Қолды болса қолтаңба, салдарына таңданба!
Қолды болса қолтаңба, салдарына таңданба!
476
оқылды
Бұл күнде «Деректер – екінші мұнай» деген тәмсіл пайда болған. Сарапшылардың байламынша, бүгінде адамдардың дербес деректері дұрыс басқаруды және ұтымды пайдалана білуді қажет ететін өзіндік мүлікке, құндылыққа айналды. Кез келген мүлік сияқты ол да мұқият қорғауды талап етеді. Әр адамға қатысты құпия-сырдың сыртқа шашыл­мауына мемлекет те жауапты. Алайда қазына толы сандықты ашатын кілттің бірі – электронды цифрлық қолтаңба иесінің ғана емес, кім көрінгеннің қолына түсетіні анықталып отыр. Ол үшін жауапты тұлғалар да жазаланыпты. Енді осы салада өзгерістер басталды. Дербес деректердің өте құнды ресурс екенін БҰҰ Бас ассамблеясының орга­ны – UNCTAD (БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясы) өз есебінде растады. Ұйымның болжамынша, 2025 жылға қарай бұл сала тіпті дрондарды (141 млрд доллар) және блокчейн мен на­нотехнологияларды (шамамен 70 млрд) да артта қалдырады. Озық тех­ноло­гиялар нарығының жалпы ауқымы 3 трил­лион долларға жуықтаса, соның ішін­де заттар интернеті – 1 трлн 500 млрд, роботты техника нарығы – 499 млрд, күннен қуат алатын фотоэлектр жүйелері – 344 млрд, ал Үлкен деректер (Big Data) нарығы – 157 миллиард дол­ларға жетпек. Үлкен Дата тек мем­ле­кеттердің ғана емес, жер бетін басып жүр­­ген әр адамның деректерінен құралады. Дербес деректерін жіті, жан-жақты қорғау қажеттілігін қазақстандықтар негізінен біледі, бірақ көбі қағидаларды сақтап, кибергигиенаны ұстана бер­мейді. Атап айтқанда, жеке ЭЦҚ-сын жұ­мыс орнындағы компьютеріне жүк­тейді немесе цифрлық қолтаңбасын флеш­каға аударып, құпиясөзін айтып, өз­геге тапсыра салады. Мысалы, «От­басы» банк арқылы баспана берудің бүкіл процесі автоматтандырылған, бар­лығы ЭЦҚ арқылы онлайн рәсім­деледі. Содан бұл рәсімді түсіне алмаған немесе байыбына баруға бас қатырғысы келмеген адамдар соның бәрін жүргізуге, пулға бірінші болып тіркеліп, құжаттар­дың толық топтамасын ұсынуға көмек­тесетін делдалдардың қызметіне жүгінді де, ЭЦҚ-сын солардың қолына ұстатты. Сарапшылар COVID-19 пандемиясы цифрлық шешімдердің көптеп енгі­зілуіне, салалардың цифрлануына кең жол ашқанына назар аудартады. Мы­салы, бұлтты технологияларды пайда­лану ауқымы 34  пайызға өскен. Аяқ астынан туындаған жаңа, әлеуметтік-экономикалық сын-тегеуріндер тұйы­ғынан шығу үшін Үкімет цифрландыруды өрістетті, соған қатысты жаңа жобаларды қаржыландыру көлемі күрт артты. Ін­деттің таралуына мониторинг жүргізу, сыр­қаттардың деректерін тіркеу, олар­дың жүріс- тұрысын қадағалау, дерттің өрбу сценарийлерін болжамдау және басқасы үшін тіпті жасанды интеллект пайдаланылды. Коронавирус жұқтыр­ған­дардың, карантинге жабылғандардың көшеге шықпауын бақылау үшін «Сер­гек» жүйесінің бейнекамералары да жұмылдырылды. Сол кезде көптеген азамат өз басына қатысты құнды деректерінің әлдекімнің қолына түсу мүмкіндігіне алаңдады. Тиісті органдарға шағым да жолдады. Қоғам наразылығы ақыры Үкіметті Қазақстан азаматтарының дербес деректерін орасан зор көлемде жи­нақтаған жекеменшік «Ashyq» қо­сымшасын мемлекет меншігіне алуға мәжбүр етті.
