Активті қайтару – әділдіктің алғашқы қадамы
Активті қайтару – әділдіктің алғашқы қадамы
© коллаж: Елдар Қаба
509
оқылды
Кең-байтақ қазақ жерінің әр өңірі ен байлыққа ие, қойнауы қазынаға толы. Ұқсатып, ұтымды жарата білсе, ол әрбір қазақстандықтың бақуатты өмірінің бастауына, аста-төк ауқатының қайнарына айнала алады. Осы орайда Президент бастамасымен бұқараның тұрмысын жақсартуға, мемлекеттің ресурсын молайтуға үлес қосатын маңызды шара қабылданып жатыр. Ол елге тиесілі активтерді талан-тараж қылған олигархаттың қолды еткенін кері қайтаруды қарастырады. Әр қадам заңға бағынса игі Бұл тарихи бетбұрыс «Қа­сіретті қаңтар» оқиғаларынан соң жасалды. Алдымен, 2022 жылғы 11 қаңтарда Мәжілістің отырысында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев жеке­леген қаржылық-өнеркәсіптік топтардың капиталды шетелге әкетуі мәселесін ашық айтты. Бұл үшін олардың жалған мә­мілелер жасасатынын нұсқады. Ел Президенті тіпті белгілі бір тұлғалардың есепшоттарында «ірі қозғалыстар тіркелгенін» ескертті. Қажылық мониторинг агенттігіне, Ұлттық банкке, қар­жылық реттеушіге оған тосқауыл қою шараларын күшейтуді тап­сырды. Ізінше, 8 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мем­лекет басшысы Үкіметке ше­телге заңсыз шығарылған қара­жаттарды және жатжұрттарда сатып алынған активтерді елге қайтару жөнінде 2 ай мерзімде ұсыныстар енгізуді жүктеді. Осы кезеңде құзырлы органдар ха­лықаралық тәжірибені зерделеді, басты, қажетті ұйымдас­тыру­шылық шешімдерді түзді, құ­қықтық негіздерді, заңнамалық актілерді пысықтады. Ал 5 маусымда Президент №908 Жарлығымен Экономи­калық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомс­тво­аралық комиссияны (ВАК) құр­ды. 10 маусымда оның отырысын өткізген Қ.Тоқаев «халық бос уәде емес, нақты нәтиже күте­тінін» нықтады.
– Біздің мақсатымыз – ай­қын. Халықтан ұрланған актив­терді елге қайтарып, әділдік ор­натуымыз керек. Барлық іс-әрекет құқықтық нормаларға толық сай болуы және заңға қатаң әрі мүлтіксіз негізделуі тиіс. Бұл мәселеде қателесуге және біліксіздік танытуға бол­майды, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Осы бағытта тиісті жұмыстар жалғасуда. Кеше Үкімет заңсыз шы­ғарылған активтерді мемлекетке қайтару туралы арнайы заң жобасын қарады. Осы күні Премьер Әлихан Смайылов Президент Әкімші­лігінің, орталық мемлекеттік орган­дардың, Ұлттық банк пен Бас про­куратура басшыларының қатысуы­мен Экономикалық саясат жөнін­дегі кеңестің отырысын өткізді. Қатысушылар Президент қойған міндеттерге сәйкес әзірленген елден заңсыз шығарылған активтерді мем­лекетке қайтару туралы заң жо­басын қарады. Құжатта активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен алғы­шарттарды жоюға, активті ерікті түрде қайтаруды ынталандыруға немесе мәжбүрлі түрде қайтару бастамасын көтеруге және басқа­сына бағытталған нормалар қа­растырылған. Заң қабылданса, салада бірқатар жаңашылдық болғалы тұр. Мысалы, нақты тізімге алынған тұлғалардың жиған байлығы, жұмсаған шығыны бақылауға алынбақ. Үкіметтің ха­барлауынша, уәкілетті органдардың мәліметтерін талдау қорытын­ды­сына сүйеніп, Активтер туралы ар­найы декларация тапсыратын тұлғалардың шектеулі тізілімін құру жоспарланды. Егер активтердің иесі оның шығу тегін, яғни заңды түрде тапқанын растай алмаса, онда активтері «заңсыз сатып алынған» деп танылады және тәркіленіп, мемлекеттің кірісіне айналады. Осылай түсетін активтерді Қа­зақстан халқының әл-ауқатын арт­тыруға бағытталған жобаларды қар­жыландыруға пайдалану көз­делген. Әрине, бұл ХХ ғасыр басын­дағы байлардың дүние-мүлкін жаппай кәмпескелеу сияқты кеса­паттың кебін құшпауы тиіс. Басты мақсат – әділдік. Сондықтан Ми­нистрлер кабинеті заң жобасын асығыс мақұлдауға бармады. Үкімет басшысы Әділет министрлігіне ай­тылған ескертулерді назарға алып, заң жобасын пысықтауды жалғас­тыруды тапсырды. Мемлекет осы арқылы прези­денттік бастаманың заңды негізде­рін қалыптастыруға да баса мән берді. 