Берет – батырлық белгісі
Берет – батырлық белгісі
Генерал болуды кез келген сарбаз армандауы мүмкін. Ал күрең не қара түсті беретке иелік ету мүмкіндігі үшін тек қана әскердегі арнайы құрамалардың сапындағы таңдаулы жауынгерлер ғана тәуекел етеді. Әлбетте, аса жауапты әскери операцияларды орындап, ең қиын да, күрделі тапсырмаларды мүлтіксіз орындау міндеті жүктелген мұндай құрамалардың сапына кім көрінгеннің алынбайтыны мәлім. Демек, ерекше беретті кию бақыты арнайы жасақтардың қатарындағы «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» сарбаздарға бұйырса керек. Сондықтан беретті батырлық пен батылдықтың, табандылық пен төзімділіктің белгісі деуге әбден болады. ҚҰРЫШ БІЛЕКТІ ҚЫРАНДАР Қара берет Мемлекеттік күзет қыз­ме­ті­нің жеке құрамы үшін кәсібиліктің символы саналады. Алғаш рет бұл айырым белгісі 2007 жылы ен­гізілген. Содан бері жүзге жуық қызмет­кер мен әскери қызметші осы ерекше бас киім­ді кию құқығына ие болды. Қара берет мәртебесін табыстау, оны киіп жүру құқығын беру бойынша сынақ ар­найы ережеге сай өткізіледі. Қара берет кию құқығын беру бойынша кеңес Мем­ле­кеттік күзет қызметінің құрылымдық бө­лім­шелері мен әскери бөлімдерінен қа­тысу­шыларды алдын ала мұқият іріктеп ала­ды. Үміткерлерді іріктеу барысында олар­дың жедел-қызметтік іс-әрекеттегі оң нәтижелері, жақсы мінездемесі, оқу жы­лын­дағы жауынгерлік және арнайы дайын­дық бойынша қорытынды бағасы еске­рі­леді. Денсаулық жағдайы да күрделі сынақ­тар­ға төтеп бере алатындай болған жөн­. «Қара берет» иегері болу жолындағы сайыс жыл сайын Қазақстан Республикасы Мем­лекеттік күзет қызметі бастығының бұй­рығымен өткізіледі. Үміткерлер мықтының мықтысын анықтау үшін жан аямай сайысады. «Қара береттен» үміткерлер барлық жа­ғы­нан кәсіби шебер болуы тиіс, яғни тео­рия­лық білімімен қоса, практикалық дағды-ма­шығы да қажетті деңгейде дамыған, мо­ральдық-психологиялық тұрғыдан ұс­там­ды, шыдамды болуы маңызды. Сайысқа қа­тысушылар атыс қаруларын меңгеріп, оларды епті қолдана білуі тиіс. Шарт бойын­ша үміткерлер бірнеше сынақ ке­зеңі­нен өтеді. Олар теориялық сынақ, атыс дайын­дығы, дене даярлығы, жүзу мен жо­рық-жүгіріс тапсыру, кедергілер жолағымен жү­ріп өткен соң жекпе-жек алаңында қар­сыласқа тізе бүкпей шыдас беруі қажет. Тиіс­ті комиссия әділ төрелік жасап, сайыс шарт­тарының сақталуын қатаң қадаға­лай­ды. Кей жылдары додаға жүзге жуық жауын­гер түссе, соның оншақтысы ғана сайыс соңына жетіп, аңсаған қара беретін киеді. Күрделі сыннан сүрінбей өткендерге ҚР МКҚ бастығының орынбасары, «Қара бе­рет» бас киімін кию құқығын беру бойын­­ша комиссия төрағасы ерекше айы­рым белгісін салтанатты сап алдында та­быс­тайды. Мемлекеттік күзет қызметінде «Қара бе­рет­ке» ие қызметкерлер мен әскери қыз­метшілер бауырластығы қалыптасқан. оқу-жаттығу Жеке құрамның үздігі саналатын қара берет иегерлеріне белгілі бір жауапкершіліктер де жүктелген. Мы­салы, олар өздерінің кәсіби, жауынгерлік және дене шынықтыру дайындығын