Шымкенттегі сырғанақ
Шымкенттегі сырғанақ
392
оқылды
Бұл жайбарақаттылық дегенді қойсаңшы, жарға да тығады, жақсы атыңды да былғайды. Бірақ жайбарақаттылық деген жұқпалы кеселге бір ұшыраған жан одан жуық маңда жазылмайтын көрінеді. Мұны республикамыздағы үшінші қала деп әспеттеп жүрген шырайлы Шымкенттен көрдік. Айтпақшы, «Шымкент» десе алдына «шырайлы», «шуақты» деген шымыр тіркестер қосатын үшінші қалаңыз үскірік ұрып кеп бергенде түшкіріп сала берді. Шырайлы деген Шымкентіңіз шаң-топан астында қалғандай, тұрғындары қатты әбіржіді. Шуақ дегенді бұл жолы айта алмай, күмілжідік. Шуақ демекші, шымкенттік­терді құртып жүрген осы «шуақ» сөзі ме деймін. «Е, шуақты ша­һарымыз ғой, мұнда қыс болмайды. Болса да екі-үш күн суытады да артынша күн жадырап шығып, шуағын шашады. Ендеше несіне сасамыз» деп ойлаған болуы керек, кәрі құда қыс келіп, әлек салады дегенге әкімдіктегілер мүлде сенуден қалған ба, тым-тырыс жатып алды. Тіпті, өздерін Африкада өмір сүріп жатқандай қыс дегенді ұмытқан сыңайлы.Табиғат та шымкенттіктердің осы жайбарақаттығына ашуланды-ау шамасы, қаңтардың басынан қысып кеп берсін. Әуелі Шым­кентке бұрын-соңды төге бермеген ақ ұлпасын жайып салды. Артынша ауа райы суытып сала берді. «Қой көрмеген қуалап жүріп өлтіреді» демекші, қар көрмеген қала тұрғындары бір-ақ күнде састы да қалды. Күрейін десе күрек жоқ. Айқай салайын десе жүрек жоқ. Өйткені талап етушілердің соңдарында тірек жоқ. Сосын кейбіреулерінде білек жоқ. Ал кәрі құда сіздің көп жоғыңызды еле­мейді. Құданың аты-құда. Шал­қалап, шынтақтап жатып алды. Алғашқы күні қала көліктері өз күшімен жолға шықты. Аппақ ұлпа доңғалақ астында тапталып қала берді. Түс қайта көше біткен аппақ ақ айдынға айналды. Түн келіп, суық еселеніп, ертесіне көшеде дайын сырғанақ пайда бола кетті. Тап осы күні қалалық аурухананың травма­талогия бөліміне тайып жығылып, тобығын шығарған, құлап қалып, қабыр­ғасын қаусатқан ондаған адам түсті. Кәрі-құртаң көшеге шығудан қал­ды. Қаланың шағын аудандарында бірнеше көлік жолдан шы­ғып кетіп, бір­­қатары ау­дарылып та қалды. Қан­ша қаңғы­бастың көшеде қалып, қатып қалғаны әзірге белгісіз. Белгілі бол­ғанда да «өздеріне де обал жоқ» деп жылы жауып қоя салатыны бесенеден белгілі. Төтенше жағдай­лар жө­нін­дегі депар­тамент қызмет­кер­лерінің мәліметінше, қалың қар салдары­нан қалада бірнеше оқыс оқиға болған. «Нұрсәт» шағынауда­нындағы №114 үйдің аула­сында жалпы көлемі 252 шаршы ме­трді құрайтын екі бастырма құлап, 5 автокөлікті ба­сып қалған. Бір таңыр­қатар­лы­ғы, осы тегін қойылым­ды көре-біле тұра қала әкім­дігі сасқан жоқ. Әуелі әлеуметтік желі­лерде қала әкімі Мұ­рат Әй­те­новтің жылы ка­би­нетте оты­рып, қаладағы «қызықты» бейне­ба­қы­лау арқы­лы та­ма­шалап отыр­ғаны пайда бола кетті. «Е, әкім­дік­тегілер ояна бас­таған екен ғой» деп қуан­ғанымыз бар болсын, оны­мыз су сеп­кен­дей басылды. Өйткені көшеге шығып, қар тазалап жүрген арнайы техникалар жоқтың қасы еді. Шымкенттегі сырғанақ Бұрын қала та­за­лығымен айна­лысатын «ЛТД Тұрмыс» деген арнайы мекеме барын білуші едік. Осы мекеме қалаға қар түскенде техникаларын қаптатып, тазалық жұмыстарымен айна­лысатын. Бұл жолы олай болмады. Ел құлағы елу ғой, біреулер «сол мекемені таратып жібер­ген» десті. Екін­шілер «сол мекеменің тех­никаларын сатып жіберген» деп шуласып жүр. Тағы біреулері «Шымкенттің қарын күреу қыз­метін астаналық бір компания ұтып алған» деп сәуегейлік айтады. Кімге сенерімізді білмей, аң-таң болып отырғанда кеп­теліс деген кесірдің кө­кесін көрдік. Ал жоғарыдағы сөздің рас-өтірігін анықтауды құзырлы мекемелердің еншісіне қалдырдық. Қала тұрғындары ұлардай шулап кеткен соң қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков арнайы брифинг өткізді. Оның айтуынша, қала қарын тазалауға 350-ден астам техника, 1 140 адам жұмылдырылған. Аязды күндері жылуды үнемдеу үшін зауыттар мен ірі фабрикалардың жұмысын уақытша тоқтата тұруға әкімдік тарапынан келісім жүргізіліпті. Десек те, көшеде қар тазалап жүрген техника саны тым аз еді. Өйткені қала әкімдігі кәсіпкер­лерден көмек сұрап, техника бере тұруларын бекер өтінбейді ғой. Осыдан барып «ЛТД Тұрмыс» мекемесі қайта еске түседі. Япыр-ай, сатылып не таратылып кетпесе осы мекеме әкімдіктегілерді ала­өкпе етпей-ақ өз міндетіне кірісер еді ғой. Ақырында әкімдік «әр кәсіпкер өз ғимаратының алдын тазалап қойсын» деп те үндеу арнады. Логикалық тұрғыдан бұл дұрыс та. Әр мекеме, дүкен, мейрам­хана, басқа да нысандар ауласын өздері тазалауы керек. Алайда көшеде тау болып үйіліп қалған қарды кім тазалайды? Қазір де Шымкент көшесі мұз айдынына айналып жатыр. Көліктер жол жиегіндегі арықтарға күн сайын түсіп кетеді. Ата-аналар ба­лаларын мектепке жіберсе, орал­ғанша алаңдайды. Бала неме сыр­ға­нақ тебемін деп әлде­неге ұрынса, кім жауап береді? Сөз соңында бір ұсы­­ныс: әзірге шы­райлы Шымкентке келе көрмеңіз. Кім бі­ліпті, табаныңыз та­йып...Жо-жоқ, коньки тебуге тым әуес бол­саңыз, келе беріңіз, құ­ша­ғымыз ашық. Жә, жақсылық­ты айта­йық, қыс қыспағы да кетер. Алайда шым­кенттік шенеу­ніктердің жай­барақаттығы ел есінен кете қояр ма?  

Сабырбек ОЛЖАБАЙ