Ғылымда мықтылықты мойындату оңай емес. Ғалымның әрбір ғылыми жетістігінің ар жағында тынымсыз ізденіс менмұндалайды. Отандық һәм шетелдік ғылыми қауымдастыққа өзінің мықтылығын мойындатқан Рәтбай Мырзақұловтың есімін әріптестері зор құрметпен айтады. Мектепке барғаннан есеп-қисапқа икемін байқатқан Рәтбай Қағазұлы өз қатарластарының алды болды. Есеп шығарғанды жаны сүйді. Жоғары сынып оқып жүргенде де физика мен математиканың есептерін шемішкедей шағатын. Сол кезден бастап Рәтбай Мырзақұлов өмірдің мәні ғылымда екенін ұқты. 1970 жылдары мектепті бітіре салып, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне құжат тапсырды. Бірақ алғашқы жылы оқуға түсе алмай қалса да физика мен математикаға қызығушылығы бір сәтке толастамады. Оқуға түсем деген мақсатына араға бір жыл салып жетті. Ол сол кезде-ақ нақты мақсат қоюды түсінді. Университет қабырғасында есепке жүйріктігін байқаған ұстаздары әрі қарай жалғастыруына кеңес берді. 1979 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітіріп, Біріккен ядролық физика институтының аспирантурасына сырттай түседі. Ұстаздары шәкірт бойындағы құлшынысты, ғылымға деген қызығушылықты байқап, ғылыммен айналысуға баулыды. 1988 жылы Біріккен ядролық зерттеулер институтының профессоры В.Маханьковтың жетекшілігімен П. Лумумба атындағы Халықтар достығы университетінде «Теориялық және математикалық физика» мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғады. Әрине, қазір айта салу оңай болғанымен, ол кезде алып одақтың мен деген ғалымдарының алдына ғылыми тұжырымды дәлелдеу күш-қайратты, қайтпас жігерді қажет етті. Ғылым мен білім саласында 40 жылдан астам уақытын сарп еткен Рәтбай Мырзақұловтың есімі отандық ғылымның көшбасшысы ретінде аталады. Бұл жетістікке жету жолында 2002 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Теориялық физика» мамандығы бойынша докторлық диссертациясын қорғады. Алыс-жақын шетелдік ЖОО-ларда оқытушылық қызмет етті. Атап айтсақ, АҚШ-тың Калифорния университеті, Жапония, Үндістан, Батыс Еуропа, Ресейдің жетекші ғылыми орталықтары мен университеттерінде жинақтаған тәжірибесі мен жұмыс істеген жылдары ғалым өмірінің жарқын белестері десек қателеспейміз. Р.Мырзақұлов қазір Еуропа жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі (Германия), халықаралық Symmetry (импакт-фактор=2.143) ғылыми журналының редакторы болып еңбек етеді. Бұл – кез келген ғалымның қолы жете бермейтін үлкен жетістік. Әлемдік білім кеңістігінде қазақстандық білім моделін қалыптастыру мақсатында бірқатар игі бастама көтеріліп, жүзеге асырылуда. Алайда қазір докторантураны бітіріп, жоғары рейтингтегі ғылыми басылымдарда ғылыми мақаласын жариялай алмай жүрген қаншама ғалым бар?! Тіпті, кейбір ғалымдар Білім және ғылым министріне мұндай талапты алып тастаудың түрлі себебін айтып, бірнеше рет хат жазды. Жаһандану дәуіріндегі шексіздік көптеген мүмкіндікке жол ашса, екінші жағынан ұлттық құндылықтарды сақтаудың маңызын көрсетті. Осы орайда әлемдік ғылыми ортада отандық ғалымдар тұжырымдарын батыл ұсынып дәлелдесе, жастардың ғылыммен айналысуға қызығушылығы оянар еді. Әрі Қазақстан ғылымының әлеуетін әлемге танытуға жол ашады. Бұл бағытта Рәтбай Мырзақұлов ұшан-теңіз үлес қосуда. Ол – ғылыми көрсеткіштері бойынша 8 жыл қатарынан үздіктер қатарынан көрінген ғалым. Атап айтар болсақ, әлемдік ғылыми ортада ғалымдардың мәртебесін анықтайтын h-индекс немесе Хирша индексі, сілтеме индексі және шетелдік басылымдардағы импакт факторы жоғары мақалалар саны бойынша Рәтбай Қағазұлының алдына ешкім шыға қойған жоқ. Профессордың хирша индексі 47-ге тең. Р.