«Егер пациенттерді жаппай тек­серуге, індет ошақтарын бақылауға, пандемияның даму сценарийлерін болжауға жасанды зерде мен үлкен деректер қолданылмағанда, эпидемия­ның ауқымы бұдан да зор болатын еді. Көптеген зерттеу көрсеткендей, ақпа­раттық технологиялардың пайдалану масштабының кеңеюі медициналық қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға көмектесті. Осының арқа­сында олардың қолжетімділігі мен нә­тижесі жақсарады, халқымыздың ден­саулығы мен әл-ауқатын көтеруге серпін беріледі. Сондықтан цифрлық деректер бүгінде денсаулық сақтау жүйесінің де маңызды ресурстарының бірі ретінде қарастырылып отыр», – деді Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Қазақстандағы кеңсесінің консультанты Ербол Спатаев.
Бұл жайт медицина саласында да дербес деректерді қорғау мәселесін өзекті етеді. Басшысын жарға шыққан бухгалтер бар Қазір кімнің қолына бөгденің элек­тронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) түссе, сол адам өзгенің өмірін басқарады. Оның атынан түрлі инстанцияларға шағым жазып, тіпті әлдебір кісіні сотқа бере алады. ЭЦҚ арқылы алаяқтық жолмен бөтен адамның бар дүние-мүл­кін тартып алуға да мүмкіндік туады. Көптеген мемлекеттік қызмет цифрлық өрісте жүзеге асырылады. Дегенмен бұған тосқауыл қою ісінде кемшілік жетіп артылады. Оларды жою үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрлігі «Әкімшілік құқық­бұ­зушылық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын әзірледі. Оған сәйкес, элек­трондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңбаға қатысты әкімшілік құқықбұзушылықтың жаңа құрамдары енгізіледі.
«Әкімшілік кодекстің 640-бабының 5-бөлігінде электронды цифрлық қол­таң­баның жабық кілтін басқа тұлғаларға заңсыз бергені үшін әкімшілік жауап­кершілік көзделген. Алайда өзге тұл­ғаның ЭЦҚ-сын заңсыз иеленген және заңсыз пайдаланған адамдар үшін заң­намада еш жаза қарастырылмаған. Сол себепті әкімшілік бұзушылықтарға, сон­дай-ақ қылмыстық жазаланатын әре­кеттерге соқтырған көптеген факті­нің жолын кесу мақсатында ЭЦҚ-ны заңсыз бергені үшін ғана емес, заңсыз пайдаланғаны үшін де жауапкершілік көз­делуі қажет», – деп түсіндірді Цифр­лық даму министрлігі.
Жалпы, 2022 жылы электрондық құжат және электрондық цифрлық қол­таңба жөніндегі заңнама талаптарын бұзу бойынша 16 әкімшілік іс қозғалып, қаралған. Қорытындысында, 15 жеке және лауазымды тұлға жазаға тартылды. Оларға жалпы сомасы 406 мың теңге айыппұл салынды. Бұл жерде осы әкім­шілік істердің бәрі тек ЭЦҚ берген, со­ның ішінде өз қолтаңбасын өзгеге сеніп тапсыра салған тұлғалардың үс­тінен қозғалыпты. Ал бөгденің цифрлық қолтаңбасын қолданғандар жазадан құтылып кеткен. дерек Мысалы, 2020-2022 жылдары қыл­мыстық істерде есепші-бухгалтерлердің компания басшысының ЭЦҚ-сын оның рұқсатынсыз пайдалануының 20 фактісі әшкереленді: олар соның көмегімен заңсыз қаржы аударған, сыйақы, жалақы есептеген. Мұндай жағдайда заң бұзушы қаражатты талан-тараж еткені үшін үстінен қыл­мыстық іс қоз­ғалса ғана жаза­ланады. Әйтпесе, жай ғана өзгенің қолтаңбасын қолдану үшін жауаптылық қарастырылмаған.
«Тәжірибе көрсеткендей, ЭЦҚ-лар­ды заңсыз берген тұлғаларды ғана жа­залау тиімсіз болып шықты. Жеке тұл­ғалардың ЭЦҚ-сын үшінші тұлға­ларға беру фактілері жалғасуда: жеке тұл­ғалардың өзінен төл ЭЦҚ алуға өті­нім түспеген. Бұл ретте өзгенің цифрлық қолтаңбасын алуға тапсырыс бергендер заң бойынша қудаланбайды. Ал бөтен адамның ЭЦҚ-сы арқылы оның дербес деректеріне, соның ішінде құпияларына қол жеткізуге болады. Сондай-ақ оның атынан ЭЦҚ және дербес деректерін пай­далана отырып, әртүрлі мәмілелер жасауға, шарттық міндеттемелер қа­былдауға жол ашылады. Осындай фак­тілердің жолын кесу және жауапкер­шілікке тарту шараларын қабылдау үшін Әкімшілік құқықбұзушылықтың жаңа құрамдарын енгізу ұсынылды», – деп хабарлады Цифрлық даму министрлігі.
