Биылғы Парламент сайлауы мемлекеттік басқарудың жаңа формасын қалыптастырады – сарапшы
Биылғы Парламент сайлауы мемлекеттік басқарудың жаңа формасын қалыптастырады – сарапшы
Фото: kisi.kz
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары сайлауы саяси жүйені түпкілікті қайта жаңғыртып, мемлекеттік басқарудың жаңа формасын қалыптастырады, - дейді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы Әлішер Тастенов. Оның айтуынша, қайта жаңғырту саяси және экономикалық саладағы барлық заманауи сын-қатерлерге төзімді сапалы жаңа теңгерімді саяси модель құруға бағытталған. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы іс жүзінде жүзеге асады.
«Сапалы жаңа шарттар – алдағы сайлаудың айрықша белгісі. Енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім бойынша, 30 пайызы бір мандатты округтер бойынша сайланады. Бұған дейін партиялардың Мәжіліске өтудегі шекті кедергісі 7-ден 5 пайызға дейін төмендетілген болатын. Саяси партияларды тіркеу тәртібі айтарлықтай жеңілдетілді. Атап айтқанда, тіркеу шегі 4 есеге – 20-дан 5 мың мүшеге дейін қысқартылды. Партиялардың аймақтық өкілдіктерінің саны 600-ден 200 адамға дейін қысқартылды. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына сайлау да аралас сайлау жүйесі бойынша 50-де 50 арақатынаста өтеді. Бұл ретте, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына сайлауда қазақстандықтар тек бір мандатты округтердегі кандидаттарға ғана дауыс береді» , – деп түсіндірді сарапшы.
Әлішер Тастенов жаңа шарттар мемлекеттік органдардағы қоғамның пікірін, көзқарасын, сұранысын кеңінен көрсетуді қамтамасыз етіп, азаматтық қоғамның тиімді дамуына ықпал етеді деп атап өтті.