Мырзақұловтың European Physical Journal атты халықаралық танымал ғылыми журналда жарық көрген Accelerating universe from F(T) gravities мақаласы шетел ғалымдарын елең еткізбей қоймады. Ғаламды және оның үдемелі даму себептерін гравитация теориясын дамыту арқылы зерттеуіндегі тың жаңалыққа шетелдік ғалымдар беделді басылымдарда бірінен кейін бірі сілтемелер жасай бастады. Сонымен қатар Nearly Starobinsky inflation from modified gravity және Reconstruction of gravity: Rip cosmology, finite-time future singularities, and thermodynamics атты мақалалары Thomson Reuters компаниясының Essential Science Indicators ақпараттық ресурстар мәліметі бойынша 2005-2015 жылдардағы әлемдегі 1 пайыздан жоғары сілтемеге ие болған еңбектің құрамына енді. Thomson Reuters мәліметі бойынша әлемдегі ең жоғары сілтемеге ие 1 пайыз мақалалардың ішіне Қазақстан ғалымдарының 12 мақаласы кіреді екен. Сонын 4-еуі ғалымның үлесінде екен. Бұдан бөлек, Орталық Азия бойынша Top Springer Author 2015 сыйлығы, Thomson Reuters берген Орталық Азия бойынша «Ғылым көшбасшысы» сыйлығы, зерттеу саласындағы үздік жетістіктері үшін физика және астрономия саласындағы халықаралық Scopus Awards-2022 сыйлығы бар. Ғалымның жоғары рейтингтегі басылымдарда 300-ге жуық мақаласы, әртүрлі басылымда 400-ден астам, оның ішінде хирша индексі жоғары басылымдарда жарияланған мақалалар саны 250-ден асады. Басқа ғалымдардың Р.Мырзақұловқа жасаған сілтеме индексі 6 537-ге тең. Бұл дегеніңіз – Р.Мырзақұловты әлемнің түкпір-түкпіріндегі 7 000-ға жуық ғалым мен әріптесі оқиды деген сөз. Мұндай жетістікке жету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Р.Мырзақұлов 2006 жылдан бастап Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Жалпы және теориялық физика» кафедрасының меңгерушісі, 6D060400-Физика мамандығы бойынша PhD диссертация қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестің төрағасы, «Теориялық физика Еуразиялық халықаралық орталығы» ғылыми-зерттеу институтының негізін қалаушы және директоры қызметін атқарып келеді. Осыдан 30 жылға жуық уақыт бұрын, профессор Рәтбай Мырзақұлов іргелі ғылымдардың жаңа бағыттарының бірі − солитондар теориясын Қазақстанға тұңғыш алып келген ғалым. Табиғаттың күрделі де тылсым физикалық құбылыстарын математика тілінде негіздейтін Рәтбай Қағазұлы ұсынған теңдеулер әлемдік деңгейде танылып қана қоймай, осы саладағы көптеген шетелдік ғалымның зерттеулерінің қайнар көзіне айналып, «Мырзақұлов теңдеулері» деген атқа ие болды. Сызықтық емес толқындарды сипаттайтын бұл теңдеуге бүгінде дүниежүзілік ғалымдар қызғушылық танытып, шешімін табуда белсенді зерттеу жасап жатыр. 1998-1999 жылдары әлемді зерттейтін ғылым Космологияда үлкен бір фундаменталды жаңалық ашылды. Сол жаңалық негізінде жүргізілген эксперимент бойынша әлем кеңіп бара жатыр екен. Жай ғана кеңімей емес, үдемелі кеңіп бара жатыр. Яғни, әлемді сыртқа қарай итеріп бара жатқан бір күш бар. Ал Энштейн теориясы бойынша ондай күш болмауы керек еді. Тек тартатын күш болуы керек. Бірақ Энштейн теориясы бойынша сыртқа тартылатын ондай күш жоқ, енді ғалымдар сол күшті зерттеуге кірісті. Ондай күшті күңгірт энергия деп атайды. Яғни, көзге көрінбейтін күш. Міне, соңғы бес жылда Рәтбай Мырзақұлов Энштейн теориясын қамтитын осы сұрақтың шешімін табумен айналысып жүр. «Көптеген ғалым Энштейннің әртүрлі теориясын қамтитын (Эф Ар Эф Ти) секілді теориялар шығарып жатыр. Энштейн Ньютонның теориясын қамтыса, ғалымдар Энштейндікін негізге алады. Ал Р.