Бас прокуратура Владислав Челах ісіне қатысты тергеу процесі қайта басталғаны туралы мәлімдеді. Қостанайда жазасын өтеп жатқан Челахтың өтінішін тексеру үшін зерттеліп жатқан қылмыстық іс қайта қозғалмақ. «Сотталған адамның дәлелдері ҚР Конституциялық заңында белгіленген тәртіпке сәйкес тексеріледі», – деп хабарлады Zakon.kz. Еске салайық, 2012 жылғы 28 мамырда Қазақстан-Қытай шекарасы бойындағы «Арқанкерген» бекетінде 15 адам қаза тапқан. Олардың ішінде 14 әскери қызметші және бір орманшы бар. Бұл оқиғаға мерзімді әскери борышын өтеп жүрген сарбаз кінәлі деп танылды. Владислав Челахты сот өмір бойына бас бостандығынан айырды.