Шыңға айналған Шыңғыс
Шыңға айналған Шыңғыс
Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романының эпиграф ретінде алынған мынадай сөзі бар: «Бұл кітап – менің тәнім дегейсің, Бұл сөз – менің жаным дегейсің... Григор Нарекаци. «Қасірет кітабы», Х ғасыр». Жазушының жанын салып жазған шығармасы. Оқиға қазақ жерінде өтеді. Ә дегеннен бар қазаққа таныс көрініс: «Тандыры кепкен өзектер мен тақыр жыралардан қу құлқынға талғау табу үшін зор шыдам керек. Біресе ін қазғыш мақұлықтың шиыр-шимай шалағай ізін кесіп, біресе сарышұнақтың інін апыл-ғұпыл қазып, енді бірде жыраның тұмсығына тығылып қалған атжалман алаңқайға секіріп шықса, мүлт жібермей бас салмақшы болып зарыға аңдып, кәкір-шүкір аулап ақсиған аш түлкі бүлкіл жортақпен алыстан көрінген темір жолға қасара жақындап келе жатты. Даланы қақ жарып, ұзыннан-ұзақ бозамықтана жонданып жатқан шойын жол аш түлкіні әрі ынтықтырып, әрі үрейлендіргендей. Жерге жел ықтырған ащы кермек түтінін будақтатып, әудем жерді дүрсілдетіп, дүр сілкіндіріп, иә шығысқа, иә батысқа қарай пойыздар зулап өтіп жатыр». Шыңғыс Айтматов – әлемге танымал жазушы. Оның қалам қуатынан туған талай дүние бар. Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық», Михаил Шолоховтың «Тынық Дон», Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы сияқты ғасырлық сөз-тұлғалар сөресінде «Қош бол, Гүлсары», «Боранды бекет», «Жанпида», «Кассандра таңбасы» тәрізді кітаптар тұратыны сөзсіз. Қай-қайсысы да адам жанына қозғау салады. Ұйықтап жатқан ойды оятады. «Қазақ-қырғыз бір туған» деген сөз бар. – Басыма кидім ақ қалпақ, Оюлап шетін сырғызған. Менің де бетім жап-жалпақ Айырмам қане қырғыздан!? – деп кезін­де қазақ ақыны Әбділда Тәжібаев жыр­лаған еді. Қырғыз Республикасына жасаған сапары барысында Сенат Төрағасы «Ата-бейіт» мемориалды кешеніне барып, 1916 жылғы қасіретті оқиғалар кезінде құр­бан болған азаматтардың рухына тағзым етті. Осы жердегі Шыңғыс Айтматовтың қабіріне зиярат жасады. Сосын Шыңғыс Айтматовтың музей үйін аралап көрді. Мәртебелі меймандарға жазушының ұлы Эльдар Айтматов музейді таныстырып, әкесі туралы естеліктерін бөлісті. Бішкек қаласында «Шыңғыс Айтматов – қырғыз-қазақ елдерінің рухани байлығы» атты YII қазақ-қырғыз зиялыларының форумы өтті. Бұл жиын Шыңғыс Айтма­товтың 95 жылдығына арналды. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев осы форумда сөз сөйледі. «Біз бүгін бауырлас екі ел үшін маңызды жиында бас қосып отырмыз. Игі дәстүрге айналған қазақ-қырғыз зиялы­лары­ның форумы бүгін жетінші рет өткі­зілуде. Бұл алаң екі елдің зиялы қауымы арасындағы тарихи байланысты одан әрі нығайту үшін ерекше рөл атқарып келеді. Жалпы, қазақ-қырғыз қарым-қатынасы­ның тарихы тереңнен тамыр тартады. Біз ежелден іргелес қонған, тарихымыз да, дәстүріміз де бір бауырлас халықпыз. Біз­дің мәдениетіміз де, тіліміз де, дініміз де ортақ. Шын мәнінде, қазаққа қырғыздан жақын халық жоқ. Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев: «Қырғыз – таудың тарпаңы, қазақ – қырдың құланы», – деп жырлаған. Сол айтқандай, қазақ пен қырғызды құстың қос қанатындай егіз халық десек, артық емес. Осындай достық пен бауырластық ең жоғары деңгейде де жарқын көрініс тауып келеді. Оған екі елдің Президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Нұрғожаұлы Жапаров­тың үлкен сенімге негізделген қарым-қатынасы дәлел. Дәл осындай өзара саяси қолдаудың арқасында қазақ-қырғыз байланысы жаңа деңгейге көтерілуде. Қазіргі таңда біздер барлық салада тығыз байланыс орнаттық», – деді. Сапар барысында Сенат Төрағасы Қырғыз елінің Президенті Садыр Жапа­ров­пен, Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы Нұрланбек Шакиев­пен кездескен болатын. Екі ел арасындағы байланыстар туралы сөз болғанда Садыр Жапаров мырза «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға жасаған ресми сапары үлкен серпін берді» деп атап өтті. Қырғызстан Ел мен елді жақындастыруда зиялы қауымның рөлі зор. «Адамзаттың Айт­матовы» атанған қаламгер – қазаққа да ортақ тұлға. Жазушы қазақ ауылымен ірге­лес өлкеде дүниеге келген. Шығарма­ларына қазақтың кең даласын және онда өткен оқиғаларды да арқау еткенін білеміз. Айтматовтың қаламынан туған «Ақ кеме», «Жанпида», «Ғасырдан да ұзақ күн» сияқ­ты шығармалар әлемдік әдебиеттің алтын қорына қосылған құнды қазына екені даусыз. Ұлы жазушының туындылары кеңестік кезеңдегі біржақты идеологияға жұтылмай, адамдық болмысты сақтап қалуға қызмет етті. Шынайы адами құн­дылықтарды дәріптеп, мәнін түсіндірді. Осылайша, Айтматов шығармаларының бүкіл адамзат үшін маңызы аса зор гуманистік миссиясы болғанын көреміз. Біздер де Шыңғыс Айтматовты бала күні­міз­ден оқып өстік. Оның туындылары бірнеше буынның дүниетанымын қалып­тастырды десек, артық бола қоймас. Сон­дықтан қазақ оқырмандары үшін қалам­гердің орны бөлек», – деді Мәулен Сағат­ханұлы. Небәрі 20 жастағы Шоқан Уәлиханов «Манас» жырын еуропалық тұрғыда тұң­ғыш зерттеп: «Манас» – қырғыздың ескі мифтерінен, аңыздарынан, ертегілерінен жиналып, бір адам Манас төңірегіне топ­талған энциклопедия. «Манас» даланың Иллиадасы», – деп бағалаған. Бұл дәстүрді жалғастырушы Мұхтар Әуезов «Манас» дастанын терең зерттеген болатын. Қазақ­тың заңғар жазушыс ы, Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтар жөніндегі комиссия мүшесі Мұхтар Әуезов жас жазушы Шың­ғыс Айтматовтың «Жәмила» хикаятын жаңашыл, тың туынды ретінде бағалайды. Аталған шығарма «Новый мир» журналына 1958 жылы Мұхтар Омарханұлының алғы­сөзімен жариялануынан бастап, Кеңес Одағы мен әлем оқырмандарына Шыңғыс Айтматовтың аты мәшһүр болды. «Менің шетелге шығарда төл­құжа­тымдай қастерлеп өзіммен ала кететін екі ұлы есім бар. Бірі – Манас та, екіншісі – Мұхтар Әуезов. Мен әрқашан сол екеуінің әруағына сыйынып жүремін», – деген Шыңғыс Айтматовпен қазақтың ақын-жазушылары Зейнолла Қабдолов, Қалжан Нұрмаханов, Тахауи