Жылыжай иелері жыларман күйге түсті
Жылыжай иелері жыларман күйге түсті
572
оқылды
Биылғы қыс елдің оңтүстік өңір­лері тұрғындарына да оңай тимеді. Әсіресе, жылыжай шаруашылығымен айналысатын шаруалар шаш етектен шығынға батты. Жалпы, Түркістан өңірі Қазақстан бо­йынша жылыжайдың отаны саналады. Елі­міздегі негізгі жылыжайлар да осы ай­мақта. Өкінішке қарай, кешегі апталар­дағы үскірік аяз жылыжай шаруашылығына едәуір әсер етті. Дайын өнімнің басым бөлігі көмір тапшылығынан үсіп қалса, қалың қарды көтере алмаған жылыжай­лардың төбесі опырылып жатыр. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген шаруалар абдырап-ақ қалды. Көмір тапшылығы, қала берді оның бағасының күрт қымбат­тауы диқандардың ашу-ызасын тудырды. Олай болатын жөні де бар. Түркістан об­лысының Сарыағаш, Келес, Арыс, Шар­дара аудандары мен Шымкент қаласындағы шаруалардың көбі қазір дайын өнімді жинап алып қоқысқа төгуге мәжбүр.
Шымкент қаласында 3 гектар жылы­жайы бар «Зәуре» шаруа қожалығының бас агрономы Мерей Терлікбаев жоспар бойынша 1 200-1 300 тонна өнім алу керек болғанын айтады. Үсіктен аман-есен қалғаны 250 тоннадай ғана. Қалғанын түгелдей үсік ұрған. «Енді мына жарамсыз болып қалған қызанақтың барлығын жинап шығарып тастап, қайтадан егу керек болып тұр. Жылыжайды қайта жөндеу де қалтаға салмақ салғалы тұр», – дейді бас агроном. Ал жылыжай басқарушысының көмекшісі Серік Мұстафаев көмірдің қызуының төмендігін жылыжайға қажетті температураны бере алмағанын айтады. «Жылыжайдың жарты бөлігіндегі құбырға мұз қатып, жарылған. Тағы төрт қазан­дықтың екеуі істен шыққан. Енді қызанақ­тарды көк түйін күйінше сұрыптап жинап алып жатырмыз. Қораптарға жинап, қы­зар­тып, болмашы қаржы болса да сатамыз. Оның өзі коммуналдық шығындардың бір бөлігіне жетсе дұрыс болар еді», – дейді Серік Мұстафаев. Осылайша, банктен несие алып бизнес бастаған серіктестік миллиондаған теңгеге шығынға батты. Ал сарыағаштық шаруа 2 гектар жерді жалға алып, қияр еккен екен. Қиярдан 2-3 ай бойы өнім алуға мүмкіндік бар. Есесіне, соған сай пісіп-жетілем дегенше қиярдың шығыны да, жұмысы да көп. Тәуекелге бет буған «Абжаппар» шаруа қожалығының төрағасы Нұрсұлтан Қуанышбаев биыл өзінің 50 соттық жеріне қосымша жұмысы тоқтап тұрған 2 гектар жылыжайды жалға алған. Оған жыл сайын 22 млн теңге төлеуі тиіс. Өнім шықса едәуір пайдаға кенеліп, біраз жыртығымды жамасам деген ой болған екен. Қалтасындағы бар қаржысын құйып, іске кіріскен. Өкініштісі, күзде арагідік «биыл көмір тапшылығы болып қалады-ау» деген сыбысты естісе де, қаржысы болмай көмірден қор жинамапты. Оның үстіне, оңтүстіктің жыл сайынғы жаймашуақ қысына да сеніп қалса керек. Алайда, қыстың аязы бүйірден бірден қысқанда диқан амалын таппай әуре болған. Көмірдің бар-жоғы 5-6 сағатқа жететінін көрген соң едел-жедел іске кірісіп, пісіп тұрған қиярдың бірінші өнімін жинап үлгереді. Алайда табыс таппақ түгілі, кеткен шығын да өтелмей қалған. Яғни, екінші, үшінші терімге жетпей өнімнің сабағы үсіп кетіпті. «27 қыркүйекте көшет күйінде отырғыз­ғанмын. Жоспар бойынша өнім 5-10 ақпанда толық пісіп, жинап алуым керек болатын. Алайда мына жағдай бәрімізді абдыратып тастады. Бұрын көмір тапшы­лығы болған емес. Тамыз айында-ақ қатты отынды тасымал­дау­шылар алда көмір жетіспеушілігі болуы мүмкіндігін айтты. Тіпті, әкімдік жиын­дарда да айтылды. Бі­рақ қор жинай алмай қалдық, бар ақшамды егінге салдым. Енді 16-17 млн теңге көле­мінде шығынға батып отырмын. Тез ара­да жылыжайды түгелдей тазалап, 1 аптаның ішінде қайта егін бас­тауым керек. Алайда дәл қазір көмірім жоқ», – дейді диқан.
