Ауланың іші у-шу. Бірін-бірі түгендеп, бірін-бірі іздеп жүргендер. Бәзбіреулер бір жасөспірімді жетектеп алса, енді бірі арбаға таңылған мүгедек жанды сүйретіп барады. У-шудың арасынан көзі күлімдеген бір жігіт бізге қарсы жүрді. Есімі – Шерхан. Қызметі – «Нұрлы жүрек» орталығы директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары.
Біз барған уақытта елорда әкімдігіне қарасты мекемеде мерекелік шара өтіп жатыр екен. Сөйтсек, Ақкөлдегі «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының» қызмет алушылары бұрын өздері түлеп ұшқан қара шаңырағына келіп, тәрбиешілерімен жүздесіп, бауырларымен сағынышын басып, кішігірім концерттік нөмір дайындап келіпті. Мұндай бастаманы көтерген – Орталық директоры Нұрбол Зұлқарнаев. Оның үстіне, мұндай шара көптен бері болмаған көрінеді.
Құлдыраңдап жүгіріп, бір орыс бала жанымызға келді. Жас мөлшері – 10-11-де.
– Вася, как дела? (Есімі өзгертілді – ред.) – деп еді мекеме орынбасары.
– Хорошо, – деп оны құшақтай алды.
– Вася, руың кім?
– Арғын.
– Қазақсың ба?
– Қазақпын, – деп қояды. Өзі берген жауабына мәз.
Жүзімізден «Бұл кім?» деген сұрақты ұқса керек, Шерхан мырза: «біздің бүлдіршін, әке-шешесі бас тартқан баланың қамқоршысы – бізбіз, яғни мекеме директоры» деп түсіндірді.
– Сырқат баласынан бас тартқан ата-ананы кінәлап, мін тақпаймыз. Себебі, туабітті ерекше баланы өсіріп-жеткізу – кез келген ата-анаға үлкен сын. Мекемедегі балалардың елу пайызы – ата-анасының қамқорынсыз қалса, қалған жартысы – әке-шешесі бар балалар. Олар балаларын қарағысы келмеген соң тастаған жоқ. Керісінше, өмірлік қиындыққа тап болып, басына іс түскен жанұялар аяққа тұрғанға дейін балаларын осында әкелген.
Мысалы, Темірхан деген күн баласы бар. Яғни, диагнозы – даун синдромы. Жасы – 21-де. Әке-шешесі одан бас тартпаған. Керісінше, жағдайын түзеп алғанша, осында болуын дұрыс көрді. Ондай отбасылар аз емес. Олардың өзі сенбі-жексенбі мен мереке күндері балаларын үйіне әкете алады. Бастысы – баланың әке-шешесімен бірге болуы. Ата-анасымен өткізген уақытын, сол бір мезетті бала ұмытпайды. Қайта көңіл күйі жақсарып, өмірге деген құлшынысы оянады. Ал біз үшін баланың қуанышынан асқан бақыт жоқ, – дейді «Нұрлы жүрек» орталығы директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Шерхан Сейтқалиев.
Баланың тең жартысы – арбаға таңылған жандар
Астана әкімдігіне қарасты елордада «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы психоневрологиялық патологиясы бар 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған. Ғимаратының бір корпусында әке-шешесі бас тартқан ерекше балалар кәмелеттік жасқа толғанға дейін өмір сүреді. Олардың саны – 120. Қызмет тегін көрсетіледі.
– Жалпақ тілмен айтқанда, біздің мекеме – мүгедек балаларға арналған жетімдер үйі. 120 баланың ішінде оннан астамы даун синдромы, тағы он шақтысының диагнозы – аутизм. Негізі басым көпшілігі ДЦП, яғни арба мен төсекке таңылғандар. Ал қалғаны ақыл-есі кем жандар. Олар бізде политив топ деп аталады. Бүкіл жұмыс күші осында жұмылдырылған, – дейді Шерхан Сейтқалиев.
Бір топта 8-9 баладан топтастырылады. Әр топтың қарайтын тәрбиеші мен күтушісі болады. Ал политив топта түнгі кезекшіге дейін бар.
