісі қазіргі экономикалық жағдайға байланысты туындап жатқанын түсініп отырмыз. Инфляция мен қымбатшылықтан ең алдымен шаруалар зардап шегеді. Сондықтан көтерілген мәселелердің ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Келесі отырысқа жауапты ведомстволардың өкілдерін шақыру қажет деп ойлаймын. Мәселен, «Қазақстан темір жолы» компаниясының өкілін және тағы басқаларды шақырған жөн», – деп қорытындылады Қайнар Абасов.