2022 жылғы 26 қарашада ел Президенті «Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жө­ніндегі шаралар туралы» Жарлық қабылдады. Құжатқа сәйкес, әл­гінде айтылған, Әділет министрлігі кемеліне келтіріп жатқан заң жо­басы Парламент қарауына биылғы 31 наурызға дейін енгізілуі тиіс. Бұл кезде 19 наурызда сайланатын жаңа Мәжіліс жұмысқа кіріседі. Қайтқан қаржы құйылатын қор құрылады Заң күшіне енген соң заңсыз шығарылған активтерді жинақтай­тын және оларды Қазақстан халқы­ның әл-ауқатын арттыруға бағыт­талған әлеуметтік және экономи­калық жобаларды қаржыландыру үшін басқаратын арнаулы Мемле­кеттік қор құрылады. Үкімет Бас прокуратурамен, Ұлт­тық қауіпсіздік комитетімен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен басқа да мүдделі органдармен және ұйымдармен бірлесіп, 2023 жылғы 31 наурызға дейін заңсыз шығарылған актив­терді қайтару мәселелері жөніндегі бөлек консультативтік-кеңесші ор­ганды құрады. Жаңа заңда біріншіден, құқық қатынастарының субъектілері, яғни кімдердің жиған-тергені тексері­летіні анықталады. Екіншіден, заң­сыз шығарылған активтердің шығу тегін ашу, растау және оларды қай­тару тетіктері регламенттеледі. Үшін­шіден, активтерді қайтару рә­сімдерінің ашықтығы қамтамасыз етілуі шарт. Төртіншіден, заңсыз мүлікті мемлекетке өз еркімен бе­руді ынталандыру тетіктері ұсыны­лады. Бесіншіден, активтерді заң­сыз шығаруға ықпал еткен себептер мен шарттарды жоюға бағытталған жүйелі шаралар қабылданады.
«Қазақстан Президенті мемле­кеттік қызметтегі жаңа адам емес, тәжірибелі, тісқаққан, сыралғы сая­саткер. Аппараттық астыртын ойындарды жақсы біледі. Сон­дық­тан ол жауапты шенеуніктер тап­сырмаларды көз қылып орындап, жұмыстың имитациясымен елігіп кетпеуі, толыққанды іс тынды­ры­луы, нақты өзгерістер болуы үшін алғышарттар түзді. Ол комиссияның міндетін әу бастан айқын белгіледі: «бастысы – сотқа берілген қылмыс­тық істердің саны емес, экономи­каның нақты сауығуы». Президент Тоқаев қазақстандықтарға уәде еткен жүйелі жаңғыруларын жүзеге асыруда бірізді, кешенді түрде қозғалып келеді. Талаптың жоғары, сұраудың тұрақты болатынын тү­сінген атқарушы органдар да тиім­ділік мәселесіне барынша мұқият мән беріп отыр», – деген пікір біл­дірді саяси шолушы, Кәсіби саяси кеңесшілер қауымдастығы өкіл­ді­гінің басшысы Ассоль Мирманова.
Алда асқарлы асулар жатыр Ведомствоаралық комиссия (ВАК) жұмысының алғашқы нәти­желері өткен жылдың бірінші жар­тысында көріне бастады. Был­тырғы маусымда мемлекетті «Қа­зақстан» санаторийіне деген мен­шік құқы­ғынан айырып, 12 мил­лиард теңге тұратын бұл активті «Халық банкі» АҚ-ына бергізген сот актісіне Бас прокуратураның қарсылығы қа­нағаттандырылды. Сорақысы сол, қайтарылмаған кре­диттің сомасы мемлекеттік ак­тив құнынан 6 есе аз, 2,6 млрд теңге ғана болыпты. Бұрын әлдебір себеппен тәркі­ленбей қалған объектілерге түгендеу жұмыстары басталды: арасында қымбат тұрғын үйлер, коммер­ция­лық жылжымайтын мүлік, кәсіп­орындар, жер учаскелері сияқты 36 нысан бар. Мемлекеттік орган­дар­дың бастамасымен Виктор Хра­пуновтың отбасына тиесілі, Шығыс Қазақстанның ең шырайлы жер­лерінде орналасқан 8 жер учаскесін тәркілеу туралы атқару өндірісі қозғалды. Алматыда белгілі бір олигопо­лияға «Барыс-4» ірі көтерме база­рындағы мемлекеттік үлесті өз құ­ны­нан 5 есе арзанға сату фактісі әш­кереленді. Шілдеде мәмілені бұзу мақсатында сотқа талап арыз енгі­зілді. Қазан айында базар мем­лекеттік меншікке қайтарылды. Бұған дейін Үкіметтің жеке қау­лысына сәйкес, жеке фирмалардың меншігіне 629 теміржол телімі тегін өтіп кеткені де мәлім