Соңғы күндері Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университеті лицензиясынан айырылып, жабылып қалу алдында тұрғаны жайында хабар желдей есіп жүр. Алғашында мұны «қаңқу сөз» деп қарағандар да болды. Бірақ уақыт өте келе оқу орнының басына қара бұлт үйірілгені шындыққа айналды. Ұстаздар мен студенттер алаңдаулы Сыр өңіріндегі ірі оқу орнының оқытушылары мен студенттеріне бұл жайсыз хабар оңай тиген жоқ. Мұғалімдер нәпақасынан қағылып, жұмыссыз қалудан қорықса, студенттер оқуынан жар ортада қол үзіп қалудан күмәнданды. Жалпы, университетте білім алатын 5491 студенттің оқуын ары қарай жалғастыру, 176 оқытушы профессор мен 43 техникалық персоналдың жұмыссыз қалмауын заңдылық аясында шешу мәселесі көпті толғандырды. Білім алушылар басқа оқу орнына алмасуда қиындықтар туындайтынына қынжылды. Себебі оқу ақылары алдын ала толық көлемде төленіп қойылған. Ал университет ұстаздары оқу жылының ортасында жұмыссыз қалуға алаңдап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу де жолдады. Соған орай бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен арнайы жиында да қаралды. Өткен жылдан бері жыр болған университеттің қыл үстінде тұрған тағдыры ақыр соңында лицензиясынан айырылуымен аяқталғаны сол жиында нақты мәлім болды. Бұл жайында Сыр еліне іссапармен келген Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Артур Еділханов мәлімдеді. Яғни, университет лицензиясын тоқтату туралы ұйғарым бірнеше мәрте жүргізілген бақылау жұмыстарының нәтижесінде сот шешімімен мақұлданғанын жеткізді. Министрлік өкілі білім алушылардың басқа оқу орындарына ауысуға мүмкіндік қарастырылғанын, ал төлем жасағандардың төлемақысы осы оқу жылына сақталатынын да мәлімдеді. Бұл тұрғыда Сыр еліндегі іргелі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова оқу орнының ұстаздары мен студенттерді заңдылыққа сәйкес қабылдауға қолдау білдірді. Көршілес облыстардың оқу орындарынан да қабылдауға ниет білдіргендер болды. Бүгінде бұрынғы «Болашақ» университетінде ұзын-сонар кезек. Білім алушылардың бірқатары Қорқыт ата университетіне ауысуға шешім қабылдаған. Ең бастысы, алдын ала жасалған төлем осы оқу жылында сақталатыны студенттердің бір қорқынышын сейілтіп тұр. Брифингте не шешілді? Білім алушылар мен ұстаздарды алаңдатқан осы мәселе төңірегінде Қызылорда облысы әкімдігі өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында арнайы брифинг те өткізілді. Оған «Болашақ» университетінің құрылтайшысы Бақберген Досмамбетов, Қызылорда технология және қызмет институтының құрылтайшысы Қылышбай Бисенов пен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова қатысып, даулы мәселеге түсініктеме берді. Соның ішінде «Болашақ» университеті мен Қызылорда технология және қызмет институты біріктіріліп, жаңа университет құрылатыны мәлім болды. Бұл білім алушылар мен ұстаздардың мәселесін шешудің ең оңтайлы жолы екенін айтып отыр.
