Жер иіскейміз!
Жер иіскейміз!
332
оқылды
Қазақ қыздар педагогикалық университетінің КЕАҚ басқарма төрағасы Г.Алдамбергенова, ректор­дың кеңесшісі, өзінің туған ағасы Қ.Қожантаевқа бұрыла қарады. – Жұрынов неге кешігіп жатыр екен? – деп сұрады. – Қарындасым, қайда барамыз? – Сол жаққа. – Сол жағыңыз қай жақ? – Сол жақтағы сол жақ. – Қарындасым-ау, жұмбақ­тамай, айтсаңшы? – Универститет жеріне барамыз. – Бос жатқан жерге ме? – Иә. – Онда не бар? – Топырақ бар, жер қыртысы бар, шөп-шалам бар. – Түсінбей отырғаным? – Жер иіскеп қайтамыз. – Қалай сонда? – Әй, өткенде келісіп едік қой? Ұмытып қалғансың ба не? – Жоға. Бірақ жер иіскеудің оған қандай қатысы бар? Төраға терезеге телміріп тұрған ағасына жалт бұрылып, жымиды: – Жер иіскесек, жолымыз бо­лады. Сондай ырым. – Ырымыңыз жырым-жырым... – Неге? – Ондай ырымды бірінші рет естіп отырмын. – Естімесең есті. Барамыз да жерге жата қалып, иіскейміз. «О, жаратқан ием, жерге деген ма­хаб­батымызды қабыл етіп, жос­пары­мызды сәтті, жегенімізді тәтті ете көр!» –деп жалбарынамыз. – Оой, мен бармаймын. – Қалай? – Солай. – Жоқ, барасың. – Жер иіскесем аллергиям бар. Түшкіре беремін. – Ештеңе етпейді! Сиыр қора­ның жерін иіскеуге бара жатқан жоқпыз ғой. Кенет хатшы қыз бір кісінің келгенін хабарлады. Бұл келген – Алматы облысы, Қарасай жер кадастры және жыл­жымайтын мүлік бөлімінің бастығы А. Жұрынов еді. Алдам­бергеновамен бас изеп, ағасымен қол беріп аман­дасты да, бос орын­дықтардың біріне қонжия кетті. Қожантаев жөт­кірі­ніп, қарын­дасына қарады. Сосын жымиды. – Неге жымиясың? – деп сұрады қарындасы. – Бұл кісінің мұрны иіскеуге арналғандай екен. – Иіскейміз! – Не болып қалды? Тыныштық па? – деп сұрады А. Жұрынов. – Иіскейміз? –деді Қожантаев. –Кімді? – Әйелдерді, –деп күлді Қожан­таев. – Жер иіскеп қайтамыз, сонда жолымыз болады. Кеттік! –деді төраға киініп жатып. А. Жұрынов қуанып кетті. – Болды, иіскеуді қатырамыз! Олар университет жеріне келіп, жерге жата қалысты. Қолдарын алға қарай жайып жіберіпті. Олар орын­дарынан үсті-басын қағып, қар­ғып тұрғанымен, Жұрынов жа­йы­лееп жатқаны. Тұрмайды. – Сізге не болды? –деп сұрады төраға. – Иіскеп жатырмын. – Жарты сағат болды ғой? – Мұрныма бірдеңе кіріп кетті. – Шегіртке шығар? – деп әзілдеген болды Қожантаев. Иіскеу демекші, олар универ­ситет жерін босқа иіскеуге келген жоқ. Олар университеттің 9 гектар жер учаскесін бөліп алып, заңсыз са­тумен айналысты. Сөйтіп, уни­вер­ситетке 95,5 миллион теңге шы­ғын келтірді. Олар шығынға шың­ғырған да жоқ. Бірақ, жер иікесе де, жолдары болмады. Үшеуі де, жеті жыл арқалады. Сондай-ақ Жұры­новтың орынбасары Д. Жұ­маділ мен бөлім маманы Е. Кемал шартты түрде жеті жылға сотталып тынды. Енді олар түрменің жерін иіскеп отыр... Ой, тоба!

Мұхтар ШЕРІМ