Жыбырлауық жолаушы
Жыбырлауық жолаушы
Сыбан – сыбаң-салтаң, сылбыр жі­гіттердің қатарына жатпайтын, тірлігіне тастай, иненің көзінен өтетін пысық жігіттердің сапындағы сақ­тияндай сері жігіт. Есебі мықты. Үйінен аттап басса-ақ болды, алдына жұп-жұмыр жоспар қояды. Мұнысы Пре­зиденттердің мызғымас протоколынан да мығым. Оған олай-бұлай қияс кету мүлдем жат. Осы Сыбан Алматыдан Шымкентке қарай сапарлайтын болып, пойыздың жүрерінен бір сағат бұрын келіп, күту залындағы оңаша да тыныш орындардың біріне жайлы жайғасты. Уақытын текке өткізбейтін Сыбан сөмкесіндегі гөду-сөдулердің арасынан көзілдірігін әзер тауып, ала шыққан мұқабасы тозып, ақжемделген кітабын аударыстырып оқуға кірісті. «Қалғанын вагон ішінде оқып тастаймын ғой» деп және бір жоспар түзіп қойды. Осы кезде тышқанның тықырындай бір тосын дыбыс тақап қалған еді. Артынша «өз көзіме өзім сене алмай тұрмын» деп тасыраңдаған біреу құшағын аша берді. Оның одыраңдаған мінезінен байырғы досы Жотабай екенін тани кетті. Құшақтар айқасты. Иықтар қағылды. – Сыбанбысың? – Жотабай! – Қайдан жүрсің? – Көктен түстің бе, жерден шықтың ба? Сауалдар сарқылды. Аздан соң екеуі вокзал маңындағы сыраханада отырды. Жотабай да әңгімеге жорға еді. Одан-бұдан әңгіме құрап, Сыбанның бұрандаларын босатты. Сыбан жібіді. Ол енді тобылғы түсті салқын сыраны толғай сімірді. Бір кезде Сыбан жылан шағып алған­дай орнынан шыңғыра түрегелді. Ай­наладағы сауыққой сыра- шы­лдар шошынып қалды. Біреулер қолындағы сап­ты­аяғын ұстай алмай, сырасын ақтарып алды. – Ойбай! Пойы­зым кетіп қалып­ты! Бұған сасатын Жотабай ма? Жыртың-жыртың күліп: – Саспа! Қазір автобуспен жіберемін. Спальный автобус, шалқаңнан түсіп, маужырап ұйықтап барасың, – деп басу айтты. Сыбан Сыбан болғалы спальный автобус дегенге мініп көрмеген еді. «Шал­қаң­нан түсіп, маужырап ұйықтап барасың» деген соң көзіне ұйқы тіреліп отырған ол саба­сына түсейін деді. Сыраханада қанша уақыт отыр­ды, қанша саптыаяқ сыра сімірді, есіңде жоқ, бір қараса автобус құйындай ұйытқып зымырап келеді екен. Әзірге шалқасынан түсіп жатқан ешкім көрінбейді. Сонда қалай? Жотабайдың алдағаны ма? поезд Әлден соң автобус бір жерге келіп тоқтады. Жолаушылар жапырлап жерге түсе бастады. Сыбан қасындағы жігіттен: – Шымкентке жеттік пе? – деп сұрады. – Қайдағы Шымкент? Алматыдан әлі ұзағанымыз жоқ. Мына жерде үлкен асхана бар. Жолаушылар тамақ­танып келіп, қайта мінеді. Аға, сіз де «заправка» жасап келсеңіз-ші, – деді ол. Сыбанға керегі сол «заправка» еді. Онысын да, мұнысын да қатырып, жұртпен бірге автобусқа келіп жайғасты. Жолаушылардың алды орындықты жайып жіберіп, төсек жасап, жатуға ыңғайланды. Бір пысықай келіншек: – Жігіттер үстіңгі орынға, қыздар астыңғы орынға жатады, – деп хабарлады. «Жігіттердің орны сол жақта ғой» деп өзінше түйін жасап, мырс еткен Сыбан жоғарғы орынға жылжып бара жатты. Япырай, астындағы төсеніш тым жұқа болар ма, көп ұзамай жамбасы тесілуге айналды. Онсыз да мазасы кетіп жатқанда бір етжеңділеу келіншек «астыңғы орында ауа жетпеді» деп қасына келіп жатып алмасы бар ма. Сойқанның көкесі алда екен. Жұмсақ диванда жатып үйренген Сыбан дөңбекши берді. – Не деген жыбырлауық адам едіңіз!? Тыныш жатсаңызшы, ұйқы бермедіңіз ғой, – деп жанындағы келіншек ол аунап түскен сайын қатқыл ескертумен болды. Жамбасы тесіліп бара жатқан Сыбан бұл түнді көз ілмей өткерді. Қанша шыдап бақса да, әрі-бері аунақшуын қоймады. Қалай шыдайды? Қасыңда кескен теректей болып дөңкиіп, от болып күйіп-жанып келіншек жатыр. Астында-ғы төсеніші жұқа болып, жамбасты тесіп бара жатқаны мынау. Сыбан қыбыр етсе-ақ болды, секемшіл көршісі «ту-у, ұйқы бермедіңіз ғой, жыбырламай жатыңызшы» деп ескертуін қоймады. Сыбан автобустан сүзек ауруына ұшыраған адамдай сүмпиіп, сүмірейіп түсті. Мұн-Аға! Қасыңыздағы келіншекті түні бойы ұйықтат­падыңыз. Шаруаңыз шатақ болған-ау шамасы, көзіңіз кіртиіп қалыпты, – деп мәз болысты. Осы кезде әлгі етжеңді келіншек жандарынан өтіп бара жатты. Жігіттердің өзі туралы айтып тұрғанын сезген ол: – Ағаларыңның жыбырлағаннан басқа қолынан түк те келмейді екен, деп өте берді. Жігіттер қыран-топан күлкіге қарық болып қалды. Содан бері Сыбанның «спальный автобус» десе төбе шашы тік тұрады...

Сабырбек ОЛЖАБАЙ