ЭЦҚ-ны банктер де беруі мүмкін Егер жаңа заң қабылданып, әкім­шілік іс жүргізудің ЭЦҚ заңсыз пайда­лану атты жаңа құрамы енгізілсе, құ­зырлы органдардың қарауындағы іс­терден осыған қатысты материалдарды бөліп алып, жеке іс қозғауға мүмкіндік тумақ. Онда электронды цифрлық қол­таң­баны үшінші тұлғаның сұрауымен заң­сыз шығарып бергендер де, төл ЭЦҚ-сын бөгде біреуге бере салған азаматтар да, басқаның цифрлық қолтаңбасын пайдаланғандар да жауапқа тартылады. Әкімшілік құ­қық бұзушылық ко­дексінің 640-бабының 4 және 5-тармақ­та­рына сәйкес, жеке тұлға­ларға – 10 АЕК (34 500 тең­ге), лауа­зым­ды адамдарға, шағын кәсiп­кер­лерге – 15, орта кәсiпкерлікке – 30, iрi кәсiпкерлiк нысандарына 150 АЕК (517 500 теңге) айыппұл салынуы мүмкін. Жаңа заңнамалық түзетулер әкім­шілік құқықбұзушылықтың бірнеше жаңа құрамын енгізеді. Оның аясында тіркеу куәліктерін беру шарттарын сақтамағаны үшін, ЭЦҚ ашық кілтінің тұлғаға тиесілігін және мерзімінің жа­рамдылығын тексермегені үшін, ЭЦҚ түпнұсқалығын тексеру функционалы болмағаны үшін және басқа адамның электронды цифрлық қолтаңбасының жеке кілтін пайдаланғаны үшін жазаны қарастырады. Оларда түрлі жаза қа­растырылады деп күтілуде. Қазақстанда тұрғындарға электрон­ды цифрлық қолтаңба берумен Ұлттық куәландырушы орталық (ҰКО) айна­лысады. Десе де, болашақта орталық мемлекеттік монополиясынан айрылуы мүмкін. Бүгінде Цифрлық даму министр­лігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті «Куәландырушы орталықтарды ак­кредиттеу» мемлекеттік қызметін көр­сетеді. Комитет куәландырушы орта­лықтарды аккредиттеуден өткізіп, тиісті куәлік береді. Осы құжатқа қол жет­кізгеннен кейін аккредиттелген куә­ландырушы орталықтар тиісті бизнес процесс үшін ЭЦҚ шығару құқығына ие болады. Қазірдің өзінде ведомство 13 ұйымды куәландырушы орталық (КО) ретінде аккредиттеуден өткізді. Арасында Kaspi Bank КО, Мем­лекеттік органдардың куәландырушы орталығы, Ұлттық куәландырушы ор­талық, Forte Bank КО, Еуразиялық банк КО, Хоум Кредит банк КО, BTS Digital КО, «НИЛ Гамма технологиялары» ЖШС КО, Халық банкі КО, Ұлттық банктің Банкаралық есеп айырысу орталығы, Business&Technology Services куәландырушы орталығы және басқасы бар. Қорыта айтқанда, ақпараттың өзі қаруға айналған заманда қаскүнемдер соның көмегімен алапат залал келтіріп, азаматтарды қасіретке душар етуі ық­тимал. Бірақ бұл салада құзырлы ор­гандардың шабандық танытып, қол­дарын мезгілінен кеш сермеп келе жат­қаны байқалады. Мысалы, ЭЦҚ-ға қатысты ден қою тетіктерін қатайтатын түзетулер тек келесі жылы ғана өмірге жолдама алуы мүмкін. Себебі, Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, Президент жанындағы Цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия отырысының хаттамасына сәйкес, ұсынылған заңнамалық түзетулерді Парламентке енгізу 2023 жылдың екінші жартысына шегерілген.