Қауіпті індетті анықтайтын тест-таяқша
Қауіпті індетті анықтайтын тест-таяқша
882
оқылды
Отандық ғылым саласының жетістіктері аз емес. Биотехнолог ғалымдарымыз заманауи зертхана, соңғы техноло­гия үлгісіндегі күрделі құрал-сайманды пайдала­нып, қазақстандық пре­парат, диагностика жүйесін әзірлеп шыққанына көз жеткіздік. Рекомбинантты антигені негізінде имму­ноферменттік жүйе тестіне малдың не аңның қанын тамызсаңыз, күдіктенген індеттің бар немесе жоғы бірер секундтан кейін боялған жолақтан айқын көрінеді. Малдан адамға жұғатын топа­лаң, туберкулез, бруцеллез, аусыл, құтыру, шошқа тұмауы секілді аурулар туралы жиі айтылады. Әдетте, осындай ауруды малдан анықтау бірнеше сатыдан тұ­­рады. Алдымен, ауырған малдың қан сарысуы немесе зақым­данған мүшесі алынады. Сосын оны орталық­тағы зертханаға жеткізіп, лабо­ранттар арнайы тәсілмен зерттейді. Нәтижені күтуге ұзақ уақыт қажет. Ал таяуда ауру мал немесе аңды осындай індеттен жедел тексеруге арналған экспресс тестілер пайда болды. Ол біздің ойымызға бірінші келетін жүктілікті анықтайтын таяқшаға ұқсас. Оны жайылымда, далада қолдануға ың­ғайлы. Бұдан былай індетті анықтау үшін қан талдауын орталықтағы зертханаға тасып әуре болмайсың. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің қауымдастырылған профессоры Өркен Әкібековтің жетекшілігімен жас ғалымдар тобы жұқпалы – трихинеллез ауруын жедел анық­тайтын диагностикалық тест жүйесін әзірлеп жатыр. Жалпы, трихинеллез індеті туралы біз аз білеміз. Етқоректі – қасқыр, түлкі, көп қоректі аң – бор­сық, қабан, өлексе жейтін құстар ауырады. Алайда бейқамдық таны­туға болмайды. Трихинеллез жыл­қы­ға да жұғады. Ита­лия­да, Поль­шада 2009 жылы жылқыға жұққаны тіркелген. Сон­дай-ақ бұл ауру шошқа шаруашы­лығы қатты дамыған мемлекетте үлкен мәселеге айналған. Еуропа елдерінде, Қы­тайда, ТМД-ның кей­бір елдерінде бұл індетке шалдыққан адамдар көп. Трихинеллез – нематодоз то­бына жататын паразит құрт. Жұққан адамда бұлшық еті ісінеді, миалгия байқалады, қы­шынады. Өте ауыр түрде өтеді, уақытында емделмесе, асқынып, арты өлімге әкеліп соғуы мүмкін. Сон­дай-ақ паразит бұл­шық етке жетіп кап­сулаға айналып ұзақ уақыт жатуы мүмкін. Өркен Әкібековтің айтуынша, зерттеу тобы еліміздегі шошқа фермаларында тексеру жүргізіп, жабайы аңдар арасындағы індеттік ахуалды тексеріп шыққан.
«Біздің ғалымдар бұған дейін осындай зерттеу жүргізген. Бұл ауру елімізде жабайы аңдар арасында кездеседі. Нәтижелерді зерделей келе, осы ауруды диагностикалайтын тест жүйесін әзірлеуді алдымызға мақсат етіп қойдық. Солтүстік Қа­зақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Орталық Қазақстан өңірлерінде ауланып, тексерілген борсық, қасқыр, түлкіден осы індет табылды. Қазір адамдар қасқырдың етін, жүрегі-бүйрегін, борсықтың етін, майын емге пайдаланады. Қабанның етін де жейді. Аңшылар ұстаған аңның етінен сол жерде кәуап қақтайды не қуырдақ пі­сіреді. Шала піскен еттен індетті жұқтыру қаупі жоғары», – дейді ғалым.
Сондай-ақ бұралқы иттердің етін жеген адамдар жұқтырғаны жөнінде деректер бар. Зерттеушілер тест жүйесін әзірлеудің кезеңіне сәйкес жа­байы аңдардың тінінен алынған изоляттарды зертхана тышқа­ны­на жұқтырып, кейін экспе­римент жағ­дайында антиген бөліп алған. Три­хинеллез жұқты­рылған зерт­ханалық жануарының ағзасында антидене түзілу дина­микасы, қан­дағы гема­тологиялық көрсеткіштер, сондай-ақ қандай биохимиялық өзгерістер болғаны айқындалып, дәлелденіп, ғылыми мақала әзірленген. ISI Web of Knowledge, Web of Science, Thomson Reuters, Scopus халықаралық ғылыми әдебиеттер мен мақалалар дерекқорына кіретін журналдарда кіретін ең жоғары Q1 санатындағы ғылыми журналда мақала жарияланды. Зерттеушілер антиген дайындау әдісі құқығы бойынша авторлық куәлік алған. қауіпті індетті анықтау Жұмыстың биылғы жоспарына сәйкес экспресс тесті зертханалық сынау жүргізіледі. Қазір оңтай­лан­дыру қолға алынған. Барлық әсер етуші ықтимал факторлар анықтала отырып, тест жүйесі қолданысқа ұсынылады. Осы тұста «тест жинағы саты­лымға қашан шығады?» деген заңды сұрақ туындайды. Өркен Әкібе­ковтің берген жауабына сәйкес, нәтижені фармкомпанияларға беру үшін жобаны коммерцияландыру жөнінде тағы бір жоба тіркелуі қажет. Биопрепараттар өндіретін мекемелермен келісімшартқа отыр­ған соң бұл диагностикалық әдісті өндірісте жолға қоюға мүмкіндік туады. Олжалаған аңның қанын тестке тамызып, трихинеллез бар ма, жоқ па, соны жедел анықтай алады. Бір таяқша болса ет қауіпсіз, ал екі жолақша түске боялса, бұл ауру аң дегенді білдіреді.