тұ­рақ­ты арттыруға, жоғары моральдық-пси­хо­ло­гиялық қасиеттерін және Мемлекеттік кү­зет қызметінің абырой-беделін сақтауға мін­деттелген. Олар өздерінің әріптестеріне жауынгерлік және арнаулы дайындық бағ­дарламаларын игеруге жәрдемдесуді, ұжымда қызметтік тәртіп пен құқықтық тәртіпті нығайтуға көмектесуді міндетті. Осылайша, ерекше айырым белгісінің иегерлері Мемлекеттік күзет қызметі жеке құрамы үшін ғана емес, әскери және ар­наулы органдар жауынгерлерімен бірге, жал­пы, қазақстандықтар үшін ерлік пен батылдық, абырой мен намыс, ерік-жігер мен күш-қуаттың үлгісі бола алады. Олар өздерінің темірдей тәртіпке бағынған, батыл, мықты, табанды бейнесі арқылы жас­тарды Отанның тыныштығы мен қауіп­сіздігін қорғау ісіне шақыруға, қоғам ара­сын­да әскери қызметтің беделін арттыруға да үлес қосады. «БҮРКІТТІҢ» БАТЫЛ ҰЛАНДАРЫ Жауынгерлерді сөзге тартсаң да, олар мұндай түсті берет кию сап­та жүрген әр сарбаздың арманы бол­ға­ны­мен оған қол жеткізу мыңның біріне ға­на бұйыратын бақ екенін растайды. Өйт­кені күрең, не қара беретті иелену үшін сар­баздар түрлі сынақтан сүрінбей өтіп, өзі­нің физикалық, әскери тактикалық дайын­дығының жоғары екенін көрсетуі ке­рек. Нәтижесінде, кез келген кедергіні еш қиындықсыз еңсерген, болаттай берік сар­баздар элиталы әскери құрама үшін ең құр­метті айырым белгісін иеленеді. Қы­зы­ғы, берет өзге әскери шен немесе лауазым се­кілді жауынгердің материалдық-әлеу­мет­тік жағдайын жақсартуға әсер ете қой­май­ды. Сонда да болса таңдаулылар ғана ие­ле­не­тін бас киімді кию құқығы үшін жан алы­­сып, жан берісетін күреске тәуекел ету­шілердің қарасы қалың. Әдетте, мұндай тәуе­кел өзін-өзі ақтамай жатады. Сөйте тұра, беретке үміткерлер қатарынан бір­не­ше жыл бойы сынақтан сүрінсе де, мақ­сат­қа жету жолында алған бетінен қайт­пай­тын жауынгерлерді кезіктіруге болады. Бүгінде Ұлттық Ұланның арнайы мақ­саттағы «Бүркіт» бөлімшелері­нің ең таңдаулы ғана жауынгерлері киетін күрең береттің тарихы Кеңес одағынан бас­талады. 1978 жылы күрең түсті бас киім­ді КСРО-ның Ішкі әскерлерінің арнайы мақ­саттағы жасағының жауынгерлері ки­ген. Ол кезде береттің дәл осы түстен таң­далуына Ішкі әскердің әскери фор­ма­сын­дағы шеннің күрең түсті болуы себеп бол­ған екен. Осылайша, басшылық тігін фаб­­­­рикаларының біріне күрең түсті 25 бе­ретке тапсырыс берген. Арада 10 жыл уақыт өт­кен соң сол кездегі рота командирлерінің бі­рі Сергей Лысюк пен оның арнайы дайын­­д­ық жөніндегі Виктор Путилов күрең беретті «емтиханнан» сүрінбей өткендерге ғана беру туралы шешім шығарыпты. Олар бұл идеяны АҚШ-тың арнайы мақсаттағы әс­кери құраманың бұрынғы қызметкері Ми­клош Сабоның «Альфа» командасы» атты кітабынан алған. Бұл кітапта автор «Жа­сыл береттілерді» іріктеу, жасақтау жә­не оларды дайындау процесі жайында жан-жақты баяндайды. Осылайша, кеңес әс­керіне де күрең беретті кию арнайы сынақ­тан өту талабы пайда болды. Жа­сы­ратыны жоқ, алғашында бұл сынақтар жа­сақ­тағы кешенді бақылау жаттығулардың