Мырзақұлов бір ЭФ АР ЭФ ТИ деген теорияларды біріктіріп бір теория жасауды ойлады. Ғалымның бұл теориясы «Мырзақұлов гравитациясы» деп аталады. Әлемде Квартиль (Q) – дәйексөз деңгейін, яғни ғылыми қоғамдастықтың журналға деген сұранысын көрсететін библиометриялық көрсеткіштермен анықталатын ғылыми журналдар санаты бар. Шетел ғалымдарының «Мырзақұлов гравитациясын» зерттеген мақаласы америкалық Q1, яғни квартиль деңгейі ең жоғары журналында жарияланды. Бұл сұрақтың жауабы толық табылған жоқ. Әлі қаралып жатыр. Физикада теорияның толыққанды мойындалуы үшін ізденіс қажет. Қазір ғалым осы теорияны нақтылау мақсатында зерттеу жүргізуде. Эйнштейн теориясын біріктіру оңай шаруа емес, оған тәуекел керек. Осындай қиын да қызық теорияны таңдау үшін ғылымға қаншалықты берілу керектігін сөзбен жеткіз мүмкін емес. Ғалымның әріптестері Рәтбай Қағазұлының есеп шығарып отырған сәтіне дөп түссе, оны мазаламайды. Тәртіп солай. Адамды жетістікке жетелейтін тәртіп пен принцип. Ғалымның өмірлік ұстанымына айналған екі талап оған қаншама табыс әкелуде. Мәселен, ғалым халықаралық бірнеше гранттық жобаны іске асырған. 2010 жылы жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік ғылыми зерттеулері үшін Қ.Сәтбаев атындағы сыйлықтың иегері атанды. Жыл сайын ұйымдастырылатын «ЖОО-ның үздік оқытушысы» конкурсына бірнеше рет қатысып, жүлдегер атанды. Р.Мырзақұлов тынымсыз ізденісі мен талапшылдығының нәтижесінде мемлекеттік ғылыми стипендияның 6 дүркін иегері болды. Қазір ғалым «Еуразиялық теориялық физика» халықаралық орталығын ашып, шәкірттері түрлі ғылыми жоба мен зерттеу жұмысын орындайды. Р.Мырзақұловтың ғылымдағы жетістігі елеусіз қалған жоқ. Ол ҰҒА корреспондент-мүшесі, әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Ғалым жан мен тәннің саулығына ерекше мән береді. Қолы қалт еткенде теннис ойнаса, таңертеңгілік, кешкілік серуен, жүгіру күнделікті дағдысына айналған. Ол айки-домен тиянақты шұғылданып, қара белбеудің иегері атанған. Мұның өзі тұлғаның кемелдікке жетелейтін сапалы қасиеттің бірі. Рәтбай Қағазұлы – ыстық қайратын ғылымға, нұрлы ақылын шәкірттерге, жылы жүрегін ұрпағына арнаған жан. Кемел адам – ең алдымен өзін таныған адам. Рәтбай Қағазұлы ес білгелі өзіне не қажет екенін анық аңғарып, басты құндылыққа ғылымды қойды. Оның мақсаты мен арманы ешқашан алдаған жоқ. Тек биікке жетеледі. Ғалымның өмір жолы мен еңбегімен танысу, сұхбаттасу барысында берік азаматтық ұстаным, адалдық пен тазалық аңғардым. Жақсы адаммен өткізген сәттер менің де өміріме жаңалық әкеледі деген үміттемін. Шығыста «Мың жылдығыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле» деген тәмсіл бар. Рәтбай Қағазұлының алдынан дәріс алған жүздеген шәкірт білім саласында еңбек етуде. Шәкірттерінің басым бөлігі – өз ұрпағы. Оның он шақтысы ғылым кандидаты, доктор PhD, бесеуі «Жалпы және теориялық физика» кафедрасының, төртеуі «Механика және математика» факультетінің, екеуі Назарбаев университетінің және ҚазҰУ оқытушысы болып жұмыс істейді. Бүгінде «Мырзақұлов династиясы» отандық ғылымның дамуына аянбай еңбек етіп келеді.
Би-Фатима ЕРАЛХАНҚЫЗЫ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың студенті