Елордада алғашқы өңірлік мерзімді басылымдар форумы өтті. Басқосуға еліміздің әр өңірінен 200-ден астам делегат келді. Олардың қатарында өңірлік басылым басшылары, бас редакторлар, журналистер, редакция қызметкерлері бар. Жиынға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов арнайы қатысты.
Екі күнге созылған басқосуда түрлі сессиялар, мастер-кластар, тағылымды талқылар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, өңірлік БАҚ-ты дамыту, журналистің ықпалы мен мәртебесі, газеттегі жарнама және монетизация әдістері, конвергенттік журналистика, газет тарату және жеткізу, баспа БАҚ-та балалар контентін қалыптастыру, тіл тазалығы секілді панельдік сессияларда маңызды мәселелер талқыланды. Шараға 30-дан аса спикер қатысып, сөз сөйлейді.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің форумда жасаған баяндамасын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
РЕДАКЦИЯДАН
Мерзімді басылымдар, оның ішінде өңірлік БАҚ журналистиканың алғашқы мектебі, алғы шебі іспетті. Аудан-аймақтарымыздың ардақты азаматтары, зиялылар қауымы топтасатын өнегелі орта. Қазақтың көптеген көрнекті тұлғалары тырнақалды туындыларын сонда жариялап, елге танылды.
Былтыр өңірлерге сапарлар кезінде көптеген басылымдардың редакциясына арнайы барып, жай-күйімен жақын танысқан едік. Сол кезде өңірдегі өзекті мәселелерді Астанада ойласамыз деп уәде еткенбіз. Соның орайы бүгін келіп отыр.
Бүгінгі басқосу өңірлердегі басылымдардың түйінді мәселелерін талқыға салып, болашақты бағамдауда пайдалы болады деген ойдамыз.
Біз бұған дейін отандық медиа индустрияны дамыту, іскерлік қатынастарды күшейту мақсатында Astana Media Week халықаралық медиа апталығын ұйымдастырған едік. Сондай-ақ аймақтағы өзекті мәселелерді ортаға салып, ортақ ақпараттық кеңістік құру мәселесі көтерілген Орталық Азия медиа форумын өткіздік. Оған өзге мемлекеттерден экс-президенттер, әлемдік медиа саласының белгілі мамандары, Пулицер сыйлығының иегерлері бастаған 300-ден астам делегат қатысты. Енді міне, өңірлік мерзімді басылымдардың хал-ахуалын аңдап, жағдайын талдап, бағыт-бағдарын саралаудың кезегі келді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Журналистер өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуға тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары бекер «төртінші билік» атанбаса керек. Сол себепті сіздер жұрттың санасы мен сезіміне ықпал ету мәселесіне мұқият қарағандарыңыз жөн», – деп атап өткені белгілі.
Цифрлық технологиялар адамзаттың ақпарат тұтыну әдеттерін түбегейлі өзгертті. Бүгінде газет-журналдардың таралымы төмендеп, оқырмандар ақпаратты негізінен интернет-ресурстардан алатын күнге жеттік. Соның салдарынан көптеген басылымдар өз жұмысын тоқтатуға немесе тираж санын күрт азайтуға мәжбүр болды. Әсіресе, пандемия кезінде дәстүрлі баспалар күрделі тектоникалық өзгерістерді бастан кешірді. Бұл қиындықтар өңірлік басылымдарды да айналып өткен жоқ. Тиісті талаптарға сай келмегендіктен, бөлінген қаражаттардан құр қалып отыр. Кейбір БАҚ-тар түрлі себептермен жекешеленіп те кетті. Мәселен, аудандарда 159 газет жекеге өткен.
Бірақ біз өңірлік басылымдарды жекеменшік не мемлекеттік деп бөлмей, барлығына да қолдау көрсетуге әзірміз. Таралымның азаюы, басылымдардың жабылуы бізді ғана емес, бүкіл әлемді мазалап отырған түйіткілді түйін. Мысалы, АҚШ-та 2005 жылдан бері 2 500-ден астам газет, ал Ұлыбританияда 265 газет жабылған. Көршілес Ресейде соңғы он жылдықта газеттер мен журналдардың саны 40% төмендеген.
Осы күнге дейін елімізде жабылған газет-журналдардың нақты себептері терең ғылыми тұрғыда зерттеуді қажет етеді. Қазақстандық қоғамдық даму институты медиа саласындағы осындай мәселелерді кешенді түрде талдап, нақты қорытындылар шығаруға тиіс. Біз қандай шешім қабылдасақ та, ғылыми негізге сүйенгеніміз жөн.
