АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өткен қысқы Универсиада ойындары аяқталды. Әлемнің 50 елінен 1 400-ден астам студент-атлет қатысқан сында 86 жүлде сарапқа салынды. Байрақты бәсекеде ел атынан 78 спортшы бақ сынап, 11-орынға тұрақтады.
Екі жылда бір ұйымдастырылатын жарыс 2021 жылы Швейцарияның Лозанно қаласында өтеді деп бекітілген-ді. Алайда коронавирус салдарынан Универсиада ойындары кейінге қалды. Осылайша, 31-ші қысқы Универсиаданы АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласы қабылдады.
Жалпы қорытынды бойынша Универсиадада бірінші орын 48 медалі бар Жапонияға бұйырды. 29 медальмен Корея екінші орын алса, үшінші орынды Канада иеленді (13 медаль).
«Біздің студенттік құрама қысқы Универсиадада керемет нәтиже көрсетті. 11 отандық жоғары оқу орнынан 78 спортшы 10 спорт түрінен жарысып, 11 медаль жеңіп алды. Биатлоншылар екі алтын, күміс және қола жеңіп алды. Трамплиннен секірушілер де жақсы өнер көрсетіп, отандық құраманың қоржыны тағы бір алтын және күміспен толықты. Біздің шорт-трекшілер мен шаңғышылар да ерекшеленді. Сондай-ақ, шайбалы хоккей командасын ерекше атап өткім келеді. Олар топтық кезеңде үздіктердің қатарында болды. Ал қола үшін сайысты Универсиада көшбасшылары – жапондықтарды жеңді. Барлық жүлдегерлерді жеңістерімен құттықтаймын», – деп атап өтті министр Саясат Нұрбек.
Тарқатып айтар болсақ, ел құрамасы үш алтын, төрт күміс, төрт қола медаль еншіледі. Биатлоншы Вадим Куралес доданың үшінші күні жарыс жолына шығып, алғашқы алтынды жеңіп алған еді. Тағы бір биатлоншымыз Бекентай Тұрлыбеков 10 шақырымдық спринтте үздік нәтиже көрсетті. Александр Мухин болса аталған спринтте қола медаль еншіледі.
Шаңғымен секіру жарысына келсек, Данил Васильев қалыпты трамплинде шаңғымен секіру бойынша алтын алып, Универсиада чемпионы атанды. 257,3 ұпай жинаған ол австриялық екі қарсыласы Максимилиан Линчер мен Тимон Паскаль Кахоферді қапы қалдырды.
Биыл шорт-тректегі жетістікпен басталған жыл жалғасын тауып, Лейк-Плэсидтен де бос қайтқанымыз жоқ. Құрама екі күміс еншілеп, ел қоржынын еншіледі. Аралас эстафета бойынша Яна Хан, Мәлика Ермек, Алина Әжіғалиева, Әлішер Абулкатимов, Әділ Ғалиахметов және Еркебұлан Шамұқанов бақ сынады. Ал ерлер құрамасы сапында Санжар Жанысов, Антон Хван, Әлішер Абулкамитов, Әділ Ғалиахметов, Еркебұлан Шамұқанов және Валерий Клименко қатысып, күміс тұғырдан көрінді.
Шаңғы спортынан алты спортшы ел намысын қорғады. Соның ішінде Ксения Шалыгина жүлдеге ие болды. Шаңғышы қыз қоладан алқа тақты. Мұнымен тоқтамай ол командалық сында Айша Рақышева және Надежда Степашкинамен бірге топқа түсіп, мәре сызығына үшінші болып жетті.
Осы Универсиада ойындары кезінде хоккейшілердің тыңнан түрен салғаны бар. Топтық кезеңде көш бастап, тек АҚШ-қа жол берді. Қола жүлде үшін бәсекеде жігіттер жапон хоккейшілерін 8:1 есебімен жеңіп, қоржынға кезекті қоланы салды.
Есте болса, Қазақстан құрамасы 2017 жылы Алматыда өткен қысқы Универсиада да үздік нәтиже көрсетті. Барлығы 38 медаль еншілеп, жалпы есепте екінші орын алды. Мәселен, биатлон бойынша спортшылар 3 алтын, 3 күміс, 2 қола жүлде алды. Шаңғы спортынан 5 күміс, 2 қола медаль жеңіп, мерейіміз тасыған-ды.
Ал келесі қысқы Универсиада ойындары 2025 жылы Италияның Турин қаласында өтеді. Айта кетерлігі, аталған қалада Универсиада жалауы үшінші рет желбіремек. 1959 жылы және 1970 жылы жазғы дүниежүзілік Универсиада, 2007 жылғы қысқы Универсиада өтті.
Айбике ЖАНАСЫЛ