Қазақша сөйлеген құрылғы
Қазақша сөйлеген құрылғы
Фото: "Наш Костанай" баслымы
Яндекс компаниясы 2019 жылы «Алиса» дауысты көмекшінің қазақ, украин, белорус тілінде сөйлейтінін мәлімдеген. Арада төрт жыл өткенімен, нәтижесі хабар­ланбады. Осы аралықта қостанайлық қыздар аталған құрылғының баламасын ойлап тапты. Олардың айтуын­ша, жобаны жасауға алты ай уақыт кеткен. Талантты Қостанай қыздары София Синицина мен Әмина Ысқақова есімді қыздардың «Алисаның» қазақша баламасын жасап шыққанын «Наш Костанай» басылымынан білдік. Ақпарат құралы 17 қаңтар бүкіләлемдік өнертапқыш балалар күніне арналған жазбасында қос қыздың жетістігін жазған. Артынша қыздармен байланысқа шығып, құрылғы жайында сұрас­тырдық. Олар Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-«С» сыныбында оқиды. Бос уақытында жобамен айналысып, дамуға ден қойған. Жетекшілері – информатика пәнінің мұғалімі Александр Шерцер. Талантты қыздар дауыс көмекшісін EWA (Environment With Application) деп атаған. құрылғы Қыздардың айтуынша, құрылғы атауын E әрпімен басталуында айрықша мән бар. Ағылшын тілінде Engineering, education, environment сөзі аталған әріппен басталады. Яғни, ауқымы кең. Қосымшаның (кодтың, бағдар­лама­ның) сыртқы әлеммен байланысы тағы бар. Әртүрлі ақпарат көздерінен сұраныс бойынша ақпарат оқу, сұраныстарға жауап алу (есеп шығару, жауап іздеу, диалог, оқу режимі); датчиктерден атмосфералық көрсеткіштер туралы мәлімет алу; тұрмыстық техника мен смарт үй құрылғыларын басқару кіреді.
 «EWA – бірегей интеллектуалды-ақпараттық көмекші. Бұл ақылды динамиктің көптеген функциясы бар. Олардың бірі – бөлмедегі ауа температурасын, ондағы газдың мөлшерін анықтайды. Осылайша, өрттің де алдын алуға болады. Дыбыс шығаруға арналған құрылғыны өндірісте де, үйде де қолдануға болады. EWA математика, физика, химия, биология пәндері бойынша түрлі есепті шеше алады. Сондай-ақ ол уикипедиядан сұрауларды шығарып береді, ертегі айтады әрі шамды қосу-өшіру секілді тапсырманы орындайды», – дейді Әмина Ысқақова.
Олардың айтуынша, EWA-ны жасауға алты айға жуық уақыт кеткен. Құрылғы жасап шығаруды 2021 жылдың күзінде бастаған. Ал 2022 жылдың күзінде алғашқы кішігірім биікті бағындырып, жобалар байқауында үшінші орын иеленген. Қыздар уақыттың көп бөлігі EWA-ға қазақ тілін енгізу мен ақпарат ағынын орналастыруға кеткенін айтады.
 «Біз бұл салада бірде-бір отандық өнім көрмедік. Сондықтан өз үлесімізді қосқымыз келді. Біздің құрылғы міндетті түрде қазақ тілін түсініп, сол тілде сөйлеуі керек еді. Дыбыс компьютер арқылы жасалды. Біз адамның оқыған нұсқасын жасай алма­дық. Себебі білікті диктордың дауысын жазып, оны енгізу үшін кемі 270 сағат уақыт керек. Оны жүзеге асыруға бізде қаражат пен уақыт болмады. Сол үшін адам­ның қатысуынсыз жасадық», – дейді София Синицина.
Жалпы, құрылғыға төрт ассистенттің дауысы енгізілген. Әркім еркінше қалаған дауысқа ауыстыра алады. Айта кетерлігі, бұл жоба қыздардың мектеп­ішілік ғылыми жобалар бай­қауына әзірлеген туындысы. Өйткені Қостанайдағы Назарбаев зияткерлік мектебін­де аталған форматтағы байқау жиі ұйымдастырылады. Оқу­шылардың әрқай­сысы халықаралық роботтар байқауында бақ сынау үшін мектепішілік кезеңнен тыңғылықты дайындалады. Сәй­кесінше, ғылыми жетекші­лері де бағыт беріп, оқушының барынша ынта қойғанын, құрыл­ғыға озық әдіс-тәсілді ен­гізуін қада­ғалайды. Сол үшін оқушылар барын салуға тырысады. Осы тұста София мен Әмина да уақытының көп бөлігін жобаның кем-ке­тігін түзеумен өткізеді екен. «Алиса» неге танымал? Жоғарыда жыр қылған «Алисаның» артық­шылығы көп. Сондықтан көпшілік арнайы дыбыс колонкасына құмар. Мәселен, дыбыс құрылғысының ең арзан түрі 28 мың теңгеден басталады. Қымбатын аламын десе­ңіз, 200 мың теңге қаражат керек. Бұл жүйені құрылғы ретінде сатып алып қана қоймай, телефонға жүктеуге болады. Осындайда атақты Siri қо­сым­шасы еске түсері белгілі. Яндекс компа­ниясы әуелде «Алисаны» аталған қосымшаға қарап ойлап тапқан. Артықшылығы орыстың құрылғысы адаммен әңгіме дүкен құрады. Одан бөлек, «Алиса» іздеу жүйесі барлық қызметпен толыққан. Қосымшадағы дауыс актриса Татьяна Шитоваға тиесілі. Қолданушы қажетті мекенжай мен телефон нөмірі туралы ақпаратты оңай тауып алады. Ауа райы туралы мәліметтен басқа, жақын маңдағы кофехана мен тамақтану орны жайында да білесіз. Әрине, музыка қоюдан алдына жан салмай­тыны тағы бар. София Синицина мен Әмина Ысқақова Иә, отандық IT мамандары «Алисаның» қазақша баламасын жасауға оқталып көрген. Соның бірі – Kazdream IT холдингі. Speech.kz технологиялар лабораториясының жетекшісі Нұрғожа Қалиасқардың айтуынша, гаджеттің басты функциясы – жастар арасында қазақ тілін танымал ету. Олар жобаны 2021 жылы жүзеге асырған. Алғашында холдингтегі қызметкерлер компьютерге қазақ тілін түсінуді үйреткен. Осылайша, компьютер қазақ тілі мен қазақша-орысша тіркестерді оқи бастаған.
«Бірлескен жобаны жүзеге асырдық деп айта аламыз. Біз әріптестердің дайын әзірлемесі барын білдік. Ал біз, механиктер ретінде кей тұсты жөндеп, дыбысты колонканы жасап шығардық. Міне, «ақылды колонканың» қазақ және аралас қазақ-орыс тілдерін түсіну деңгейі жоғары. Тағы да қайталаймын, мақсатымыз – қазақ тілін кеңінен насихаттау. Гаджетте де қазақ тілін көмекші құрал ретінде пайдалануға боларын көрсеткіміз келді», – деді маман.
Қызығы, София мен Әмина жоғарыдағы холдингтің «Алисаның» қазақша баламасын жасағанын білмеген. Әрі бұл туралы ақпарат көздерінде айтарлықтай мәлімет көп емес.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