Алқалы кеңесте осы мәселелердің шешу жолдарын бірлесе қарастыру үшін өз ойларымды ортаға сала кеткім келеді.
Біріншіден, біз журналистердің құқықтық мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында «Масс-медиа туралы» заң қабылдауды көздеп отырмыз. Халықаралық тәжірибелерді ескере отырып әзірленген жаңа заң таяуда жұртшылық талқылауына шығарылды. Бұл заң жобасы кәсіби журналистің қоғамдағы орнын айқындап, әлеуетін көтереді деп ойлаймыз.
Сонымен бірге Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі заңға түзетулер әзірленуде. Ұсынылған өзгерістер, азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектеген мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтеді.
Екіншіден, Ақпараттық доктрина талқылаудан өтті. Сондай-ақ Ақпарат саласын дамытудың 2023-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын дайындауға кірістік.
Үшіншіден, аймақтағы басылымдарды қаржыландыру тетігі мен ережелерін қайта қарастырып жатырмыз. БАҚ-қа берілетін мемлекеттік тапсырыстың талаптарын жеңілдетуге мүдделіміз. Атап айтқанда, жергілікті БАҚ-ты қолдау тарифтері 2019 жылдан бері өзгермегені белгілі. Соған байланысты біз тарифтерді ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл шаралар жобалық тәсілде өңірлік мемлекеттік ақпараттық тапсырысты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жергілікті БАҚ-қа жаңа серпін беріп, оң әсер етеді деген сенімдеміз.
Төртіншіден, Қазақстандық қоғамдық даму институты базасында журналистердің біліктілігін арттыру және салалық журналистиканы дамыту мақсатында шеберлік сыныптары өткізіледі.
Басылымдардың келбетін қалыптастыруда сапалы дизайн мен фотоның орны ерекше. Осы ретте газет дизайнын, макетін жетілдіру бағытында халықаралық тәжірибелерге негізделген арнайы дәрістер ұйымдастыру жоспарда бар. Сонымен қатар фотожурналистиканың дамуына ықпал ететін іс-шаралар ретін бастап та кеттік. Өздеріңізге белгілі, Орталық Азия медиа форумына келген Пулитцер сыйлығының иегері, фотожурналист Лиу Шин журналистерге мастер-класс өткізді. Әйгілі фотографпен бірлескен жоба талқылануда.
Сондай-ақ өңірлік газеттер-журнал қызметкерлерінің біліктілігін шыңдау мақсатында жақында ғана қайта құрылған «Қазақ газеттерінде» және «Қазконтентте» тәжірибе алмасу жобасы іске қосылады. Жыл бойы өңірлік баспа басылымдарының өкілдері Egemen Qazaqstan және «Казахстанская правда» сияқты іргелі басылымдарда тәжірибеден өтуге мүмкіндік алады.
Бесіншіден, өңірлерге сапарлар және осы форумға дайындық кезінде аймақтардағы кейбір басылымдардың тіпті сайты да жоқ екенін анықтадық. Ал кейбір өңірлік басылымдар республикалық деңгейде тарап отырғанын, сайттарының да жақсы жұмыс істейтінін көрдік. Осыны ескере отырып, өңірлік басылымдардың сайттарын жасау және қолдау, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану бойынша әдістемелік көмек көрсетіледі.
Алтыншыдан, пост-шындық кезеңінде шындығымызды жоғалтып алмас үшін, баршаға ортақ ережелер мен заң талаптарын басшылыққа алғанымыз жөн. Онлайн-платформалар мен интернет-жарнаманың қызметін реттейтін жаңа заң әзірленуде. Бұл заң жобасы шеңберінде қолданушылардың жауапкершілігі күшейеді. Осы орайда басылымдарымыздың жарнама берушілермен жұмысты жүйелі жолға қойғаны абзал.
Жетіншіден, басылымдарды тарату төңірегінде түйткілді түйіндер бар екенін білеміз. Министрлік «Қазпошта» акционерлік қоғамымен баспа басылымдарын уақтылы жеткізу, жазылуға оңтайлы жағдай жасау туралы меморандумға қол қойды.
Сонымен қатар жаңа заң аясында басылымдардан қосымша құн салығын алып тастау қарастырылып жатыр. Бұл жұмыстар да өз нәтижесін береді деген ойдамыз.