Ахтанов, Қалтай Мұхамеджанов, Сейдахмет Берді­құлов, Асқар Сүлейменов, Шерхан Мұр­таза, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Мұхтар Шаханов үлкен достық қарым-қатынас жасап, бауырлас екі халықтың сыйластық үлгісін көрсетті. Шыңғыс Айтматов есімін әр қазақ ар­дақ тұтады. Айтматовтың бүкіл шығарма­шылығы мен өмірі қазақ халқымен тығыз байланысты болды. Жазушы қазақ ауылымен іргелес, қоныстас жерде туып-өскен. Әкесі Төреқұлды Тұрар Рысқұлов қолынан жетектеп жүріп, Ташкентке оқуға түсірген. Кейін қырғыздың көрнекті қоғам қайраткері болды, 1938 жылы «халық жауы» ретінде атылып кеткен Төреқұл Айт­матов Т. Рысқұловтың тікелей тәр­биесін көрген шәкірті болған. Шыңғыс Айтматов орта мектептің 8-сыныбын бітіргеннен кейін, Жамбыл мал дәрігері-зоотехникалық техни­кумы­ның «ветеринария» бөліміне түсіп, оны ойдағыдай тәмамдаған. Шыңғыс Айтма­товтың жоғары білімді маман ретіндегі тұң­ғыш еңбек жолы Қазақстанда бас­тал­ған. Жамбыл мал дәрігері-зоотехникалық техникумын аяқтағаннан кейін Қазақ­стан­ның Жамбыл облысы Талас ауданындағы Қазақ зоотехникалық-малдәрігерлік ғылыми-зерттеу институтының экс­пери­менттік фермасында зоотехник болып 1953 жылдан 1956 жылға дейін қызмет істейді. Бұл күнде Айтматов шығармалары ұрпақтан-ұрпаққа жететін құнды мұраға айналды. Қанша буын әйгілі жазушы туындыларын оқып, сусындап өсті. Оның шығармалары 176 тілге аударылып, әлемнің 128 елінде 100 миллион данамен басып шығарылған. Қазақ Елі Шыңғыс Айтматовтың еңбектерін жоғары бағалап, оған Қазақстанның Халық жазушысы деген құрметті атақ беріп, марапаттады. Астанада бауырлас елдер – Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы достық-туыстық байланыстың тамаша үлгісі ретінде жазушының атына көше берілді. Сенат Төрағасы «Қырғыздың белгілі режиссерлері Болот Шамшиев және Толомуш Өкеев Мұхтар Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» мен «Көксерегін» кинотуындыға айналдырды. Айтматовтың «Қош бол, Гүлсарысын» қазақ режиссері Ардақ Әмірқұлов кино тілінде қалың көрерменге жеткізді. Қазіргі таңда осы ынтымақтастық жалғасын табуда. Бірнеше ай бұрын Қазақстанда Қырғыз Респуб­ликасының Мәдениет күндері табысты өткені белгілі. Мұндай мәдени іс-шаралар екі ел арасында жүйелі түрде өткізіліп келе жатыр. Осы қалыптасқан дәстүрді әрі қарай нығайта түскен жөн деп есептейміз», – деп алдағы мәдени-рухани байла­ныстар арнасына қатысты ұсыныстарын жеткізді. кездесу Қырғызстан «Қазір әлемдік ахуал өте күрделі. Жаһан­да және өңірімізге жақын аумақ­тарда болып жатқан оқиғалар бәрімізді алаңдатып отыр. Осындай қиын-қыстау кезеңде біз ортақ тарих қалыптастырған бірлігімізге бекем болуға тиіспіз. Әлеу­мет­тік-экономикалық және өзге де бағыт­тар бойынша бірлесіп жұмыс істеу аса маңызды. Сол себепті, екі елдің басшылары қысқа мерзімде бірнеше рет кездескенін жақсы білеміз. Расымен, біздің бола­шағымыз бүгінгі қарым-қатынасымызға тікелей байланысты. Бұл ретте де зиялы