ая­сында өткізіліп жатты. Елімізде Ұлттық ұланның арнайы мақ­саттағы «Бүркіт» бөлімше­лерінің жауын­герлері 21 жылдан бері күрең бе­ретті иелену үшін түрлі кедергілерді ең­серіп жүр. Өткен жылы да ең мықты, ең ұш­қыр, ерік-жігері мұқалмаған 22 жауынгер кү­рең береттілердің қатарын толықтырды. Әуел баста бұл сы­нақ­тан өтуге 600 жауын­гердің ниет білдір­генін ескерсеңіз, бәстің қан­шалықты тар­тысты өткенін аңғару қиын емес. Негізінен, күрең беретті иелену сы­ны әр жылы жылдың әр мезгі­лін­де, сон­дай-ақ жер бедерінің әртүрлі ай­ма­ғында ұйым­дастырылады екен. Осы­лай­ша, әс­кери құрама басшылығы сын са­ғатында Отан үшін оққа кеуде тосуға дайын қызмет­кер­­лерінің жауынгерлік дайын­дығын ба­рын­ша шыңдау, мін­дет­телген тапсырма­лар­ды атқаруға қажетті арнайы білім мен әдіс-тәсілдерін пысық­тауды көздейді. әскер Сонымен «Бүркіт» сапындағы батыл жігіттердің ең мықтылары бірнеше ке­зеңнен тұратын теориялық, тактикалық дайындықтан кейін анықталады. Ең бас­ты­сы, жауынгердің арнайы жасақтағы ең­бек өтілі бір жылдан кем болмауы керек. Сынақтың алғашқы кезеңінде үміт­керлер теориялық дайындық бойын­ша тест тапсырады. Сондай-ақ дене шы­нықтыру дайындықтары мен арнайы жат­тығуларды, байланыс және медицина құрал­­дарын меңгеру деңгейі де сыналады. Атап айтарлығы, өткен жылы сынаққа түс­кен әскери қызметшілер бас-аяғы 35 ша­қырымды 6 сағат көлемінде жүгіріп өтіп, 10-нан аса нормативті орындады. Алға­шында күрең берет иесі атануға 600 үміткер ниет білдірген. Олардың тек 10 пайызы ғана қорытынды сынаққа жіберіліп, оның ішінде барлық кезеңнен сүрінбей өткен 22 жауынгер күрең береттің иесі атанды. Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы ген­рал-майор Еркін Ботақановтың ай­­­туынша, әскери құрамада қай кезде бол­масын жауынгерлік даярлық пен кәсі­би­лік­ке үлкен мән беріледі. «Бүркіт» жасағы өзі­не жүктелген мін­дет­терді табысты орын­дап, ел сенімін абы­рой­мен ақтап келеді. Бұл орайда, күрең берет кию мәртебесі үшін өткізілетін квалифи­ка­ция­лық сы­нақ­ты жауынгерлік рухтың бел­гісі деп білемін. Бұл шара жастарды Отанға де­ген адалдық пен риясыз махаббатқа тәр­бие­леуге арнал­ған құралы, – деді Ұлттық ұлан Бас қолбас­шысы генерал-майор Еркін Ботақанов. Қазақстандағы ең алғашқы күрең бе­рет­ті сардарлардың сапында бүгінгі Қор­ғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың да болғанын атап өтуге болады. Ол күрең түсті бас киімді кию құқығына 1997 жылы ие болған. Әріптестері сол тұста әскери бар­­­лау саласында қызмет атқарған Руслан Фатихұлына квалификациялық сынақты тапсыру анау айтарлықтай қиындық тудыра қой­мағанын айтады.  
Әрине, қай құрамада болмасын әскери қызметкер үшін антына адалдық таныта алғаны маңызды. Дегенмен күрең, қара берет сияқты айрық атрибуттардың болуы арнайы жасақ жауынгерлерінің жігерін жани түседі. Олардың кіл мықтылардан тұратын жасақта өзгелерден оқ бойы озық тұруы үшін барын салуы элиталы құраманың кәсібилігін шыңдай бермек.
 

Шынболат АТЫХАНҰЛЫ