«Бұл әдіс бұған дейін де басқа бактериялық, вирустық ауруды анықтауға қолданылып жүр. Бұған дейін бруцуллез, туберкулезді анықтауға арналған тест жиынтығы толық әзірленіп шыққан. Елімізде мұндай тест әзірлейтін мекеме жоқ. Отандық тест жиынтықтары бол­мағандықтан фермерлер мен әуес­қой аңшылар шетелдік өнімді сатып алады. «Неге оны өзіміз әзірлеп, екі есе арзанға ұсынбасқа?» деген ойымыз ақталды. Еңбегімізді патент ретінде ұсынуға болады. Норма­тивтік техникалық құжат әзірлеп, ветеринарлық препараттар тізбесіне енгізсек, елімізде дайын өнімді сата беруге болады», – дейді Өркен Әкібеков.
Айта кетерлігі, жобаға 40 жасқа дейінгі жас ғалымдар жұмылды­рылды. Жетекшіден басқа 8 био­технология, ветеринария секілді ғы­лыми дәрежесі бар, магистр қа­тысуда. Трихинеллездің рекомби­нантты антигені негізінде иммуно­ферменттік жүйе тестін әзірлеу жобасы бойынша ғалымдар Білім және ғылым министрлігінің 78 млн теңге грант қаржысын ұтып алған. Өркен Әкібеков 2019 жылы елімізде жоғары оқу орнының үздік оқытушысы атанған. Ол Қазақ­стандағы адам мен жануарларға ортақ зооантропонозды ауруларды зерттеуге ден қойған. Ірі қараның бактериялық, вирустық, паразиттер тудыратын аурулар басты назарға алынған. Оның қатысуымен тубер­кулез қоздырғышын анықтайтын иммуноферменттік тест жүйесі әзірленген. Ол арнайы ветери­нар­лық препараттардың тіркеу реес­тріне тіркеліп, апробациядан өт­кізілген. Патенті де бар. Осы зерт­теу жұмысы ғалым қорғаған ғылыми диссертацияның тақырыбына айналған. Ол тағы бір жоба бойынша зерттеу жүргізіп жатыр. Ветеринария ғылымдарының докторы, про­фессор Айтбай Бұлашевтың жетек­шілігімен мал өнімдеріндегі анти­биотиктің қалдық мөлшерін анық­тау жобасы қолға алынған. Өйткені қазіргі кезде малды шектен тыс антибиотикпен емдеу белең алған. Алайда белгілі бір уақыт аралығында антибиотик мал ағзасынан шыға­рылуы керек. Осылай емделген мал 21 күн ішінде сойылмауы тиіс. Со­йылса, етінде антибиотик қалдығы қалады. Оны жеген адамның имму­нитеті төмендейді, дисбактериез секілді кері әсері бар. Тіпті, анти­биотикке төзімділік пайда болады. Әзірленіп жатқан тест жүйесі сүт пен еттен тетрациклин, хлорам­феникол секілді антибиотикті табады. Сондай-ақ аталмыш ғылыми-зерттеу орталығында грант қаржысы негізінде профессор Сергей Боро­виков жетекшілігімен «монок­лоналды антиденелер негізінде жылқының сальмонеллезді түсігін» диагностикалайтын экспресс тест әзірлеп жатыр. Бұл да отандық мал шаруашылығы үшін өте қажетті зерттеудің бірі. Айта кетерлігі, біз атап өткен барлық ғылыми-зерттеу жұмыста­ры халықаралық стандартқа сай ак­кре­диттелген «Биологиялық қа­уіпсіз­дік жөніндегі Қазақстан-Қытай зерт­ханасында», ал оның ішінде күрделі зерттеулер ауыл шаруашылығы био­технология­сының ғылыми-зерт­теу платфор­масында жүргізіледі. Мақала әзірлеу барысында отандық ғалымдардың экономикаға пайдалы зерттеулерді қолға алып, жақсы жетістіктерге жеткенін көр­дік. Осы зерттеу нәтижелері өн­діріске алынса, фермерлер заманауи әрі арзан отандық тест жүйесі мен препараттарға қол жеткізетін күнге жетеміз.

Жәнібек АМАНГЕЛДІ