Ұйымның ұйымшылдығы ұйытқы болды
Ұйымның ұйымшылдығы ұйытқы болды
355
оқылды
 «AMANAT» партиясының «Жас­тар Рухы» жастар қанаты өткен жар­тыжылдықтағы қызметін қоры­тындылап, атқарылған жобалар­дың ауыз толтырып айтарлық нә­ти­желерімен бөлісті. Осы уақыт ішін­де мыңнан астам іс-шара өт­кізіп, жаңа жобалардың жемісті жүзеге асуына мұрындық болған жас­тар қанаты алдағы күннің жос­парын да бірге талқылады. Жүз мыңнан аса рухтас жандарды бір қанаттың астына жинаған елдегі ең ірі ұйымдардың бірі «Жастар Рухы» былтыр шілде айында кезектен тыс VI съезін өткізіп, оның барысында трансформация бағ­дарламасын қабылдады. Сөйтіп, ұйым­ның атауы «Жастар Рухы» деп өзгертілді. Оның құрамында білімге ұмтылған, еңбекқор, патриот жастар жиналған. Соның арқасында ұйымның жарты жылда атқарған жұмысы да ұшан-теңіз десе болады. Есепті кезеңде жас рухтас­тар ірі әлеуметтік, экологиялық, па­триот­тық, мәдени-бұқаралық іс-шара­ларға, сондай-ақ қайырымдылық ак­цияларға бастамашылық жасады. Бар­лығы 1 000-нан астам іс-шара өткізіліп, елдегі саяси науқандардан бастап ай­мақтарда қиын жағдайда қалған тұр­ғындарға да қолқабыс етті. Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаевтың айуынша, осы жүзеге асырылған жобалардың ішінде Qaisar әскери-патриоттық жобасы, ТазаLike экологиялық тәрбие жобасы, Dombyra Party, AMANAT CUP бірінші республикалық шахмат турнирі, Bir Tolqynda және «Рухтастар Cases» диалог алаңдары, Республика күніне арналған «Менің елім – менің туым» акциясы, Jaidarman ойындары сияқты көптеген бастама көпшілік көңілінен шықты. Сонымен қатар ол Қостанай облысын­дағы өрт пен Екібастұз қаласындағы төтенше жағдай кезінде жастардың атқарған волонтерлік қызметіне жеке тоқталды. Оның сөзіне сенсек, 1 300-ден астам ерікті бүкіл ел аумағы бойын­ша гуманитарлық көмек жинаған. Әу­лие­көлдің өзінде 300 белсенді үйін­ділерді аршуға, аумақты тазартуға, мұқ­таж отбасыларға азық-түлік пен қажетті тауарларды таратуға қолғабыс етті. Ал Екібастұз жылусыз қалған кезде ыстық тамақ жеткізуді ұйымдастырып, жал­ғыз тұратын зейнеткерлер мен ерек­ше қажеттіліктері бар адамдар туралы ақпарат жинау үшін аулаларды аралап, өз үлестерін қосты.
Сондай-ақ ребрендингтен кейін өтіп отырған трансформация бағы­тындағы жиынды ұйымның белсенді жастары Instagram, Facebook және Tik Tok әлеуметтік желілері арқылы онлайн режимде де көруге мүмкіндік алды. Ондағы мақсат – алдағы атқарылар істерді де жастардың өзімен ақылдаса отырып, жаңа жобаларды бірге тал­қылау. «Өйткені «Жастар Рухы» елі­міздегі ең ірі, ең белсенді жастар ұйы­мы. Сондықтан бізге жүктелген жауап­кершіліктің жүгі ауыр. Бүгін де онлайн форматта мыңдаған жасқа ұйымның 2023 жылға дейінгі жоспарлары мен сол азаматтармен бірге атқарған жұмыс­тарымызды түйіндейміз» деп атап өтті Нұрлан Жетпісбаев.
Жастар қанатының «Жастарға жұ­мыс» жобасы негізінде 100 мыңнан аса жас жұмыспен қамтылды. Одан бөлек, «Жастарға кеңес» жобасының да игі­лігін көрген жастар жетерлік. Мә­селен, студенттердің жатақханаға қол жет­кізуіне, жастардың құқығын қор­ғауға қатысты мыңнан астам маңызды шара­лар ұйымдастырылды. Аймақтарда және республика көлемінде өткізілген іс-шаралар да бар. Айталық, ұйымның мұрындық болуымен елімізде алғаш рет төл өнеріміздің бірі – домбыраны кеңі­нен насихаттау, жастардың шахматқа қызығушылығын арттыру мақсатында өткізген жобалары да жемісін беріп келеді.
«Сәтті іске асқан жұмыс көп. Бірақ біз осы атқарған жұмысымызбен тоқ­талып қалмаймыз. Сол үшін біз осындай есеп беру жиынын өткізіп, алдағы уа­қыт­та атқарылуы тиіс жобаларды да жас­тардың өзімен талқылап, ақыл-кеңес­тері мен ұсыныс-тілектерін тың­дау үшін жиналып отырмыз. Жастардың негізгі сұранысы – жұмыс, тұрғын үйге қол жеткізу болса, студент жастар жа­тақхана мәселесін, отандық білім са­пасын жақсарту бойынша ұсыныс­тарын айтып жатыр. Осы тақырыптарды негізге ала отырып қолға алынуы тиіс жобаларға маңызды мәселелерді жос­пар­лап отырмыз. Бұл өте маңызды. Мы­салы, біз осының алдында да жас­тар­­дың өзімен кеңесіп Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасын орындауға күш жұмсадық. «Жастарға жұмыс» жобасы аясында жергілікті жерлердегі мемле­кет­тік органдармен бірге жастарға 2,5 пайыздық несие беруді жастар арасында кеңінен насихаттап, түсіндіру жұмыс­тарын жүргіздік. Өйткені көп­теген жас­тар осындай жақсы жобалар туралы хабарсыз қалғандықтан, мемле­кет беріп отырған мүмкіндікті қолдан жіберіп алады. Тау-кен өндірісін байы­тудан бас­тап ірі ұлттық компанияларға тағы­лым­дамалар ұйымдастыру арқылы жас­тарды жұмысқа орналастыру көз­деліп отыр. Біз де өз кезегімізде осындай игілікті істердің атқарылуына мұрын­дық болып, бастауыш партия ұйымдары арқылы таныс-тамыры жоқ жастарды таңдап тәсілі арқылы жұмысқа алуды көздейміз», – дейді «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев.
«Менің елім – менің тілім» жобасы туралы айтқан белгілі блогер Яков Федоров биыл еліміздің 12 облысында «Жастар Рухы» өңірлік филиалдарының базасында «Сөйле» тілдесу клубтарын ашу туралы шешім қабылданғанын жет­кізді. Оның айтуынша, клубта сабақтар ғана емес, қазақ мәдениетімен танысу үшін қазақ киносын көру, театр­ларға, мұражайларға бару сияқты басқа да түрлі іс-шара ұйымдастырылады. Сон­дықтан жас рухтастар өз қатарына қосы­лып, қазақ тілін үйренетіндердің көп болғанын қалайды.