Сарыөзек тағы сусап отыр

Сарыөзек

Күреңбелдің төрінде, тоғыз жолдың торабында орналасқан, халқының саны 15 мыңнан асып жығылатын Сарыөзек ауылының аудан орталығы деген атауы дардай болғанымен, көшелері көріксіз, жолдарының сау тамтығы жоқ, үйлері қиқы-жиқы. Оны айтасыз, тұрмыстық, тағы басқа инфрақұрылымдық проблемалары жыл сайын айтылғанымен, жөнделудің орнына асқына береді.

Басқа, басқа, таза ауызсуға қол жет­кізу, мөлдір суды қанып ішу деген сарыөзектіктегілерге арман болғалы бірнеше жыл өтті. Кеңестер Одағы кезінен қалған проблеманы тәуелсіз­діктің 31 жылында да ретке келтіре ал­ма­дық. Осы жылдары жеті-сегіз әкім ауыс­қан облысты айтпағанда, азуы алты қарыс болатын, атағы жер жаратын талай әкім басқарған аудандағы жұрттың есінде олардың есімдерімен байланыс­тыра айтатын игі істер емес, жоғарыда айтыл­ған мәселелер, оның ішінде суса­ған жұрттың таза ауызсуға қол жеткізе алма­ғандығы ғана қалғаны анық.

Былтыр көктемде ауданға жолы түскен Қанат Бозымбаев газ бен ауызсу мәселесі жыл соңына дейін шешіледі деп жауапсыз мердігерлерді біраз тер­летіп, дұрыс төселмеген су құбыр­ларын қабыл­дап алған жергілікті атқамінер­лерді би­дай­дай қуырған болатын. Одан кейін тағайындалған жаңа әкім Бейбіт Исабаев та сан соқтырар сауалдары көп Сары­өзекке бірнеше рет барды. Газ бен су желтоқсанда реттеледі деп уәде берді. Ақы­ры, жыл аяқталар тұста бес жыл бұ­рын ауылдың іргесіне жеткенімен, үй­лер­ге тартылмаған көгілдір отынға алғашқы тұрғындар қосылғандай болды. Кезекті рет сапасыз жасалған жұмыстар қаң­тардың алғашқы суықтарында-ақ сыр беріп, ауылдағы су құбыры желісі қысымға шыда­май күнде жарылып, бір жарыл­ған­да оншақты жерден тесіліп, үлкен елді мекеннің бірнеше аумағындағы тұрғындар сусыз қалды. Бұл туралы әлеу­меттік желілерде жарияланып, көп­шілік тарапынан түрлі қоғамдық пікір­лер көрініс бере бастады.

ауызсу

Кербұлақ аудандық әкімдігінің ша­руа­шылық жүргізу құқындағы «Күрең­бел су» мемлекеттік коммуналдық кә­сіп­орнындағы жұмыс тобының басшысы Ермек Сансызбаевтың айтуынша, бар­лығы бір кездегі мердігерлердің жауап­сыз­дығы мен сол кездегі аудан басшы­ларының, тағы басқа тиісті тұлғалар мен салалардың тапсырысты қабылдап алу кезінде кемшіліктерге көз жұма қараған салғырттығының кесірі. 2008 жылы аудан орталығында «Жаңа тұрмыс» шағын ауданы тұрғызылғанда төселген су жүйесінің пластик құбырлары мүлде сапасыз болып шығыпты. Арада төрт жыл өткенде, 2012 жылы бірінші рет сыр бер­ген құбырлар содан бері жыл сайын жұрттың мазасын алып келе жатқанға ұқсайды.

– Жылда жарылатын пластик құбыр­лардың сапасын анықтау үшін «Талды­қорған су құбыры» мекемесінің зерт­хана­сына апарып, тексерттік. Ондағы мамандар су құбырларының стандартқа сай еместігін, сапасы өте нашарлығын дәлелдеп, көзімізге көрсетті. Амал жоқ, дәл қазір оларды ауыстыруға ешқандай мүмкіндік жоқ. Аса ауқымды жұмыс­тарды атқаруға миллиардтаған қаржы мен күш керек. Қазіргі кезде ауылдағы үйлердің барлығына су жеткізу мақса­тында қысымды сәл арттырсақ, құбыр­лар жарыла бастайды. Қысымды азай­туға тағы болмайды. Осы жолы ауыл сыртынан сыйымдылығы 1 мың текше­метрлік су жинақтағышты іске қосқан­быз, соның қысымына шыдас бермей жатыр. Реттеуге, қысымды төмендетуге тырысқанымызбен, оның да өзіндік талаптары мен ерекшеліктері бар. Күндіз-түні осы жұмыстың басы-қа­сында жүрміз. Бір жерін жамасаң, екінші тұсы тесіледі. Бұл неге осылай болып жатыр деп сұрайтын жан жоқ. Құбырлар төселген кездегі заңнама да өзгеше, әкімдер мен жауапты тұлғалар да басқалар болған ғой. Бүгінде аудан орталығын толық қамтамасыз ететін су бар. Тек аязға шыдамай жарылып кет­песін деп түн ортасында жауып, таңғы алтыда қосамыз. Жаңа ықшамаудандағы­ларға, сол жақтағы балабақша, мектеп­терге, әлеуметтік нысандарға су арнайы көліктермен тасымалданады, – дейді Ермек Арынұлы.

Тоқетерін айтқанда, дәл қазіргі кезде жыл сайын тек жөндеуіне ғана миллион­дар жұмсалатын су құбырларын төсеген кезде материалдардың сапасыздығына мән бермеген мердігерлер мен олардың жүрдім-бардым атқарған жұмысын қа­был­дап алған жауапты тұлғаларды табу қиын.

Сондайлардың кесірінен мемлекет­тің қыруар қаржысы желге ұшып, қарапайым жұрт жапа шегуде. Сарыөзек­те қаңтардағы су құбырындағы ақаулар салдарынан сусап отырғандар арасында екі ай бойы арнайы автокөлікпен тасымалданатын таза ауызсуды тұтынып отырған тұрғын үй орамдарында тұра­тын­дар да бар. Күніне бір рет қатынайтын көлікті сарғая күтіп, бос ыдыстың барлығын толтырып алатындар, оны бірнеше күнге жеткізуге тырысады. Көнбістік танытып, «көппен көрген ұлы той» деп отырғандарымен, мемлекет тарпынан қарастырылған қаржыны халықтың игілігіне жарата алмағандарға өкпелері қара қазандай. Екі-үш айда бір соғып, мәдениет үйіне арнайы шақыр­ғандарды жинап алып, «өтірікті шындай, ақсақты тыңдай» қылып, уәдені үйіп-төгетін басшылардың құрғақ сөздері де қажытқандай...

Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.