«Жалпы, соңғы уақытта халық арасында университетке қатысты түрлі жаңсақ пікірлер тарап жатыр. Алайда университет лицензиясынан айырылғанымен студенттер мен оқытушылар жапа шекпеуі тиіс. Соған орай тиісті шараларды қолға ала отырып, бір шешімге келдік. Аймағымызда «Қызылорда технология және қызмет институты» мен «Болашақ» университеті бірігіп, «Қызылорда Ашық университеті» атауымен жаңа оқу орны құрылады. Яғни, университет жабылмайды. Есесіне, іргелі оқу орны ретінде қалыптасып, сапалы білім алуға жағдай жасалады. Бастысы, «Болашақ» университетінің студенттері бұрынғыдай өздерінің оқу корпустарында білімін жалғастыра беретін болады», – деп түсіндірді бұл жайында университет құрылтайшысы, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Бақберген Досмамбетов.Бұл тұрғыда Бақберген Сәрсенұлы Қызылорда технология және қызмет институтының құрылтайшысымен келісе отырып, екі құрылтайшы болып жұмыс жүргізетінін мәлімдеді. Ең бастысы, студенттер сапалы білім алып, білікті маман иесі атануына күш салатындығын жеткізді. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылатын болады.
«Жалпы, жеке оқу орындарын біріктіру әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар. Соның негізінде білім алушы жас буын өкілдерінің мүддесін қорғап, сапалы білімге негіз қаланатын болады. Жақында құрылатын жаңа білім ордасы сондай жоғары дәрежедегі білім жүйесін қалыптастырады деп сенемін. Екі оқу орнын біріктіру арқылы тереңдетілген ғылым жүйесіне жол ашылмақ. «Қызылорда Ашық университетін» құру арқылы тәжірибе алмасумен қатар, озық идеяларға жол ашылады. Бір қуанарлығы, студенттер бұрынғы «Болашақ» университетінің ғимаратында оқи береді», – дейді Қызылорда технология және қызмет институтының құрылтайшысы, техника ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Қылышбай Бисенов.Қос академиктің келісімімен құрылғалы отырған жаңа университетте жаңа ректор тағайындалмақшы. Қос құрылтайшы мұны екеуара келісіп шешетінін алға тартты. Ал Қорқыт ата университеті тарапынан ауысамын деген студенттерге әлі мүмкіндік жасалатынын алға тартады.
«Болашақ» университетінен біздің оқу орнына екі аптадан бері ауысуға ниет білдіргендер қарасы толастаған емес. Әсіресе, төртінші курс студенттерінен өтініш түсуде. Әрине, бұл жаңа университет құрылатыны мәлім болмай тұрып орын алған жағдай. Сол кездері ата-аналар мен студенттерге түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Бүгінде 5 білім беру бағдарламасы бойынша 120 магистранттан өтініш қабылданды. Сондай-ақ 32 білім беру бағдарламасымен 1200 студент өтініш білдірді. Бастысы, біздің оқу орнында «Болашақ» университетіндегі төлемі негізінде оқуын жалғастыруға мүмкіндік жасадық», – деді Қорқыт ата Қызылорда университетінің басқарма төрағасы-ректоры Бейбіткүл Сәрсемханқызы.Бұл тұрғыда жаңа оқу жылынан бастап студенттер осы оқу орнының бекітілген бағасымен төлем жасайтын болады. Бұл бұрынғы төлем көлемінен әлдеқайда қымбат. Соған орай осы күнге дейін ауысуға өтінім берген студенттерге кері оралуға да мүмкіндіктер қарастырылып отыр. Тек жазғы демалыс уақытында ғана қалаған оқу орнына қайтадан ауысуларына болады. Қорыта айтқанда, әзірге қос оқу орнының бірігуі нәтижесінде құрылғалы отырған жаңа университет қиын жағдайда қалған студенттер мен оқытушылардың көңіліне сенім ұялатып тұр. Ең бастысы, бұрынғы көлемдегі төлемақымен өз оқу ғимаратында білімдерін жалғастыруға мүмкіндік алып отыр.
P.S. Бір қызығы, «Болашақ» университеті әлі де лицензиясын қайтарып алуға ниетті екенін де білдірді. Құрылтайшының мәлімдеуінше, бұл мәселе бойынша іс қайтадан соттың қарауына жіберілген. Егер жоғары соттан бұл шағымы қанағаттандырылса, министрлік лицензияны кері қайтаруға міндетті.
Қызылорда облысы