қауым өкілдерінің алатын орны бөлек. Жалпы, интеллиген­цияның арасындағы қарым-қатынасты салалық деңгейде, тар ауқымда қарас­тырмау керек», – деп Мәу­лен Сағатхан­ұлы екі бауырлас ел ара­сындағы рухани дәнекерлік жүгін зиялы қауым көтеруі тиіс деген ойды айтты. Зиялы қауым ортақ әдеби-мәдени құн­дылықтарымызды байытып қана қоймай, екі халықтың ынтымағын арттыруда маңыз­ды рөл атқаратыны сөзсіз. Зиялы қауымды «рухани елшілер» деп бекер атамайды. Өзара бауырластықты бекем­деуде Қазақстан мен Қырғыз Респуб­ликасының зиялылары екі елді одан әрі жақындастыру үшін бірлесіп, нәтижелі еңбек етері анық. Сондай-ақ қазақ-қырғыз байланысын нығайту ісінен екі елдің халық қалаулылары да қалыс қалып жатқан жоқ. Осы кездесу­лер барысында парламентаралық ынты­мақ­тастықты бекемдеу мәселелеріне назар аударылды. Бұл бағытта 9-10 ақпан күндері Түркістан төрінде тұңғыш рет Орталық Азия мемлекеттерінің парламентаралық форумы өткізіледі. Форумда ортақ тарихи-мәдени мұрамызды дәріптеуге, сол арқылы өзара ынтымақтастығымызды арттыруға мән беріледі. «Бірлік – берекенің бастауы» дейді. Сондықтан Орта Азия елдерінің ынтымағын нығайту қашан да маңызды. Алдағы уақытта осы бағыттағы жан-жақты қарым-қатынасты дамытуы қажет. Бұл істе Парламенттер де өз әлеуетін толық көр­се­туге тиіс. Осы бағытта Парламент депутат­тары қырғыз әріптестерімізбен бірге қоян-қолтық жұмыс істеуге ниетті. Қазақ пен қырғыз бір-бірін аудармасыз-ақ түсінеді. «Жәмила» повесіндегі «О, айналайын кең таалам! Қазақ боордошум жердеген алп таалам! Мынакей, биздин тооларду эки жакка керип таштап, чий менен шыбакка ыргалып, көз жетпеген деңиздей көлку жатасың. Ким билет сендеги жаткан күчтү! Жарыктык, сыртыңдан караан, эч бир жан жоктай бозоруп жатканын жаткан. Биорк кечеги эле эстен кеткис жайда согуш баш­талып, душмандар өлкөбизге кол салганда, туш-туштан оттор жалындап, туш-тушка чабармандар ат коюп, жоокерлер минсин деп, айдаган канаттуу күлүктур ысык чаң тумандатып, дүбүртүнөн асма чайпалды. Ошондо аркы өүйездө токтай калган кабарчы казак, ат оозуын жыя: – Аттан, кыргыз, аттан! Жау келди! – деп чуу коюп, саратан куюнга аралаш дагы да алда кайда чапкылаган» – деген сөзді кез келген қазаққа аударуып берудің еш қажеті жоқ. Екі елдің ғасырлардан жалғасқан байланысын дәуірлерге ұластырудың мәні зор. Бұл әрбір жаңа буынның бұлжымас миссиясы болуы қажет. Сондықтан қазақ-қырғыз қарым-қатынасы аясында жастар­ды да қамту аса маңызды. Соның ішінде шығармашыл, креативті, ғылымда жүрген жастарды қолдауға көңіл бөлген орынды. Осы ретте олардың білімін жетілдіру жолындағы бірлескен жобалардың берері мол. Бірлескен жобалар жастарымыздың өзара етене араласуына жол ашады. Ал, бұл өз кезегінде қазақ-қырғыз қарым-қаты­насына жаңа серпін беретіні анық. Жалпы, алдыңғы буын ағалардың қарым-қатынасы келер буынға үлгі болуға тиіс. кездесу Мәртебелі жиынды ашып, жүргізген Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы С.