Қазақ пен күй: мәдениет маржанын зерттей алдық па?
Қазақ пен күй: мәдениет маржанын зерттей алдық па?
Қазақтың классикалық жауһарының бірі – күй өнері. Осы үлкен мәдениет маржанын зерттеген Уәли Бекенов шертпе күй, төкпе күй деп атау беріп, оны екі үлкен арнаға бөлген. Зерттеушілердің пікірінше, шертпе күйді зерттеу кеш қолға алынған. Біз осы шертпе күйдің бұрынғы және бүгінгі мәселесін зерттеп жүрген күйші және зерттеушілермен тілдесіп, күй өнерінің түйткілді мәселелері жөнінде пікірін білген болатынбыз. Шертпе күйлердің байырғы әдісі әлі қалпына келтіріп жатыр Ғалым-күйші Жанғали Жүзбаев қазақтың шертпе күйін – шығыс­қа­зақстандық (Алтай-Тарбағатай) күй­шілік мектеп, Арқа күйшілік мектебі, Жетісу күйшілік мектебі, Қаратау күй­шілік мектебі деп аймақтарға бөліп қарастырады.
«Қазақтың тамаша күйшілік мек­тептерін орнықтырып кеткен ұлы күй­шілердің шығармашылығын барлаған­да – әуені мен тартысына қарап, қай өлкенің тумасы екенін анықтауға әбден болады, өйткені ғасырлар бойы қалып­тасқан белгілі бір сарындар тобы сол топырақтың ғана меншікті мақамына айналып кеткен, күй қай аймақта, қай уақытта туса да, қазақтың құлағы оны жазбай танитыны содан», – деп жазады зерттеуші.
Ал біз шертпе күйдің қазіргі өзекті мәселелері туралы сөзге тартқан күйші және зерттеушілер екі мәселеге баса мән береді. Бірінші мәселе − күйдің зерттелуі, шертілуінің ұмыт қалған қыр-сыры мен құпиялары. Екінші – күйдің бүгінгі таңдағы насихатталуы. Бірінші мәселеде күйшілер мен музыкатанушы мамандар классикалық шертпе күйлердің ұмыт болған байырғы саусақ басуы, тактысы, қағысын зерт­теп, іздеп тауып, қалпына келтіріп, оны оқу бағдарламасына қосу үшін тынбай еңбектеніп жатыр. Сонымен қатар күй­дің шығу тарихы, оның ұмыт қалды­рылған аңызын да ғалымдар ұдайы іздестіруді тоқтатқан емес. Мәдениеттану ғылымының ма­гистрі, күйші Қайрат Айтбаев кеңес өкіметі тұсындағы интернационалдық идеология музыкаға және оны оқыту бағдарламасына да жүргізілгенін атап өтті. Домбырамен басқа ұлттардың музыкасын ойнау қолға алынған. Со­ның салдарынан дәстүрлі Арқа күй­лерінде саусақ басу әдісінен айырылған. Скрипка, балалайка, гитара аспап­та­рының саусақ басу ереже-қағидалары күй орындауға еніп, домбыраның көне тәсілдерін ығыстыра бастады.
«Шертпе күй Мұхтар Мағауин, Тәкен Әлімқұлов суреттеген әсем туындылардағыдай өмір сүріп жатқан жоқ, екеуінде сәйкестік жоқ. Бұл – дәстүрлі мектептердің үзілгендігінің белгісі. Мағауия Хамзиннің күй тартқан бірлі-жарым видеожазбасы қалды. Сосын Дәулетбек Сәдуақасовтың жаз­басы. Күйді сақтауда ең қажеттісі – бейнежазба немесе күйшінің көзін көрген адамдар. Сол саусақ басуды қалпына келтірсек, ол да шертпе күйдің алға басуына көмектесетін еді. Бұл жағдайда қазір Сүгір күйлері толық дәстүрін сақтап отыр деп айта аламын. Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров­тың шәкірттері Сәрсенғали, Жанғали Жүзбаевтар бар. Мағауия Хамзиннен, Әбікен Хасеновтен мүлде шәкірт қал­мады. Шама шарқымызша, Дәулетбек Сәдуақасов пен Мағауия Хамзиннің пальцовкасына (аппликатура – пернелі, ішекті аспаптағы саусақ басу) қарап отырып, жобалап қалпына келтіріп жа­тырмыз», – дейді зерттеуші.
