«Есікті құлыптамаймыз» – Қазақстанда бірде-бір қылмыс тіркелмеген ауыл бар
«Есікті құлыптамаймыз» – Қазақстанда бірде-бір қылмыс тіркелмеген ауыл бар
Фото: polisia.kz
826
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында ішімдіктен бас тартқан, соңғы жылдары  бірде-бір қылмыс тіркелмеген ауыл бар, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Polisia.kz-тің жазуынша, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Тахтаброд ауылдық округі Ковыльное ауылында ішімдік сатылмайды. Учаскелік инспектор Дәулет Молдахметовтың айтуынша, ауылда 405 адам тұрады. Бірнеше жыл бұрын ақсақалдар ішімдік ішуден бас тартуды ұсынған. Тұрғындар бұл бастаманы қолдады. Соңғы жылдары бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Полицияның арнайы есебінде тұрған ешкім жоқ.    width= Балалар алаңсыз ойнай береді. Түнде көшеде жүруден қорықпайды. Тіпті үйдің есігін де құлыптамайды екен. Ауыл тұрғындарының көпшілігі «Ақселеу» ЖШС-де жұмыс істейді. Кәсіпорын нысандары мен ауылдағы көшелерде жарық және 130 бейнекамера бар. Бұдан бөлек, ішімдіктен бас тарту шараларын жергілікті ЖШС директоры Серік Малаев 10 жыл бұрын бастаған. Ол барлық мерекелік іс-шараларды алкогольсіз ұйымдастыруды қолға алыпты. Ауыл тұрғындары алкогольден бас тарту бастамасын қолдады.
«Көпбалалы отбасыларға барып, интернет-алаяқтықтың және басқа да заң бұзушылықтардың алдын аламыз. Абаттандыру ережелерін сақтау, еркін жайылымды болдырмау бойынша жұмыс жүргіземіз. Алайда, масаң күйде жасалған бірде-бір бұзақылық немесе басқа да құқық бұзушылық тіркелген жоқ», – дейді Дәулет Молдахметов.
Ауылда 20-дан астам жаңа үй салынды. Тахтаброд ауылдық округінің әкімі Аслан Құзғамбаев ауыл жолдарын жөндеу, спортты дамыту жұмысы туралы ерекше атап өтті. Салауатты өмір салты – жарқын болашақтың серігі. «Ақселеу» ЖШС директоры Серік Малаев айтуынша, алкогольден бас тарту елдің бірлігін нығайтады. Бұған дейін Президент ауылдарды дамытуға 1 триллион теңге бөлінетінін айтқан болатын.