Саяси реформалардың сабақтастығы
Саяси реформалардың сабақтастығы
Фото: kyzylorda-news.kz
382
оқылды
Наурызда Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау өтпек. Бұл жолғы сайлаудың жөні бұрынғылардан бөлек болғалы тұр. Өйткені өз­герістер жетерлік. Мәжіліс депутаттарының ман­даты қысқарды, кейбір белсенді азаматтар партияға мүше болмай-ақ, өзін ұсынуға мүмкіндік алды. Саяси реформалардың заңды жалғасы саналған кезекті сайлаудың қандай артықшы­лықтары бар? Осыған орай сарапшылардың пікірін сұрап көрдік. Жанар Жанар САНХАЕВА, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері:

Елемеуге болмайтын ерекшеліктер көп

– 2023 жылдың 19 нау­рызында Парламент Мә­жілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтеді. Қазіргі сайлаудың ерекшелігі оның аралас сайлау жүйесі бойынша өткізіліп, ұйым­дас­тырылуында. Қазақстанда бір ман­датты округтер бойынша соңғы сайлау 2004 жылы өтті, бұл сайлауды ақпараттық қамтамасыз етуді күшейту мәселесін өзекті етеді. Яғни, дауыс берудің ерек­шеліктері мен сайлаудың пропорционалды-ма­жоритарлық жүйесі туралы түсіндірме жұмысын жүргізу бар. Бір айта кетерлігі, өткен сайлаудың қорытындысы бойынша пар­тиялық тізімдегі әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота беру нормасы жүзеге асырылып, парламенттік оппозиция институты да енгізілген еді. Биылғы сайлау науқаны да жаңа сайлау шарттарымен ерекшеленетін болады. Олардың қатарына саяси партияларды тіркеу үшін мүшелер санын қысқарту жатады, бұл іс жүзінде жаңа партиялық қозғалыстарға жол ашты. Мәселен, сайлау жарияланған кезеңде «Байтақ» және «Республика» атты екі жаңа партия тіркелген. Партияларды құрудың жаңа тәртібінен бөлек, партиялардың Парламентке кіруіне қойылатын шекті кедергі де төмендетілді. Осының бәріне бір мандатты сайлау округі бойынша кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары да қосылып, жаңа сайлау тартысы артады. Бір мандатты үміткерлер Мәжілістегі 29 орынға таласады. Өңірлік деңгейде де айтарлықтай белсенді сайлау науқаны күтілуде. Облыс және Астана, Алматы және Шымкент қалалары мәслихаттарының депутаттары партиялық тізім бойынша да, бір мандатты округтер бойынша да сайланады. Ал аудандық мәслихат депутаттары толықтай бір мандатты округтер болады.   Ермек Ермек ТОҚТАРОВ, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы:

Парламентте пікірталас жанданады

– Ең алдымен Сенат сай­лауы 2022 жылы бас­талған саяси үдерістің маңызды бөлігі болды. Парламенттің жоғарғы палатасының жаңарған құрамының қалыптасуы саяси жүйені қайта жаңғырту жолындағы тағы бір қадам жасалды. Сенат сайлауы жергiлiктi және респуб­ликалық деңгейдегi өкiлдi органдар ара­сындағы байланыстылықты көрсететінін ерекше атап өткен жөн. Мәслихат депутаттары Сенат депутаттарын сайлайды. Бұл халық өкілдерін бір­тұтас заң шығарушы билік жүйесіне байланыс­тыратын маңызды тетік. Конституциялық реформа мен референдумнан кейін Сенаттың өкілді рөлі күшейтілді. Енді Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілетті мүшелері сенатор мәртебесін алып, Сенаттағы президенттік квотаның бір бөлігі болды, ол өз кезегінде 10 адамға дейін қысқарды. Әр облыстан және республикалық маңызы бар қаладан 2 сенатор сайланады. Бұл Парламенттің жоғарғы палатасында аймақтардың тең өкілдігін алуға мүмкіндік береді. Осылайша, Сенат біртұтас мемлекеттегі аймақтардың теңдігін және әрбір аймақтың мемлекеттік маңызы бар шешімдерді қабылдауға қатысуын біл­діреді. Парламет Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлауға тоқталғанда, үгіт-насихат басталғанша жергілікті көшбасшылар, олардың адами капиталына назар аударуымыз керек екенін айтқан жөн. Қандай адамдар депутат болады, сайланады, олар қандай сұрақтарды көтереді. Тіпті, этикалық-моральды тұр­ғыдан басқа азаматтардың мүдделерін қорғап, оны да қарауымыз керек. Өйткені бұл мандаттың бір ерекшелігі – сайлаушылар оны қайтарып алуға мүмкіндігі бар. Сондықтан бұл өте маңызды.