Сонымен қатар күйді нота арқылы сақтап қалу, сол арқылы ойнату жеңіл. Алайда Қайрат Айтбаев «күй өнерінің барлық иірімін нота ашып бере алмай­ды» деген пікірде. Құймақұлақ шә­кірттер күйшінің өзінен дәріс алып, күй тарту техникасы, қағыстарын сақтап алып кейінгілерге сипатын бұзбай жет­кізіп отыруы қажет. Көптеген күйдің өзі бүгінге жет­кенімен, оның аңызы, авторы және шығу тарихы ұмыт болған. Себебі «кеңес идеологиясы бойынша діни астары, дәуірі мен тарихы таптық кү­реске сай емес» деген желеумен күй­лер мақсатты түрде редакцияланған. Яғни, туынды бастапқы құнын, толық мәнін жоғалтқан.
«Бізге кезінде симфония, опера деген өнерлер келген кезде «нағыз өнер, классика деген – осы» деп өзіміздің классикалық өнердегі күйші компо­зиторлар шетқақпайланды, күй «кем­бағал өнер» саналып келді. Мектеп ретінде қалыптасқан дәстүрлі компо­зиторлық мектептер осылайша қолдан жойылды. Дамуы тежеліп, сабақтас­тықтан айырылды. Сол себепті қазіргі күйлерде жасанды қайғы басым. Жалған драматизм, жаттандылық басым. Му­зыкада секвенция – «бір тактыны қай­талай беру» деген термин бар, қазір соның дәуірі жүріп жатыр. Қазіргі күйдің басын тыңдағанда аяғы қалай аяқталатынын түсініп отырасың. Күй бірінші рет оқыған қызықты әңгіме секілді әсер қалдыруы тиіс», – деп қайырды Қайрат Айтбаев.
Қазақстанның мәдениет қайраткері, күйші Мұрат Әбуғазының айтуынша, шертпе күйдің зерттелуі кенжелеп қалған. Қазір зерттеушілер осы ойсырап қалған тұсты қалпына келтіріп жүр.
«Атақты Мағауия Хамзин, Әбікен Хасенов, Төлеген Момбековтер еш­қан­дай оқу орындарында сабақ бер­ген жоқ. Ол кісілердің алдын көріп, алдынан дәріс алғандар болды. Күй­шілердің үнтаспасы сақталды. Солар енді му­зыкалық оқу орындарында негізгі әдіс­темелік құрал ретінде пайдаланылады. Алайда аталмыш орын­даушылардың күй тартқан бей­нежазбалары өте аз. Мықты шертпе күйшілер көп болды. Дер кезінде бейнетаспаған жазылып алынбады. Оқу орындарында шертпе күйді оқыту кейінірек қолға алынды», – дейді Мұрат Әбуғазы.
Көп жылдан бері ұлттық өнерді насихаттап келе жатқан күйші Сәр­сенғали Жүзбай да осы мәселе әлі де жалғасып келе жатқанын айтып қын­жылады. Ол ауылды жердегі көне қа­ғыстарды жадынан шығармаған күй­шілердің өнерін үлкен музыкалық оқу орындарында жастарға тыңдатуды ұсынады. Сонымен қатар күйшіліктің байырғы үлгісін бүгінге жеткізген күй­шілердің бейнетаспаға түсіріп сақтап қалу жүргізілмейтініне алаңдайтынын атап өтті.
«Қазір Шәміл Әбілтай деген күйші көзі тірі ортамызда жүр. Бұл – мына төкпе күйдің мықты өкілі. Бірде бір музыкалық оқу орны күйшіні шақырып, өзінің оқушыларына күй тарту үлгісін көрсетпейді. Таяуда ғана Сматай Үм­бетбаев деген ескі үлгіде тартатын қо­бызшы 70 жасында өмірден озды. Еш­кім соны видеоға жазып алған жоқ. Баяғы ескі бірен-саран жазбасы қалды. Ел ішінде осындай елеусіз жүрген мықты күйшілер бар», – дейді Сәр­сенғали Жүзбай.