болды. Бұл тасымалдаушыларға арналған та­риф­тердің 10 есе өсуіне соқтырған. Сол ағат шешімнің салдарларын жою шаралары қабылданды: кір­межол және магистральді теміржол­дардың көбі мемлекетке оралды, қал­ғандары бойынша ревизия жалғасуда. Демонополизация аясында бі­раз майшелпек кәсіпорынның акциялары мен ақшалай активтері мемлекетке кері тапсырылды, олар­дың қатарында «Қазақтелеком» АҚ (28,75%), «Центр Транспортного Сервиса» АҚ (100%), «Акмолит» ЖШС (100%) және басқалары бар. Осы активтердің құны шамамен 200 миллиард теңгеге барабар екен. Бас прокуратураның дерегінше, комиссия жұмысқа кіріскелі бергі 6 айда 631 миллиард теңгеге тең кө­лемде шетелге заңсыз шығарылған актив мемлекетке қайтарылды. Ве­домствоның дерегінше, осы сома­ның 421 миллиард теңгесі қылмыс­тық істер аясында шығынды өтеу түрінде орны толтырылды. Таратсақ, 314 млрд теңге – ақшалай түрде, ал 107 млрд теңге – асыл тастар, атын, басқа бағалы металдар түрінде мем­лекетке алып қойылды. Қылмыстық қудалау аясында 400 миллион дол­лар қаражат шетелден қайтарылған екен. Аты аталмаған, бірақ бұрынғы билікке жақындығын пайдаланып, заңсыз байыған бір тұлғадан 2,5 миллиард теңге тәркіленіпті. Бас прокурорының бірінші орынбасары Тимур Тәшімбаев Президенттің тапсырмасымен заңсыз алынған активтерді қайтару және олигополиялармен күрес жалғасқанын жеткізді. Мұның сыртында құзырлы ор­ганның күш салуымен, олигопо­лиялар иелігінен құны 6,5 миллиард теңгеден асатын 398 мың гектар те­лімі алып қойылды. Бас проку­рату­раның қарсылығына орай Жо­ғарғы сот бұрындары олигархтардың мүддесі үшін шығарылған 17 сот актісінің күшін жойыпты. Бұл 600-дей теміржолды, кірме теміржол­дарды мемлекет меншігіне қайта­руға, олар арқылы өту үшін тариф­терді төмендетуге мүмкіндік берді. Бұл ретте пәрменді комис­сия­ның тегеурінді түрені түсе қоймаған бұдан да кең өріс «мұрты бұзылмай» жатқаны жасырын емес. Бас про­куратура Антикормен бірлесіп, жер қойнауын пайдалану ісінің барлық сатысында заң бұзылатынын анық­тады. Мемлекеттік жер қойнауын бас­қару бағдарламасында мәлі­меттер бұрмаланған. Қоры нақты­ланған және игеруге дайын тұрған кенорындарына барлау жұмысын жүргізуге 143 лицензия мен келі­сім­шарт заңсыз берілген. Әкімдіктер­дің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпо­рациялары құнды пайдалы қазбасы бар 87 кенішті заңсыз алған: олар тендер өткізбей-ақ, сол кеніштерді өздері қалаған жеке компанияларға су тегінге берген. Үкімет заңсыз ұсынылған кенорындарды мемлекет меншігіне қайтару шараларын қолға алып жатыр. Яғни, бұл бағыт­та да жұмыс ауқымы ұлан-ғайыр. Үкіметтің дерегінше, энер­гетика, теміржол, телекомму­ни­кация сияқты салаларда 11 шешуші компанияны мемлекеттің меншігіне қайтаруға қол жеткізіліпті. Комис­сия тағы 26 компанияны ел иелігіне оралтуға жұмыс жасап жатыр. Заңсыз алынған активтерді қай­тару, демонополизациялау ба­ғытындағы президенттік бастаманы жүзеге асыру аясында 2022 жылғы 11 айда бюджетке қосымша 900 мил­лиард теңгеден астам түсім түсіпті. Тоқаевтың бұл тапсыр­ма­сының тағы бір мультипликативті әсері болған: ол 2022 жыл қорытын­дысында ЖІӨ-ге шаққанда көлеңкелі экономи­каның үлесін 19%-ға дейін төмен­детуге ықпал еткен көрінеді. Ауыл шаруашылығы министр­лігі 2023 жыл соңына дейін агро­алпауыттарға заңсыз берілген тағы 5 млн гектар жерді қайтару тап­сырмасын орындауға кірісті. Бір­қатар жеке компанияның меншік иелерінен 145 кірме теміржолды республика меншігіне өз еркімен беру туралы ұсыныстар түскен. Оларды кері қабылдау рәсімдері жүргізілмек. Бұдан бөлек, комиссия мұнай-газ саласының кейбір ин­фра­құрылымдық нысандарды мем­лекет меншігіне қайтару жұмысын ілгерілетеді. Яғни, Президент бастамасы мем­лекеттің алдына жауапты, ау­қымды, салмақты жаңа міндеттер қойып отыр.