Сегізіншіден, ақпараттық қауіпсіздік мәселесі де назарда болуы керек. Сондықтан елдің шекаралас аудандарында отандық радиохабарлармен қамтуды кеңейту жұмысы күшейтіледі. Шекаралас аймақтарды радиохабар таратумен толық қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Тоғызыншы, өңірлік БАҚ-ты қолдау үшін оларда жарық көрген мазмұнды мақалаларды республикалық басылымдарда жариялау тәжірибесін жалғастырған жөн. Мысалы, Egemen Qazaqstan газеті мұндай үрдіс 2017-2018 жылдары жүзеге асырылған еді. Бұл арқылы ұлттық журналистикадағы шығармашылық байланыстар нығайып, өңірлік мәселелерге тұтас еліміздің назарын аудара аламыз.
Оныншы, шалғай аймақтардағы басылымдарда шыңдалып шыққан жас журналистерді үлкен басылымдарға жұмысқа тарту мәселесін де назарда ұстау керек. Буын алмасуы, дәстүр сабақтастығы сәтімен жалғасуға тиіс.
Қазір дәстүрлі БАҚ-пен қатар, жаңа медиа қарқынды дамып жатыр. Оқырманның талғамы мен сұранысы да өзгерді. Технологияның дамуымен баспа саласы да алға жылжыды. Газеттің форматы мен формасы да жетіле түсті.
Соңғы жылдары дәйекті, дәлелді ақпаратқа сұраныс артты. Пандемия кезінде желідегі жалған ақпарат пен конспирологиядан көз сүрінді. Тұрақсыз кезеңде адамдар жалған мен шынның аражігін ажырату үшін сенімді дереккөзге жүгінді. Оны газеттер мен телеарналардың жоғары рейтингінен байқадық.
Жалпы, сапалы журналистика ұсынатын басылым ретінде дәстүрлі БАҚ-тың құндылығы арта берері анық. Газеттер соңғы оқырманы қалғанша шыға береді. Бірақ баршамыз оның сапалы шығуына қызмет етуге тиіспіз.
Газет – тілдің өрісі. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, көптеген жаңа терминдердің орнығуында газет журналистерінің еңбегі орасан. Газет тіл құнарлығын сақтап, оқу мәдениетін қалыптастырады. Сондықтан интеллектуалды журналистиканы дамытуға мүдделіміз.
Осы ретте бас басылымда еңбек еткен жылдардағы өзімнің жеке тәжірибемді бөлісе кеткім келеді. Egemen Qazaqstan газетіне қызметке келген кезде әріптестер назарына «8С»-дан тұратын стратегияны ұсынған едік.
Атап айтсақ:
- Сапалы формат;
- Сауатты контент;
- Сенімді дерек;
- Сараптама;
- Сын (конструктивті);
- Салиқалы сұхбат, сүйекті дүниелер;
- Сөйлейтін сурет;
- Сайт.
Бұл стратегия өз нәтижесін берді деп ойлаймыз. Газет трансформацияланды, жаңа мазмұнда шыға бастады. Өйткені сапалы да салмақты дүниелер әрдайым оқырман талғамына, уақыт талабына жауап берері анық.
Біздің жиын жыл басындағы кеңесу, алдағы бағыт-бағдарды бағамдау іспетті. Сондықтан бұл басқосу тұрақты негізде өтіп тұрады деп жоспарлап отырмыз. Өңірлік мерізімді басылымдар форумы бейнелеп айтсақ, ұстаздар қауымының тамыз кеңесі сияқты дәстүрге айналдаруды ұсынамын.
Редакторлардың редакторы, баспасөздің баһадүрі атанған Шерхан Мұртаза «Бас редактор – қоғамның бас дәрігері» дегені баршаңызға белгілі. Қазақстанның әр қиырында қажырлы қызмет етіп, «ауданды жұртымыз, алқалы еліміздің» өсіп-өркендеуіне зор үлес қосып жүрген әріптестеріміздің еңбегі орасан. Олар ордалы отыз жыл ішінде заманның қыспағына қажымай, газетті сақтау үшін жанқиырлықпен қызмет етіп келеді. Бұл – кәсібіне адалдықтың айқын дәлелі.
Екі күнге созылған жиын өңір басылымдарының түйінді мәселелерін талқыға салып, болашақты бағамдауда өз септігін тиігізеді деген ойдамыз.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
Ақпарат және қоғамдық даму
министрі