«AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы сайланды
«AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы сайланды
Бүгін «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының кезектен тыс ХХХV конференциясы өтті. Іс-шараға «AMANAT»-тың Атқарушы хатшысы, қалалық саяси кеңес мүшелері, мәслихаттың бұрынғы депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, бастауыш партия ұйымдары және «Жастар рухы» Жастар қанатының өкілдері қатысты. Партияның Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев алдағы Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының сайлауын ескере отырып, Астанадағы аманаттықтардың алдына бірқатар міндет қойды. – «Партияның басты міндеті – еліміздің Тәуелсіздігі мен бірлігін нығайту. Алдағы саяси науқан қызу саяси бәсеке, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың күрделенуі жағдайында өтетіні жасырын емес. Сондықтан партия жұртшылықтың нақты мәселелерін шешуді көздейтін жұмыстарға ерекше мән беруі қажет. Сайлауалды бағдарлама халықтың сенім үдесінен шығуы керек. Әр аймақтың өзіндік ерекшелігі ескеріліп, отандастарымызды толғандырған өзекті мәселелер қамтылуы тиіс», – деді ол. Конференция барысында бұрын филиалдың атқарушы хатшысы лауазымын атқарған Берік Жәкенов ашық дауыс беру арқылы партия филиалының төрағасы болып сайланды. – «Былтыр филиал партиялық жобаларды іске асыру аясында 30 мыңнан астам адамды қамти отырып түрлі форматтағы 1364 іс-шара өткізді. Филиал жанындағы қоғамдық кеңестер алаңында елорданы дамыту және тұрғындардың өтініштерін орындау бойынша 82 өзекті мәселе қаралып, құзыретті мемлекеттік органдарға 122 ұсыныс жолданды», – деді ол. Астана қаласы мәслихатындағы «AMANAT» фракциясының жұмысы туралы бұрынғы депутат Азамат Айтхожин айтып берді. Яғни, халық қалаулыларының ұсынысы бойынша қалада білім беру және денсаулық сақтау нысандарын газ тарату желісіне қосу процесі басталды. VII шақырылым депутаттары зейнеткерлерге және халықтың өзге де әлеуметтік осал тобына газ бағасының жартысын өтеп беру жөнінде қаулы қабылдады. Былтыр партия алаңында халық қалаулылары 3 мыңға жуық азаматты қабылдады. Айта кетейік, бүгінде елордада «AMANAT»-тың 35 мың мүшесі бар және 268 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді.