Ресейде 60 мың Қазақстан азаматы жұмыс істеп жүр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат. Парламент Сенатында жұмыс күшін тарту тақырыбына арналған кеңесте депутат Бақытжан Жұмағұлов Қазақстанның қанша азаматы шетелде жұмыс істеп жүргенін сұрады. Біржан Нұрымбетов Ресей Федерациясында жұмыс істеп жүргендердің нақты есебі жоқ екенін жеткізді. «Ел азаматының шетелде жұмыс істеуі үшін мемлекеттен рұқсат сұрауы міндетті емес. Сондықтан оны шекарадан асқанда, яғни кетіп бара жатып берген жауабынан ғана білуге болады. Олар жұмысқа немесе қонаққа бара жатқанынан айтады», - деді ведомство басшысы. Сонымен қатар, министр Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде қанша Қазақстан азаматы еңбек етіп жатқанын айтты. «ЕАЭО-дағы мәлімет бойынша, бес елдің ішкі істер министрліктерінің деректеріне қарағанда, Арменияда Қазақстанның 15 азаматы, Беларусьте – 229, сондай-ақ Ресейде 60 246 азаматымыз жұмыс істеуде. Ал Қырғызстан тиісті мәліметті бермеген», - деді Б. Нұрымбетов.