«Біздің мекеме аурухана не болмаса сауықтыру орталығы емес, әлеуметтік қызмет көрсету орталығы. Соған қарамастан біз барынша балаларға ем-домын жасаймыз. Бірақ бізде туабітті сырқатынан айыққанның саны саусақпен санарлықтай ғана. Олар Астана қаласындағы коррекциялық мектепке жіберіледі. Бұл мамандарымыздың қажырлы еңбегі, жеңісі деп білеміз. Әйтпесе, туабітті сырқатпен дүниеге келген баланы толыққанды айықтыру мүмкін емес. «Үмітсіз шайтан» демекші, біз секілді әрбір бала да, ата-ана да жақсыға үмітті» деген директордың орынбасары былтыр коррекциялық мектепке 6 бала, оған дейінгі жылдары 12 бала ауыстырылғанын сөз етті. Мекемеде 8 арнайы әлеуметтік қызмет түрі бар. Олар: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық қызметтер. Ал үш ғимараттан тұратын мекемеде сенсор бөлмесі, монтессори бөлмесі, тігін, слесарь шеберханасы, лекотека, компьютерлік сыныптар, ойын лабиринттері кешені, ЛФК, физиотерапия және галотерапия, басқа да кабинеттер бар. Аумағында спорт тренажерлары мен антивандалды ойын кешендері, футбол, баскетбол және волейбол алаңдары ашылған.
Политив топта жатқан балалардың мекенін көруге ішке енгенде, кіреберістегі бөлмеде төсекте төрт жасар кішкене қыз жатқанын көрдік. Тыныстауы жеңілдеуі үшін оның аузына құрылғы қойылған. Тамағы тесілген, жиналған қақырықты түтікшемен сорып алып күтуші отыр. Ол төсекке таңылған бүлдіршіннің жанынан кете де алмайды. «Өзіміздің баламыздай, қарамай қалай отырамыз. Әйтеуір, қиналмасын деп қолдан келгенін істейміз. Осыған үйреніп те қалдық. Істегеніме он жыл болып қалды», – дейді күтуші.
Ал арбаға таңылған 30-дан астам бүлдіршін кіп-кішкентай болып, шөгіп қалған. «Қозғалыс болмаған соң, бұл балалардың бойында қан дұрыс жүрмейді. Салдарынан қу сүйек болып, шөгіп қалған» деген күтуші тоңып қалмас үшін қабаттап киіндіріп қойған.
– Біздің қызметкерлер басы байлы өздерін жұмысқа беріп тастаған. Әр бүлдіршінді өз баласындай қарайды. Арасында тәрбиешілеріміз еңбек демалысына шыққанда естияр балалар қиналып, жібергісі келмейді. Ата-аналар да тәрбиешінің ауыспай, қала бергенін қалайды. Өйткені әрбір тәрбиеші өз тобындағы әр баланы қас-қабағына қарап, оған не керегін жақсы біледі. Әрине, баланың өзіне қолайлы ортасынан шықпағаны дұрыс. Бірақ заң бойынша олар да демалу керек және уақытша нәрсе, – дейді «Нұрлы жүрек» орталығы директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары.
Баланың дәретханаға бара алуы – үлкен жеңіс
Шерхан Сейтқалиевтың айтуынша, мекеме мамандарының мақсаты – осындай балалардың әлеуетті мүмкіндіктерін дамыту үшін барынша қолайлы жағдай жасау және оларды қоғамда әлеуметтендіру, сондай-ақ ақыл ойы мен дене бітімінде кемшілігі бар балаларды оңалту, түзету және бейімдеу жұмыстарын жүргізу.