Зерттеушінің айтуынша, күйші­ліктің бұрынғы үлгісін көргендердің бірегейі – Төлеген Момбеков пен Бө­кей Ордасы күйшілік өнерінің үлкен өкілі Дина Нұрпейісованың күй тартқан видео таспасы сақталған. Әбікен Ха­сенов пен Тәттімбеттің мұрасын ғажап шерткен күйші Мағауия Хамзиннің видеосы бүгінге жеткен. Классикалық өнер – күйді бала жастайынан тыңдау керек Шертпе күйдегі екінші мәселе – күйдің насихатталуының кемшін бо­луы. Қазір бұрынғымен салыстыр­ғанда орындаушы, зерттеуші жағынан, үн­тас­пада жазылуы жағынан күй өнері бұ­рынғыдан көш ілгері. Мысалы, қазақ­­тың «1 000 күйі» антологиясына бұрын танылмаған шертпе күй өкілдері Қытай, Моңғолиядағы Әшім Дүңшіұлы, Қо­жеке Назарұлының күйлері енгізілген.
«Тәттімбет, Сүгір, Әбди Рысбекұлы, Қыздарбек Төребайұлы, Сайдалы Сары Тоқаның күйлері жинақталып, оқу әдістеме құралы ретінде шықты. Оқу орындарында репертуарлық жағынан шертпе күйлер көп орын алады. Мы­салы, кезінде Тәттімбеттің күйлері орын­далып, оркестрге түскен. Әбікен­нің Хамзинннің орындауында өте көп күй жарыққа шықты, жетістік көп», – дейді Мұрат Әбуғазы.
Осы тұста зерттеуші қазақ күйінің иірімін нота толық бере алмайды деген тұжырым жасайды. Оқу орындарында шәкіртке нота арқылы музыканы үй­рету оңай. Алайда қазақта күйді дәу­лескер күйшінің тіке өзінен үйренген. Құймақұлақ аталатын осы мектеп үзіліп қалғандықтан, кей күйде орындаушы нотаға жүгінеді, алайда ол күйдің барлық бедерін бере алмайды. жайлау Мұрат Әбуғазыдан бүгінде күйдің кеңінен таралуы, қайта өрлеп дамуына не кедергі деген сауал қойдық.
«Күйді тыңдау үшін де адамға өре керек. Бұл – классикалық дүние. Мы­салы, Төлеген Момбековтің «Салтанат» әуені жағынан сазды, қабылдануы жағы жеңіл болғандықтан көпшілік тың­даушы тез түсінеді. Ал енді Тәттімбеттің «Сарыжайлауы», «Көкейкесті», «Бес­төре», Сүгірдің «Қосбасарын» тыңдау үшін белгілі бір дайындық керек. Оны бала кезден тыңдап өсуі керек. Өйткені көп жыл тартып жүрген орындаушының өзі де кейбір қыр-сырын түсінбеуі әбден мүмкін», – дейді Мұрат Әбуғазы.
Сондықтан күй өнерін балаға санасына жастайынан сіңіру керек. Кішкентайынан тыңдап өскен бала ғана ары қарай күйдің қадір-қасиетін бағалайды.
«Керемет күйлер бар. Соны қалай тыңдата аламыз? Балабақшадан, мектеп жасынан бастап тыңдаушы тәрбие­леуіміз керек. Орындаушы мықты болса да тыңдалмаса өнердің таралуы қиын. Күй – қазақтың дәстүрлі күрделі өнері. Оны арнайы түрде оқу бағдарламасына енгізу керек. Мысалы, Еуропаның клас­сикасы секілді. Бетховеннің шы­ғармаларын екінің бірі тыңдамайды. Тыңдаушысы соған ұмтылған, көзі ашық адам. Біздің күйлер де классика. Эстетикалық талғам болуы тиіс. Оны тек қалыптастыру керек», – деп тұ­жырды Мұрат Әбуғазы.
Қайрат Айтбаев та күйдің насихат­талуы мектепте және мектепке дейінгі мекемелерде қолға алынса деген ұсы­ныс білдіріп отыр.
«Қазақта шамамен 1,5-2 мыңдай күй бар. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында жинақталған «Қа­зақтың дәстүрлі 1 000 күйі» атты анто­логия жарық көрді. Осы күйлер айталық пойызда, балабақша, мектептерде неге ойнатылып тұрмайды? Содан барып қазақ төл әнін, күйін ұмытып барады дейміз. Аталмыш жинақ кітапханада тұрады. Оны оқырманның ілуде біреуі ғана тыңдайды», – дейді зертеуші.
