«AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының араласуымен елімізде пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмысы өз нәтижесін беруде. Мәселен, Шымкент қаласында аталған комиссияның атсалысуымен 603 гектар жер мемлекет иелігіне қайтарылды. Мегаполисте қалалық комиссия былтыр шілдеде құрылды. Осы уақыт аралығында 3 отырысы өтіп, маңызды шешімдер қабылданды. Айта кетейік, шаһар үшінші мегаполис атанған тұста Ордабасы, Сайрам, Төлеби аудандарының біраз бөлігі Шымкент қаласының аумағына қосылған болатын. Ал комиссиясы қайтарған 603 гектар жер Абай ауданына қарасты Көкбұлақ елді мекенінде – Бадам өзенінің бойында орналасқан. Жасыратыны жоқ, елімізде жайылым тапшылығы – өте өзекті мәселе. Бұл ретте, партия өкілдері алдымен осындағы жергілікті тұрғындармен кездесті. Ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бойынша жүргізіліп жатқан жұмысқа тоқталып, жер қатынастары саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Сөйтіп, комиссия жұмысы өз нәтижесін беріп, жер халық игілігіне қайтарылды. Өз кезегінде, ауыл тұрғындары шынайы алғысын білдіріп, ақсақалдар ақ батасын берді. Барлық заң бұзу фактілері туралы 8 800 080 44 41 телефонына хабарлауға болады. Өтінімдер WhatsApp арқылы да +7 700 800 44 41 нөмір бойынша қабылданады. Комиссия жұмысы алдағы уақытта да жалғасады.