Жуырда әлеуметтік желіде көмір тап­шы­лығына байланыста «Сарыағашта на­разылық болып жатыр» деген бейнеролик тарады. Бірақ сарыағаштық шаруалар онда наразылық емес, көмірге талас болғанын жеткізді. Шаруа Нұрсұлтан Қуанышбаев­тың айтуынша, бүгінде өңірдегі көмір сата­тын 3 нүктедегі баға 3 түрлі. Бағаны реттеу мекемесі тарапынан тоннасы 17 мың 700 теңгеден сатылуы керек деп белгі­ленген. Алайда сатып алушыларға көмір жоқ деп жіберіп, артынша шақырып алып «егер қатты керек болса 25-30 мың теңгеден тауып береміз» деп жүргендер көп. Қысқасы шаруалардың басына іс түскенін пайдаланып қалғысы келетіндер ел арасында наразылықты күшейткен. Осылайша, қатты отыннан қысылғандар жаңадан түсіп жатқан көмірге таласып, соңы айқайға ұласқан. жылыжай Сарыағаш ауданында тұрғындар тұтынатын табиғи газ бар. Бірақ халыққа жеткіліксіз болғандықтан жылыжайларға табиғи газды пайдалануға тыйым салынған екен. Сондықтан сарыағаштық шаруалар­дың күні көмірге қарап қалған.
Аталған мәселе бойынша облыс әкім­дігі жиын өткізіп, жауаптыларға тапсырма беріп-ақ жатыр. Дегенмен, болар іс болды, оның алдын алмаған соң ендігісі оларға көмек беру ғана. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қарамағындағы қызметкерлеріне шүйлігіп, жауаптылардың жазаланатынын да ескертті. «Жылу беру маусымына 100 пайыз дайынбыз деген ақпарат бердіңіздер, бірақ ол деректеріңіз шындыққа жанаспайды. Тиісті жұмыстар өз деңгейінде жүргізілмеген. Облыстар мен қалаларға көмір жеткізу мәселесі шешіл­меген. Салалық басқармалар мен облыс­тар­дан жиналған жанар-жағармай туралы мәліметтер де дұрыс емес. Осы салаға жауапты орынбасарыма, энергетика басқармасына, Кентау қаласының әкім­дігіне ішкі аудит жүргізуді тапсырамын», – деді өңір басшысы жиында.
Сондай-ақ облыс әкімі осы салаға қол­дауды күшейтіп, жаңа жобаларды жүзеге асыруды тапсырды. Қаңтар айында ауа райы -22 градусқа дейін төмендеп, қар қа­лың түскенін, жеке жылыжай шаруа­шылық­тары тиісті көмір қорын жинап үлгере алмай қыс мезгіліне дайын болмай шыққанын атап өтті. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі бүгінде облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес шұғыл іс-шаралар атқарылып, 591 гектар (1058 агроқұрылым) жылыжайларға қыс маусымына 200,8 мың тонна көмір отыны қажеттілігі анықталып, «Қазақстан темір жолы» АҚ арқылы 186,7 мың тонна көмір отыны облысқа жеткізілгені туралы ақпарат берді. Жалпы, жылыжайлардың 94 пайызы фермерлік қолдан жасалған жеңіл кон­струк­ция­лы жылыжайлар болғандықтан өнімдерін үсік шалған. Оның ішінде 167 тауар өндірушінің 36 гектар жылыжайы қар салмағын көтере алмай жарамсыз күйге түскен. Осылайша, жеке кәсіпкерлер қаржылық шығынға ұшырап отыр. Әкімдік тарапынан жылыжай иелері мүлкіне келтірілген нұқсан жөнінде акті ұсынылған жағдайда қаржы ұйымдары алдындағы берешектерінің (несие қаржы) өтеу мерзімдерін 1 жылдық мерзімге кейінге шегеру жөнінде ұсыныстар жол­данбақ. Сондай-ақ зардап шеккен жылы­жайларға қаржы ұйымдары арқылы жеңіл­детілген несие мен қамтамасыз ету жұ­мыстары жүргізіледі. Айта кетейік, жылыжай шаруашылық­тарын дамытуда Түркістан облысы еліміз бойынша алдыңғы қатарда. Жалпы, рес­публикадағы жылыжайлардың 71 пайызы дәл облыстың үлесіне тиесілі. Өкініштісі, осынау шығын тек жылыжай иелерін ғана емес, шаруашылықта жұмыс істеп, нәпа­қа­сын тауып отырған жүздеген жұмысшы­ны да тұралатқан. Бұл мәселе жылыжай иелері үшін «жау жағадан алғанда, бөрі етектен аладының» кері болғалы тұр...

Түркістан облысы