Жалағашта егін көлемі артып, қызылмия тамырын өңдеу зауыты іске қосылады
Жалағашта егін көлемі артып, қызылмия тамырын өңдеу зауыты іске қосылады
505
оқылды
Соңғы жылдары Қызылорда облысына қарасты Жалағаш ауданында тың серпіліс байқалады. Ауданда кәсіпкерлік саласына қан жүгіріп, егінжайда екпінді еңбектің лебі еседі. Бүгінде  ауданда көгілдір отынға қосу жұмысы қарқынды жүргізілуде.  Нақты кезеңде Жалағаш кентіндегі 2 520 тұрғын үй, 9 әлеуметтік нысан мен 108 кәсіпкерлік нысаны орталықтандырылған газ желісіне қосылған. Бұл аудан халқының 39,5 пайызын құрайды.    width= «Қазір  ауданға қарасты Ақсу және М.Шәменов елді мекенін газдандыруға жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, қаржыландыруға бюджеттік өтінім тапсырылды. Ал Таң, Жаңақоныс, Аққұм, Бұқарбай батыр, Қаракеткен, Далдабай елді мекендеріне газ желісін тартуға жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Ерекше айта кететін жайт, биыл "Ақтерек" учаскесінде жаңа тұрғын ауданының инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымын газбен жабдықтауға республикалық бюджеттен  603 млн  теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар кент орталығында орналасқан 5 әлеуметтік нысанның қазандықтарын газға ауыстыру бойынша жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, оның 4-еуі республикалық бюджеттің нақтылауына ұсынылды», – деп мәлімдеді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Асқарбек Есжанов. Облыстың басты аграрлық аймағы саналатын Жалағаш ауданында биылғы науқанда 37 мыңнан астам жерге егін егу жоспарланып отыр. Негізінен өткен жылы ауданда барлығы 35 486 гектар аумаққа ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Су тапшылығына қарамастан, 18 501 гектарға себілген Сыр салысының әр гектарынан 55,8 центнерден өнім алыныпты. Сондай-ақ  ауданда 250 гектар жер 802 отбасына бақша дақылдарын егуге үлестіріліп берілді. Осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыру мақсатында биыл 500 гектар жер дайындалып, әрбір елді мекеннің егістік жер көлеміне байланысты бекітілді. Ауданның мал шаруашылығын дамыту бағытында да айтарлықтай нәтиже бар. Облыс орталығымен іргелес қоныстанған ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішінде де өсім бар. Соның ішінде шағын және орта кәсіпкерлік бойынша да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. «Аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік  саласында оң серпін бар. Былтырғы жылдың қорытындысымен кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 3 084 бірлікті құрап, 20,7 пайызға өсті. Осыған сәйкес, нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысаны 557 бірлікке артты. Одан бөлек, кәсіпкерлік саласын қолдауға арналған 446 жоба қаржыландырылып, 500-ге жуық азамат жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ  биыл ақпан айында қызылмия тамырын өңдеу зауыты іске қосылады. Бүгінде Қытай елінен қажетті газ қондырғысының жабдықтары әкелініп,  нысанның жылу жүйесі табиғи газ отынына көшірілді. Қазіргі таңда бұл зауытта 15 адам тұрақты жұмыс істеп жатыр. Зауыт толық іске қосылса 60 адам тұрақты жұмысқа кіріседі, – дейді аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы. Жалпы, биыл ауданда қызылмия тамырын өңдеу зауыты іске қосылады деп күтілуде.