Алматыда 9 мыңға жуық бала тұмауға шалдыққан    
Алматыда 9 мыңға жуық бала тұмауға шалдыққан    
Фото: inva.kz
Алматыда тұмау өршіп тұр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова айтты. Оның айтуынша, өткен аптада ЖРВИ жұқтырудың 13 804 дерегі тіркелген. Қалада 8860 бала ауырып жатыр, бұл жалпы науқастанғандардың 64,2%-ын құрайды. Жалпы, эпидемиологиялық маусымда Алматыда барлығы 343 417 ЖРВИ жағдайы тіркелді. «Жүргізілген зертханалық мониторинг барысында Алматыда маусымдық тұмау вирусының үш түрі, оның ішінде екі түрі А (A/H3N2, A/H1N1 pdm09) және В типі айналымда екені анықталды. Тұмау жұқтырып, онымен ауырғандар 2022 жылы қазан айының басында тіркелген. Сонымен қатар, РС вирусы, риновирус, бокавирус және маусымдық коронавирус сияқты тұмауға жатпайтын басқа да ЖРВИ вирустары айналымда бар», – дейді Әсел Тоқанқызы. Тұмаудың барлығы 240 жағдайы тіркелді, оның ішінде, В типінің 119 түрі (49,6%), А/Н3N2 түрі – 3 жағдай (1,2%), А/H1N1-09 түрі – 118 жағдай (49,2%). (2021-2022 жылғы соңғы эпидемиологиялық маусымында А/H3N2 типті тұмаудың барлығы 51 жағдайы тіркелді). Спикердің  айтуынша, тұмаудың алдын алудың ең тиімді әдісі – дер кезінде вакцина алу. Тұмау вирусы жыл сайын мутацияға ұшырайды. Сондықтан тұмауға қарсы вакцинаны жыл сайын эпидемияға дейінгі маусымда (қазан-қараша) тек сол жылы өндірілген вакцинамен бірге алу керек. Вакцинациядан кейін иммунитет 14 күннен кейін қалыптасады және маусым бойы сақталады (1 жылға дейін). Қауіпсіз және тиімді вакциналар қолжетімді және 60 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді. Ол өткен жылы қауіп (тәуекел) тобындағы адамдарды вакциналау үшін жергілікті бюджет есебінен 210 000 доза көлемінде ресейлік өндірістің үш валентті тұмауға қарсы «Гриппол плюс» вакцинасы сатып алынғанын еске салды. Алматы