Президент «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевты қабылдады. Мемлекет басшысына ұлттық компанияның былтыр атқарған жұмыстарының негізгі нәтижесі, теміржол саласын дамытудың алдағы кезеңге арналған жоспары, сондай-ақ берілген тапсырмалардың орындалу барысы жөнінде мәлімет берілді. Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» акционерлік қоғамының жүк тасу айналымы 252 миллиард тонна-шақырымға дейін артты. Бұл – еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіші. ЖПЭ-мен (жиырма пұттық эквивалентпен) есептегенде, жалпы контейнермен тасымалдау көлемі 1,129 мыңға дейін өсті. Қасым-Жомарт Тоқаевқа инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы жөнінде баяндалды. Үш жылда барлығы 1 285 шақырым жол салу жоспарланып отыр. Бұл жүк тасымалының көлемін ұлғайтып, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Теміржол құрылысында пайдаланылатын қазақстандық өнімдер мен қызметтердің үлесі – 85 пайыз. Бұдан бөлек, «Қазақстан темір жолы» басшысы Президентке халықаралық көлік дәліздерін дамыту және Ақтау, Құрық теңіз порттарының өткізу қабілетін кеңейту жұмыстарының барысы, сондай-ақ шетелдік ірі көлік-логистикалық компаниялармен ынтымақтастық мәселелері жөнінде айтты. Кездесу соңында Мемлекет басшысы теміржол инфрақұрылымын дамытуға және жаңғыртуға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.