Вундеркиндті бесігінен таны
Вундеркиндті бесігінен таны
Жақында төрт жасар математик Ислам Көпбай мен 190-нан астам елдің туын жатқа білетін Ерген Дүйсенбек көпті тәнті етті. Вундеркинд балаларды ел қолпаштап, түрлі бағдарламаға шақырып жатыр. Осындайда кішкентай баланың білімге ынтасын жоғалтпай, ары қарай талпыну жайы ойға оралады. Өйткені жастайынан жалындағандардың арасында көп өтпей сөніп қалатындары бар. Расымен, дарынды бала тәрбиелеу оңай ма? Болар бала... Ата-аналардың айтуынша, вундеркинд баланы тәрбиелеуден бұрын, тану көп уақыт алады. Мәселен, Ерген Дүйсенбектің анасы баласының екі-үш жасынан бастап тулардың түсін ажыратуға, аңсары ауғанын айтады. Бірақ бұған аса мән бермеген. Уақытша қызығушылық білдірген. Төрт жасқа толғаннан бастап, бірнеше мемлекеттің туын анық айтып, сұрақтары түрлене түскен. Содан бастап ата-анасы баланың бойында ерекше қабілет барын байқап, дамытуға ден қойған.
«Бастапқыда Қазақстан мен Ресейдің туын анық ажырататын. Қалада кетіп бара жатсақ, биікте желбіреп тұрған көк туымызды көрсетіп, ерекшелігін сипаттайтын. Телефонды қолына ала қалса, Whatsapp-тан әкесіне сондағы тудың суреттерін жіберіп, аудиохабарлама арқылы атап шығатын болды. Кейіннен кітап­тан да, смартфоннан да әртүрлі жерді, туды қарай­тынды шығарды. Бізге «маған әлемдегі барлық елдің туын сатып әперіңдер» дейтін. Біз мұны қызығушылық деп түсіндік. Атрибутты әпергенімізше, пластелиннен әр мемлекеттің туын жасап, қағазға суретін салды. Мұны арна­йылап жинап қойдық. Қазір жалаушаларды ал­ты құрлыққа бөліп орналастырады. Төрт жа­сы­нан бастап ерекше дарынды бала екеніне толық көзіміз жетті», – дейді Мәншүк Қойлы­байқызы.
Ерген бұрын елордадағы №45 мектепте оқыған. Осыдан үш апта бұрын «Зерделі» ха­лықаралық мектебіне грантқа оқуға түскен. Арнайы тапсырған тесттен мүдірмей өткен. Анасының айтуынша, алғашында таңғы 8-ден кешкі 5-ке дейін мектепте жүруге қиналған. Оның үстіне шахмат, каратэ, домбыра үйірмесіне бара­тыны тағы бар. Бармайтынын айтып, қиғы­лық салған кезі де болған. Бірақ қазір үйренісе бастаған.
«Маңыздысы, вундеркинд баланы тану мәселесі. Мәселен, дарынды балалардың өзіне тән мінезі болады. Энергиясы бөлек. Мұғалімдерге жақпай қалатын, тынышсыз келетін мінезі бары көп кездесті. Танудың жолына келсек, біздің мектепте арнайы тест бар. 3-4 сынып пен 5-6 сынып оқушыларына «Алтын сақа» олимпиадасын өткізіп жүрмін. Баланың қасиетін анықтайтын ерекше тест деуге болады. Соның арқасында қаншама мықты баланы анықтадық. Жалпы, кішкентай кезінде көзге түскен дарынды балалардың кейіннен жалыны сөніп жатады. Осындайда мектеппен қоса ата-ананың да рөлі маңызды. Ата-аналар дамыту мақсатында дарынды балаларға арналған мектепке береді. Мектептің өзін алып қарасаң, елордада бір мектепте үш-төрт мың оқушы білім ала­ды. Байқағаным, ата-анасы баласына көңіл бөліп, ынтасына мән берсе, дамытса, бала көп же­тістікке жетеді», – дейді «Зерделі» халық­аралық мектебінің негізін қалаушы Рыс­бек Мәуіт.
Ал нейропсихолог Айнұр Алдаштың айтуынша, вундеркинд баланың ерекшелігі 10 жасына дейін анық байқалады.
«Негізінен, вундеркинд баланың ата-анасының да интеллекті жоғары болады. Мәселен, интеллект тұрғысынан келгенде шахматшы қыздардың ата-анасы жай адамдар емес. Вундеркинд балалардың оператив есте сақтау қабілеті өте жақсы дамыған. Байқағаныңыздай, ту мен мемлекет атауын оңай есіне сақтайды. Тағы бір ерекшелігі, мида реакция беру жылдамдығы да өте жоғары. Айта кетерлігі, бала бір жағынан мықты болса, екінші жағы ақсап жатады. Мысалы, есепті жақсы шығарғанымен, коммуникация жағы әлсіз болуы мүмкін. Бұл – табиғи заңдылық. Яғни, «менің балам гений, вундеркинд» деп өмірін тек музыкаға, шахматқа, математикаға байлап қоюға болмайды. Ата-ананың міндеті, баланы жан-жақты дамыту керек. Ең алдымен, оған коммуникацияны үйретіңіз. Оның бос уақыты, ойын ойнауы, достарына арнайтын уақыты болғаны жөн. Балалық шағын тартып алудың қажеті жоқ. Ата-ананың қателігі бала бойынан артықшылық байқай қалса, соны түбіне дейін дамытқысы келіп тұрады. Олай жасаудың қажеті жоқ. Баланың қабілетінен бөлек, өзге де хоббиі болғаны дұрыс», – дейді Айнұр Алдаш.
Ата-анаалғашқы тәлімгер Ал балалар психологы Серікгүл Салидың пікірінше, сегіз түрлі бағыт бойынша баланың талантты екенін анықтауға болады. Соның ішінде төрт типті ақыл мен интеллектке ие деп айтамыз. Жаңа туған балалардың 16 пайызы не ақылға, не интеллектке ие. Не болмаса екеуіне де ие. Көбінесе, аталған балаларды вундеркинд деп атайды. Психологтың айтуынша, көзі қырағы ата-ана болса, баланың талантын оңай таниды. Соған сай үш-төрт жасында балаға көңіл бөліп, дамыту керек. Сұранысқа сай ішкі дүниесін толтыру керек. Көбінесе аталған балаларды топтың ортасына салып, арнайы мектепке беру керек. Сонда ғана талапқа сай дамиды. Ондай болмаған жағдайда қарапайым мектепте жалығады, қызықты жаңа ақпарат ала алмай оқуға құлқы жоғалады.
«Ата-ана өзін дамытып, тәрбиелеумен айналысуы керек. Баланың сұрағына білім-ғылым жағынан сауатты жауап бергені жөн. Өзі жауап бере алмаған жағдайда қолынан жетектеп, тәлімгерге тапсырғаны дұрыс. Балаға тәлімгерді дұрыс таңдап, танымын арттыру қажет. Байқасаңыз, әлемде вундеркинд балалардың алғашқы тәлімгері – ата-анасы. Сондықтан ата-ананың белгілі бір салада қыры болса, негізін бала бойына сіңіру қажет. Яғни, үш-төрт жасында баланы дамытуға ден қойып, өзінде бар тәжірибені балаға беру маңызды», – дейді психолог Серікгүл Сали.
Ерген Дүйсенбек Осы орайда Рысбек Мәуіт дарынды баланы шыңдауға қатысты қызықты оқиғасымен бөлісті. Бұрындары оқытушы дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебінде жұмыс істеген. Жүйе бойынша бала қабілетін тест арқылы анықтаған. Сол тұста 4-5 сынып арасындағы логикалық тестте Бағдәулен Нарыбаев есімді бала жоғары ұпай жинаған. Директорға қолқа салып, Бағдәулен оқитын сыныпқа жетекшілік еткен. Кейіннен ол халықаралық олимпиадада да нәтиже көрсеткен. Алайда осыған ұқсас тағы бір оқиға дер кезінде дұрыс шешім қабылдамағанда басқаша өрбір еді.