Қасмамбетов сөзге шешен, кісілігі зор, көшелі азамат екен. Ақ өлеңге салып, арасында екі елдің туыстық байла­нысын өлең жолдарымен дәнекерлеп отырды. Форумда Қырғыз елінің білім министрі У.Мамбетакунов, Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Қыдырәлі, Қырғыз Республикасының халық Ассам­блеясының төрағасы А.Эркебаев, қазақтың көрнекті ақыны Нұрлан Оразалин, Ш.Айт­матов атындағы тіл өнері институтының директоры А.Ахматалиев, жазушы Смағұл Елубай, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі О.Ибраимов, қырғыз елінің халық әртісі М.Бегалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, манасшы Баянғали Әлімжанов, жазушының қарын­дасы Роза Айтматова сөз сөйледі. Роза Айтматова атасы Айтмат, әкесі Төреқұл, ағасы Шыңғыс туралы, олардың бәрінің өмірі қазақ елімен, қазақ жерімен байла­нысты болғанын айтып, өткен күндерді есіне алды. «Бұл өлкеде пойыздар шығыстан ба­тысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады... Бұл өлкеде темір жолдың қос қапталынан басталып сахара cap даланың кіндік тұсы – Сарыөзектің ұлан­ғайыр жазығы көсіліп жатады. Бұл өлкеде қашықтық атаулы, уақыттың Гринвич меридианы бойынша өлшенгендей, темір окоптың алыс-жақындығына қарай өлшенеді. Ал пойыздар шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жата­ды..», – деп Шыңғыс Айтматов сурет­тегендей, қазақ даласының жазушы дүние-танымын қалыптастыруға тікелей ықпал еткенін жеткізді. Сөз арасында «жазушы­ның туындыларын алғаш үлкен сахнаға алып шыққан қазақ бауырлар еді» деп ағынан жарылды. Сенат Төрағасы «Біз Қырғыз еліне тағы бір үлкен миссиямен келіп отырмыз. Шын мәнінде, елдеріміздің байланысы – достық пейілдің, бауырлас көңілдің жарқын көрінісі. Екі елдің азаматтары осы ынты­мақ­тастықты арттыруға барлық деңгейде үлкен үлес қосып келеді. Бұл істе белсен­ділік танытып жүрген тұлғаларға деген біздің ықыласымыз ерекше. Олар әрдайым елдеріміздің басшылығының назарында. Соның бір айғағы ретінде бірқатар қырғыз қайраткері Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен мемлекеттік наградалармен марапат­тал­ғанын жеткізгім келеді. Бұл марапат – сол азаматтардың қазақ-қырғыз байланысын нығайту жо­лын­­дағы еселі еңбектеріне берілген лайық­ты баға», – деп бірқатар қырғыз елінің көрнекті тұлғаларына Қа­зақ­стан Пре­зидентінің марапатын тап­сырды. Сенат Төрағасы өз сапарының соңында Бішкектің қақ ортасындағы Абай Құнан­байұлының ескерткішіне гүл шоғын қо­йып, тағзым етті. Шыңғыс Айтматов тек жазған туынды­ларымен ғана қазақ пен қырғыз арасындағы достықты, бауырластықты жалғап қойған жоқ, дүниеден өтсе де арттағы буынға тұлғалық қасиетімен үлгі болып қалғанын айтуымыз керек. Көзі кетсе де, сөзі қалды. Өмірден өткеніне он бес жылдан асса да өнегесімен екі ел арасын жақындастырып жатыр. Иә. Өмір солай. «Жерді дүрсілдетіп, дүр сілкіндіріп иә шығысқа, иә батысқа қарай пойыздар зулап өтіп жатыр».

Нұртөре ЖҮСІП, Сенат депутаты