«AMANAT» партиясы сайлауға 100 пайыз дайын
«AMANAT» партиясы сайлауға 100 пайыз дайын
«AMANAT» партиясы 19 наурызда болатын Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат сайлауларына жүз пайыз дайын. Қазір партияның сайлауалды бағдарламасы әзірленіп жатыр. Бұл құжат тұрғындардың ұсыныс-тілегін ескере отырып жазылады. Бұл туралы партияның Атқарушы хатшысы Республикалық қоғамдық қабылдаудың жұмысымен танысу барысында мәлімдеді. – «Қазіргі таңда біз партияның сайлауалды бағдарламасын әзірлеп жатырмыз. Бұл жұмысқа Мәжілістің экс-депутаттары, партия жанынан құрылған кеңестердің мүшелері, білікті саясаттанушылар, экономистер тартылған. Ал сайлауалды бағдарламаға ұсыныстар халықтан тікелей жиналады. Партияның қоғамдық қабылдаулары арқылы, сайт және мессенжерлер арқылы қарапайым азаматтардан келіп түскен талап-тілектер ескеріледі», – деді ол. Өз кезегінде, Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Әлия Садырбаеваның айтуынша, Сайлау туралы заңға сәйкес, партияның қоғамдық қабылдаулары халыққа көмек беру, кеңес беру жұмысын тоқтатты. Бұл кезеңде партия азаматтардан тек ұсыныс-тілектер жинап, сараптаумен айналысады. «Азаматтардың талап-тілектері қоғамдық қабылдаулардан бөлек Call-орталықтар, партияның сайты мен электронды поштасы, еgov.kz электронды үкімет порталы, сондай-ақ WhatsApp мессенжері арқылы қабылданады. Соңғы жеті-сегіз күнде біздің қоғамдық қабылдауларға 500-ге тарта ұсыныс-тілек келіп түсті. Олар партияның сайлауалды бағдарламасын әзірлеу кезінде ескеріледі», - деді Ә.Садырбаева. Сонымен қатар, Елнұр Бейсенбаев Мәжіліс сайлауына ұсынылатын партиялық тізім қандай принциптер бойынша жасақталатынын атап өтті. Оның айтуынша, үміткерлерді таңдаудағы басты принцип: ашықтық, әділдік және жаңару. – «Бүкіл процесс ашық өтеді. Біз барлық ұсынысқа ашықпыз, іріктеу бастауыш партия ұйымдарынан бастап облыстық филиалдар, одан Орталық аппаратқа дейін белгіленген тәртіппен әділ өтеді.  Ең белсенді, білімді, білікті азаматтар осы тізімге енуі керек. Оған қоса, әртүрлі жас өкілдері, жастар, әйелдер, түрлі мамандық иелері болуы тиіс. Өкілеттілік дегеніміз осы. Бұған қоса, партия тізімдерінде жаңа есімдер көп болады», – деді Атқарушы хатшы. Бүгінде жер-жерде сайлау штабтары құрылып, партия белсенділері мен еріктілері алдағы үгіт жұмысына қызу дайындықты бастап кетті. «Біз ашық та тартысты бәсекеге дайынбыз. Бағытымыз – Әділетті Қазақстан, мақсатымыз – мемлекеттің тұтастығы, Тәуелсіздіктің баянды болуы», – деп түйіндеді Е.Бейсенбаев. Айта кетейік, еліміздің барлық өңірінде «AMANAT»-тың 243 қоғамдық қабылдау орталығы жұмыс істейді. Былтыр бұл орталықтарға 134 мың адам мұң-мұқтажын, арыз-шағымын айтып келген. Олардың 90%-ының мәселесі оң шешілсе, қалған 10%-ның арыз-шағымы қаралып жатыр. Бұдан өзге, былтыр 984 ауылдық елді мекенде 744 көшпелі қоғамдық қабылдау ұйымдастырылып, 7,4 мың өтінім келіп түсті. Олардың үштен бірі дереу шешілсе, 60%-ы бойынша мәселені заң аясында шешу жолдары түсіндірілді, ал қалған 9%-ы қазіргі таңда орындалу үстінде.