«Директорымыз Айтжан Ермұханқызы №66 мектепке ауысты. Мені шақырып, 4 сыныптан тест алып, дарынды балаларды анықтап беруімді сұрады. «100 балдық бағалау жүйесі» деген бар. Онда тест те, бос орын толтыру, дәлелдеу мен жауап беру сұрағы топтастырылған. Ерекше қабілетті оңай айқындайды. Ал мектепте үш-төрт мың бала оқитын. 4 сыныптан 12-сі бар. Тест алған соң, тексеріп бердім. Сонда Мадияр деген бала көзіме түсті. Қателеспесем, жинау керек 100 ұпайдың 93-іне дұрыс жауап берген. Директорға балаға жақсылап қарауын сұрап, тапсырып кеттім. Арада бір жыл өткесін қайта шақырды. Олимпиадаға оқушы дарялауға көмектесіп, бір сыныпты жетекшілікке алуымды сұрады. Бірден Мадиярды іздедім. Ары іздеп, бері іздеп тап­паймыз. Сөйтсек, ата-анасы баланың құжатын алып, басқа мектепке ауысып кеткен екен. Сы­нып жетекшісі де, мұғалімдер де оның мектептен кеткеніне қуанған. Себебі баланың мінезі бар. Сабақта тыныш отырмайды. Журналды қарай келе, екілік пен үштік бағасы барын да байқадық. Директор дарынына сенер-сенбесін білмей, ата-анасын шақырды. Сол жылы қала бойынша олимпидадан екі жүлдегер шықты. Екеуі де мак­си­мал бал жинаған. Біреуі – «Зерде» мекте­бінен Бағдәулен болса, бірі осы – Мадияр. Осын­дан кейін ғана директор оқушының дарынын мойындап, байқады. Сондықтан дарынды баланың мінез-құлқы мен тәрбиесіне көңіл бөлу керек. Біз Мадиярдың ата-анасымен сөйлесіп, оны дайындайтыны­мызды, жетістікке жетерін тәптіштеп түсіндір­дік. Соның арқа­сында ол халықаралық олим­пиада деңгейіне шықты», – дейді ол.
Теледидарға жиі шыққан дұрыс па? Дарынды баланы байқай қалсақ, теле­жұлдыз жасайтынымыз бар. Кейбіріне бұл ұнаса, ендігісі жақтырмайды. Оқытушының айтуынша, мұның жақсы жағы да бар. Теле­бағдар­ламалар дарынды балаға екі жағынан әсер етуі мүмкін. Біріншіден, бұл іс балаға ша­быт беріп, ары қарай талпынады. Екінші жағы­нан дандайсып кетуіне жол ашатыны тағы бар. Әрине, ата-ана да дер кезінде баласына анализ жасап, тура жолға бағыттауы керек. Балалар психологы Айнұр Алдаштың айтуынша, баланы бір-екі рет теледидардан көрсеткеннің артығы жоқ. Балаға қызық әрі артық жүк болмайтын болса, құба-құп. Бірақ кейбір ата-аналар баласына шектен тыс талап қояды. «Сен гений болуың керек», «үздіктердің үздігі атануың керек», «жеңіске жетуің керек» деп міндеттейді. Осыдан келіп балада «ұтпайтын болсам, нәтиже шығармайтын болсам, жақсы бала емеспін» дейтін түсінік қалыптасады. Өйткені бала психикасы өте нәзік. Баланың өзін-өзі бағалауын жүлдеге байлап қоймау керек.
«5-6 жасына дейін бала телебағдарламаға шығу аса әсер етпейді. Ал ары қарай ата-анасы «баламның қабілеті бар, оқиды» деп дамытпай, қоя берсе ештеңе шықпайды. Құр мақтанға салатын болса, теледидарға шығудың еш ма­ңызы жоқ. Ал өсемін деген баланы тәлімгерлер байқап, өзіне тартса, бағдарламаның әсері тиді деген сөз. Қайткен күнде де туа біткен қабілетті ары қарай дамытқан жөн. Сондықтан баладан не ғалым, не зұлым шығады деген бар. Яғни, баланың ғылым мен білім жолындағы талант болып өсуі, не басқа жолға түсуі – ересектердің қолындағы іс», – дейді психолог Серікгүл Сали.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