– Кейбір ата-ана «баламның сөйлеп кетуін қалаймын» деп жатады. Өкінішке қарай, баланың туабітті сырқатын мамандар толыққанды жаза алмайды. Яғни, оның тілін шығару қиын болады. Себебі, біздің мекеме – әлеуметтік қызмет көрсету орталығы. Баланы қоғамға үйретіп, әлеуметтендіру. Мысалы, баланың дастарқан басында дұрыс отырып, қасығын ұстай алуы не болмаса дәретханаға өз еркімен баруы – біз үшін үлкен жеңіс. Әке-шешесі бас тартқан, туабітті сырқаты бар нәресте әуелі Астанадағы әкімдікке қарасты «Мамандандырылған балалар үйі» мемлекеттік коммуналдық мекемесіне түседі. Үш жасқа дейін сол жердегі дәрігерлердің бақылауында болады. Егер баланың ақыл-есі дұрыс, қоғамға бейімделуге мүмкіндігі бар жандар бізге ауыстырылады. Одан кейін балалармен логопед, психолог, массажист, ән мұғалімі, денешынықтыру мұғалімі секілді мамандарымыз айналысады, – деді Шерхан Маратұлы.
«Әйтеуір, барынша балалардың бос уақытын пайдаға жаратуға тырысып, спорттық сайыстар, мерекелік шаралардың өтуі, олардың оған қатысуын қадағалаймыз. Негізі әр баланың ой-өрісіне байланысты жұмыс атқарылады. Егер оқып-тоқуға икемі болса, оқытамыз. Алайда көбіне бүгінгі айтылған дүниені топта бес баланың ертең біреуі ұмытып қалуы мүмкін. Оған өткенді қайталау керек. Жалпы, біздегі дені сауы, өзін-өзі алып жүре алатын балалар – даун синдромына шалдыққандар. Өкінішке қарай, олардың өзі сөйлей алмайды. Бағана айтқанымдай, олардың өзі тамақтанып, дәретханаға бара алуы – біз үшін үлкен жеңіс. Ал енді олардың әріп танып, оқуы өте қиын дүние. Бірақ ынтасы бар баланы оқытудан, үйретуден жалықпаймыз», – деді Шерхан Сейтқалиев.
Көбісі сырқат баланы асырап алудан қашады
Шерхан Сейтқалиевтың айтуынша, балаларды асырап алуға ниет білдіріп, хабарласатындар көп. Бірақ көргеннен кейін көбі ойынан айнып жатады екен.
– Балалар үйі деген соң бізге хабарласатындар көп. Бірақ көбісі олардың туабітті сырқат екенін біле бермейді. Сол кезде «сіздер ерекше балалармен айналысуға, оны қолға алуға дайынсыз ба» дегенге «әрине, дайынбыз» деп бой бермейді. Сондайда «алдымен сіз бізге келіңіз, балаларды көріңіз» деймін. Артынан балалардың жылап жатқанын, күтушілердің бұтын ауыстырып, әуре болғанын көріп, ойынан айнығаны аз емес. Енді бірі «сіз жүзден аса бала бар дедіңіз, соның елуін көрсетсеңіз» дейді. Ондай кезде «кешіріңіз, сізге сонша баланы көрсете алмаймын. Себебі, оның ішінде сөз түсінетін, өз ойын толық жеткізе алатын тек 5-6 бала шығады. Ал қалғаны сіздермен сөйлеспек түгілі, өздігінен тамақтана алмайды» деп төсекке таңылғандарды көрсетемін, – дейді ол.
Оның айтуынша, бала асырап алу жағдайы өте сирек кездеседі. Жеті жылдық тәжірибесінде бір ғана бала асырап алынған. Оның өзі патранаж отбасы екен. «Ол кезде Нәйля 5 жаста еді. Диагнозы – ақыл-есі кем. Оны асырап алғанда мекемедегі бүкіл қызметкер жылады. Қазір ол 10-ға толды» деген Шерхан Сейтқалиев әлі күнге дейін баланың ата-анасымен сөйлесіп, байланысып тұратынын айтты.
