Бұл жайбарақаттылық дегенді қойсаңшы, жарға да тығады, жақсы атыңды да былғайды. Бірақ жайбарақаттылық деген жұқпалы кеселге бір ұшыраған жан одан жуық маңда жазылмайтын көрінеді. Мұны республикамыздағы үшінші қала деп әспеттеп жүрген шырайлы Шымкенттен көрдік. Айтпақшы, «Шымкент» десе алдына «шырайлы», «шуақты» деген шымыр тіркестер қосатын үшінші қалаңыз үскірік ұрып кеп бергенде түшкіріп сала берді. Шырайлы деген Шымкентіңіз шаң-топан астында қалғандай, тұрғындары қатты әбіржіді. Шуақ дегенді бұл жолы айта алмай, күмілжідік.
Шуақ демекші, шымкенттіктерді құртып жүрген осы «шуақ» сөзі ме деймін. «Е, шуақты шаһарымыз ғой, мұнда қыс болмайды. Болса да екі-үш күн суытады да артынша күн жадырап шығып, шуағын шашады. Ендеше несіне сасамыз» деп ойлаған болуы керек, кәрі құда қыс келіп, әлек салады дегенге әкімдіктегілер мүлде сенуден қалған ба, тым-тырыс жатып алды. Тіпті, өздерін Африкада өмір сүріп жатқандай қыс дегенді ұмытқан сыңайлы.Табиғат та шымкенттіктердің осы жайбарақаттығына ашуланды-ау шамасы, қаңтардың басынан қысып кеп берсін. Әуелі Шымкентке бұрын-соңды төге бермеген ақ ұлпасын жайып салды. Артынша ауа райы суытып сала берді.
«Қой көрмеген қуалап жүріп өлтіреді» демекші, қар көрмеген қала тұрғындары бір-ақ күнде састы да қалды. Күрейін десе күрек жоқ. Айқай салайын десе жүрек жоқ. Өйткені талап етушілердің соңдарында тірек жоқ. Сосын кейбіреулерінде білек жоқ. Ал кәрі құда сіздің көп жоғыңызды елемейді. Құданың аты-құда. Шалқалап, шынтақтап жатып алды.
Алғашқы күні қала көліктері өз күшімен жолға шықты. Аппақ ұлпа доңғалақ астында тапталып қала берді. Түс қайта көше біткен аппақ ақ айдынға айналды. Түн келіп, суық еселеніп, ертесіне көшеде дайын сырғанақ пайда бола кетті. Тап осы күні қалалық аурухананың травматалогия бөліміне тайып жығылып, тобығын шығарған, құлап қалып, қабырғасын қаусатқан ондаған адам түсті. Кәрі-құртаң көшеге шығудан қалды. Қаланың шағын аудандарында бірнеше көлік жолдан шығып кетіп, бірқатары аударылып та қалды. Қанша қаңғыбастың көшеде қалып, қатып қалғаны әзірге белгісіз. Белгілі болғанда да «өздеріне де обал жоқ» деп жылы жауып қоя салатыны бесенеден белгілі.
Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлерінің мәліметінше, қалың қар салдарынан қалада бірнеше оқыс оқиға болған. «Нұрсәт» шағынауданындағы №114 үйдің ауласында жалпы көлемі 252 шаршы метрді құрайтын екі бастырма құлап, 5 автокөлікті басып қалған.
Бір таңырқатарлығы, осы тегін қойылымды көре-біле тұра қала әкімдігі сасқан жоқ. Әуелі әлеуметтік желілерде қала әкімі Мұрат Әйтеновтің жылы кабинетте отырып, қаладағы «қызықты» бейнебақылау арқылы тамашалап отырғаны пайда бола кетті. «Е, әкімдіктегілер ояна бастаған екен ғой» деп қуанғанымыз бар болсын, онымыз су сепкендей басылды. Өйткені көшеге шығып, қар тазалап жүрген арнайы техникалар жоқтың қасы еді.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