Қазақстан – жайылым жер көлемі бойынша әлемде 5-орында. Соған қарамастан шаруалар тарапынан жайылым жер тапшылығына қатысты шағым азайған емес. Осы парадокстан арылу мақсатында маусым айында «AMANAT» партиясы жанынан «Жер аманаты» комиссиясы құрылды. Комиссия құрылғаннан бері 5 ай ішінде өнімді жұмыс істеді. Жоба аясында жоспарланған 5 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды.
Ел аумағының барлық бөлігінде небір қитұрқы әрекеттер арқылы үлкен көлемде заңсыз түрде жер иеленгендер жетіп артылады. Кейбір өңірлерде жекелеген адамдар жүздеген мың гектар жерді заңсыз иемденіп алған. Ал кей компаниялар ұсақ шет мемлекеттердің территориясынан да үлкен жер аумағын алып алған. Мысалы, батыс өңірде бір әкімнің баласы бір өзі 25 мың гектар жерді иеленген. Ал Жамбылда Жер басқармасы, ХҚКО-да жұмыс істейтін жекелеген азаматтар 7-12 гектар жер телімін өз атына рәсімдеп алған. Тіпті, біреуі 4 мың гектар жерді иемденіп кеткен. Осыларға ұқсас мысалдар өте көп. Салдарынан елдегі қарапайым шаруалар үшін жайылым жер аса өзекті мәселеге айналды.
Осы ретте «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы аталған мәселенің шешімін табумен айналысты. Комиссия маусым айында құрылып, заңсыз иемделген және пайдаланылмай бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша белсенді түрде жұмыс жүргізді. Бұл жұмыстар Бас прокуратураның, Ауыл шаруашылығы министрлігінің тікелей атсалысуымен жүзеге асырылды. Оның мақсаты – ұзақ уақыттан бері пайдаланылмаған және заңсыз сатып алынған ауылшаруашылық жерлерін мемлекет меншігіне қайтарып, халыққа әділ түрде бөліп беру. Мұны «AMANAT» партиясының хатшысы Асхат Оралов та түсіндірген болатын.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға және оларды ауыл тұрғындарына қолжетімді етуге тапсырма бергені белгілі. Президенттің қоғамдық тірегі ретінде партия бұл мәселені шешуге атсалысуға кірісіп кетті. Апта басында партия төрағасы Ерлан Қошанов Қасым-Жомарт Тоқаевқа «АMANAT» партиясының қоғамдағы әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған жұмысы, оның ішінде комиссия қызметі туралы да ақпарат берді», – деді Асхат Оралов.Комиссия құрамына партия депутаттары, Бас прокуратура, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, заңгерлер, қоғам қайраткерлері кірді. Олар елдегі барлық өңірдің ауыл тұрғындарымен кездесіп, мәселелерімен танысты. Нәтижесінде, қысқа уақыт ішінде біртіндеп мемлекетке жерлерді қайтара бастады. Мәселен, үш ай ішінде шаруалардың қолына 10 аймақта 1,6 млн гектардан астам жер қайтарылды. Сонымен қатар Қарағанды облысының өзінде ғана 1 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
«Жергілікті тұрғындар үшін жайылым жер мәселесі өте өзекті. Сондықтан ауыл тұрғындарына мұндай комиссия әбден қажет болды. Біз бәрін тексеріп, кейбір олигархтардың жерлерін мемлекетке қайтарамыз. Себебі барлығы заң алдында тең екенін атап өткім келеді», – деген еді «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары, жер мәселелері жөніндегі заңгер Бақытжан Базарбек.Комиссия мүшелеріне Маңғыстау өңіріндегі ауыл тұрғындары да жайылым жерлердің тапшылығына қатысты шағым түсірген болатын. Мәселен, Маңғыстау облысы Таушық ауылының тұрғыны Амангелді Жүнбасов комиссия мүшелеріне мал бағатын жер жоқ екенін жеткізді. Жақын маңдағы жер иелері жергілікті тұрғындарға жайылым жерді пайдалануға рұқсат бермеген. Сондықтан жеке қосалқы шаруашылықтарға арналған жайылымдардың шекарасын кеңейту мәселесі күн тәртібінде тұрды. Нәтижесінде, Маңғыстау облысында комиссия 240 мың гектар жерді халыққа қайтарды. Ал Жетісу облысында көшпелі кеңестің қорытындысы бойынша 41 мың гектардан астам жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылған.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пайдаланылмаған жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға нақты тапсырма берді. Президент бірнеше рет айтқандай, жерді иеленетін латифундистер бар, бірақ олар оны не пайдаланбайды, не басқаларға бермейді. Біздің комиссияның міндеті – осы мәселеде әділдік орнату», – деді партия хатшысы Дәулет Кәрібек.Ақмола облысында да тұрғындар тарапынан бірнеше шағым түскен. Атбасар ауданы Сочинское ауылының тұрғыны Асылхан Тастеміров елді мекенге бекітілген 6 мың гектар жайылымның аздық етіп отырғанын айтты.
«Ауылда 200-ге жуық отбасы бар және барлығы дерлік мал шаруашылығымен айналысады. Адамдар ірі қара мен жылқы өсіріп күн көреді. Сондықтан жайылым мәселесі өте өзекті», – деп комиссиядан үміт күтетінін жеткізген болатын.