Мен сөзге тартқан күйшілер мен зерттеушілер қазақтың күй өнері XIX ғасырда шыңына жеткен деген ортақ пікір айтты.
«Еуропада XVII ғасырда Бах, Мо­царт, Бетховеннің туындылары дүниеге келді. Күй шығару жағы бұрынғыдай болуы қиын, өйткені XIX ғасырда Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей күй өнерін биік шыңына көтерді. Ал ХХ ғасырда көбінесе мықты орындаушылар кезеңі еді. Әбікен Хасенов Тәттімбеттің күйлерін жеткізді. Қали Жантілеуов күй шығармаған, бірақ Құрманғазының күйін жеткізді. Орындаушылардың шоғыры қалыптасты. Яғни, XIX ғасырда композиторлар, XX ғасырда орындау­шылар көп. Бірақ арасында бұрынғы сарынды жалғастырған Төлеген Мом­беков секілді күйшілер болды. Алайда дәуір көшті. Біз отырықшылыққа кел­дік. Күй шығару бәсеңдеді. Біз клас­сикаға айналған дәуірдің күйлерінен айырылып қалмай, сақтап, рухани мұра ретінде қастерлеп орындай берсек сол жеткілікті», – деп қорытты зерттеуші.
Қазақ домбырадан ешқашан ажырамайды Күй өнерінің тарихы әрқашан сынақтар мен тауқыметті бастан кеші­ріп келген. Күй өнерінің шыңы сана­латын ХІХ ғасырдың тауқыметі аз болмаған. Сәрсенғали Жүзбайдың тұжы­рым­дауынша, отаршылық кезінде қазақ өз жерінен ығыса бастап, орыс бері ірге тебе бастаған кезде қазақ руханиятына ауыр кезең туған. Басқыншылық дәуі­рінде жыршылық өнері, жыраулық өнеріне соққы болып тиіп, Махамбеттің дәуірі, Кенесары заманындағы жорық жыршылары жойылып кеткен. Осы ауыртпалық күйшілікті де айналып өтпепті.
«Тәттімбеттер ақтарылып, төгіліп күй тартып өтті» деп ешкім айта алмайды. Одан бергі дәуірге келсе, 17-ші жылдан кейінгі кезең тіптен зұлмат болды. Қазақтың игі жақсылары жал­маған 37-ші жылға дейінгі аралықта қазақтың біраз күйшілері репрессияға ұшырады. Батыс өңірінде «Ақсақ құ­лан­ды» жеткізген Қамбар Медетов деген күйші өткен. 1937 жылы жазықсыз атылып кеткен. Қыздарбек, Әбди, Сен­бі деген Арқаның күйшілері. Бертінгі Аққыз күйшіге дейін осы­лай болған. Тәттімбетті күйін толайым жеткізген Әбікен Хасенов деген күйші өткен. Ол кісі Алматыда өле-өлгенше Әкемтеатрда актер болып жұмыс істе­ген, оның өзінде Сәкен Сейфуллинді сағалап барып күн кешкен. Оның күй­шілігін ешкімге білдірмей келген. Сапарғали Бегалин күйшіні Латиф Хамидиге алып барып, сол жерде шерт­кен күйлерін үнтаспаға, нотаға жазып алды. Тәттім­беттің мұрасы бізге солай жетті», – деді Сәрсенғали Жүзбай.
Күйші оқу орындарында күйден сабақ беретін ұстаздарды күйшілік мектептері бойынша бөлуді ұсынды. Осы арқылы мектердеің сабақтастығын үзбей сақтап қалуға болады. Өйткені қазір бір ұстаз бүкіл күйшілік мектеп­терінен сабақ береді. Ал күйдің барлық мектептерін бір адам біле бермейді, игере алуы қиын. Сөз соңын Сәрсенғали Жүзбайдың «Күйшілік өнер қазақ ұлты қанша жа­сайды, күйшілік өнері сонша жасайды» дегенімен түйіндегіміз келеді.

Жәнібек АМАНГЕЛДІ