Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы Ратбай Мырзақұлов «Әлемдегі ең беделді ғалымдардың 2%» рейтингіне енді. Жыл сайынғы рейтингті Стэнфорд университетінің сарапшылары 2022 жылғы 3 қарашада жарияланған Elsevier ғылыми баспасының соңғы мәліметтеріне сәйкес құрастырған. Стэнфорд университетінің зерттеушілері библиометриялық зерттеу негізінде жыл сайын әлемдегі ең үздік ғалымдардың рейтингін жасайды. Зерттеу екі дерекқордан тұрады. Бірінші рейтингте өз мансабында жұмыстарына ең көп сілтеме жасалған ғалымдар көрсетілсе, ал екіншісінде соңғы жылда жұмыстарына ең көп сілтеме жасалған ғалымдар бар. ЕҰУ профессоры Ратбай Мырзақұлов 2021 жылы ең көп сілтеме жасалған автор және өз мансабында әлемде жұмыстарына ең көп сілтеме жасалған ғалым ретінде қос тізімге де кірді.
«Жұмыстарға сілтеме жасау әріптестердің ғылыми жұмыс нәтижелеріне жоғары баға бергенін көрсетеді. Менің астрофизика, гравитация, космология және солитон теориясындағы ғылыми еңбектерім жоғары дәйексөзге ие болды. Бұл жас ғалымдар үшін жақсы үлгі болады деп ойлаймын», - деп атап өтті ЕҰУ ғалымы Ратбай Мырзақұлов.Сондай-ақ, 2021 жылғы үздік ғалымдар рейтингіне тағы екі қазақстандық ғалым Нұрлан Оразалин және Сәрсенбек Монтаев енді. Номинанттар Scopus дерекқорындағы жарияланым белсенділігі мен авторлардың дәйексөздерінің жоғары көрсеткіштері бойынша таңдалды. ЕҰУ профессоры Ратбай Мырзақұлов - университет жанындағы «Еуразия халықаралық теориялық физика орталығы» ғылыми-зерттеу институтының директоры. 2022 жылы ғалым ғылыми жетістіктері үшін физика және астрономия бойынша халықаралық Scopus сыйлығына ие болды. Қазіргі уақытта ЕҰУ профессоры Ратбай Мырзақұловтың Scopus бойынша Хирш индексі 47-ге тең. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ратбай Мырзақұлов – 400-ден астам ғылыми жұмыстардың авторы, 150-ден астам материалы импакт-факторы жоғары шетелдік журналдарда жарияланған.