– Істеген жеті жылдың ішінде 5-6 ата-ана өз құқығын қайтарып алды. Соның төртеуін кезінде әке-шешесі перзентханада тастап кеткен екен. Олар баласын бірден әкете алмаса да, уақытын бірге өткізе алады. Бала да өзінің керек екенін сезінеді. Ерекше баланы өсіру – кез келген ата-ананың қолынан келе бермейді. Олардың өзіне бұл – үлкен сынақ. Мысалы, даун синдромына шалдыққан баланы ата-анасы 10 жылдан кейін іздеп келген. Әйелдің сөзінше, жастығы бар, жағдайы да болмаған. Уақыт өте қателігін түсініп, ата-ана құқығын қайтарып алмақ болған. Оның өткенге деген өкінішін байқадық. Баласының қасынан шықпай, бүкіл уақытын сонымен өткізді. Жалпы, балаға жетіспейтіні – мейірім, махаббат, ыстық-ықылас. Құшағына алып, мейірімін төккен ана махаббаты әсіресе, сырқат баланың жанына медеу ғой. Әйтпесе, іш киімнен бастап, қажетті құрылғыларға дейін мемлекет қамтып отыр, – деді Шерхан Сейтқалиев.
Кез келген бала әке-шешесін күтеді
Ақкөлдегі «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан» келген 25-ке жуық қызмет алушы елді өз өнерімен тамсандырды. Оны көрген Шерхан мырза «Бәрі өсіп кеткен, оларды көріп, қуанып қалдық. Бүлдіршіндеріміз 18 толғанда Ақкөлге жіберуге қимай, қоштасарда көз жасымызды тыя алмаймыз» дейді. Алайда қазір ол жақта орынның жоқтығынан кейбір балалар кәмелеттік жасқа толса да, әлі осында.
– Ақкөлде әзірге орын жоқ. Ал олардың «сенің уақытың келді» деп шығарып тастай алмаймыз. Оның үстіне, есейіп, ер жеткен соң осында өзі де қала алмайды. Себебі бала өз қатарластарымен болғанды қалайды, онысы дұрыс, – дейді Шерхан Сейтқалиев.
Сөйтіп, Астанадан 80 шақырым жерде тұратын Серіктің әкесіне бардық. Қыстың қақаған суығы, дала борап тұр. Кезігіп қалармыз деген оймен барғанша жол бойын қарап, таппадық. Әкесінің үйінде де болмай шықты. Төрт сағат өтті. Қандайда хабар болса әкесі ескертетінін айтты. Қайтар жолда жұқа жемпірмен кетіп бара жатқан баланы көріп қалдық. Сөйтсем, Серік екен. Шақырып алып, көлікке отырғыздым. «Бұл жерге қалай келдің?» десем, «таксимен» дейді. Отырған таксиі ақша сұраған, ол жоқ деген соң, жол ортада түсіріп кеткен. Осы жерге дейін ол 6 көлік ауыстырып келген. Жаным ашып, әкесіне қоңырау шалдым. Үйден 10 метрдей жерде тұрмыз. «Біз сырттамыз, келіп кетіңізші, сізді бір көрсін» деп едім, «жоқ, алып кетіңіз» деді. Әлгіні естіген бала да жылады, мен де жыладым. Көңіліме қаяу түсірген сол бір мезет, – дейді Шерхан Сейтқалиев.
Арасында туғанын көргісі келмейтін де жағдай болған. Оның айтуынша, Арнольд деген бала болған (Есімі өзгертілді – ред.). Қазір ол Ақкөлге ауысқан. Арбаға таңылған жан.
– Өзі кез келгенмен тіл табыса қоймайды. Бірақ өзім деген жанға ойын айта алады. Әкесі ішіп алып, баланың көзінше шешесін пышақтап тастаған. Сөйтіп, 8 жылға сотталған. Содан кейін Арнольд бізге түскен. Бір күні ол өзінен-өзі мазасы қашып, қайта-қайта «керек емес» дей берді. Әуелде ешқайсымыз түсінбедік. «Он убил мою маму, не хочу видеть» деп айқай салды. Сол кезде ол әкесінің келгенін сезген. Ал әкесі түрмеден шыға салып, оны көруге келген. 8 жыл өтсе де баласының өкпесі барын білген әке үндеместен кетіп қалды, – дейді ол.