Отандық ғылым саласының жетістіктері аз емес. Биотехнолог ғалымдарымыз заманауи зертхана, соңғы технология үлгісіндегі күрделі құрал-сайманды пайдаланып, қазақстандық препарат, диагностика жүйесін әзірлеп шыққанына көз жеткіздік. Рекомбинантты антигені негізінде иммуноферменттік жүйе тестіне малдың не аңның қанын тамызсаңыз, күдіктенген індеттің бар немесе жоғы бірер секундтан кейін боялған жолақтан айқын көрінеді. Малдан адамға жұғатын топалаң, туберкулез, бруцеллез, аусыл, құтыру, шошқа тұмауы секілді аурулар туралы жиі айтылады. Әдетте, осындай ауруды малдан анықтау бірнеше сатыдан тұрады. Алдымен, ауырған малдың қан сарысуы немесе зақымданған мүшесі алынады. Сосын оны орталықтағы зертханаға жеткізіп, лаборанттар арнайы тәсілмен зерттейді. Нәтижені күтуге ұзақ уақыт қажет. Ал таяуда ауру мал немесе аңды осындай індеттен жедел тексеруге арналған экспресс тестілер пайда болды. Ол біздің ойымызға бірінші келетін жүктілікті анықтайтын таяқшаға ұқсас. Оны жайылымда, далада қолдануға ыңғайлы. Бұдан былай індетті анықтау үшін қан талдауын орталықтағы зертханаға тасып әуре болмайсың. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің қауымдастырылған профессоры Өркен Әкібековтің жетекшілігімен жас ғалымдар тобы жұқпалы – трихинеллез ауруын жедел анықтайтын диагностикалық тест жүйесін әзірлеп жатыр. Жалпы, трихинеллез індеті туралы біз аз білеміз. Етқоректі – қасқыр, түлкі, көп қоректі аң – борсық, қабан, өлексе жейтін құстар ауырады. Алайда бейқамдық танытуға болмайды. Трихинеллез жылқыға да жұғады. Италияда, Польшада 2009 жылы жылқыға жұққаны тіркелген. Сондай-ақ бұл ауру шошқа шаруашылығы қатты дамыған мемлекетте үлкен мәселеге айналған. Еуропа елдерінде, Қытайда, ТМД-ның кейбір елдерінде бұл індетке шалдыққан адамдар көп. Трихинеллез – нематодоз тобына жататын паразит құрт. Жұққан адамда бұлшық еті ісінеді, миалгия байқалады, қышынады. Өте ауыр түрде өтеді, уақытында емделмесе, асқынып, арты өлімге әкеліп соғуы мүмкін. Сондай-ақ паразит бұлшық етке жетіп капсулаға айналып ұзақ уақыт жатуы мүмкін. Өркен Әкібековтің айтуынша, зерттеу тобы еліміздегі шошқа фермаларында тексеру жүргізіп, жабайы аңдар арасындағы індеттік ахуалды тексеріп шыққан.
«Біздің ғалымдар бұған дейін осындай зерттеу жүргізген. Бұл ауру елімізде жабайы аңдар арасында кездеседі. Нәтижелерді зерделей келе, осы ауруды диагностикалайтын тест жүйесін әзірлеуді алдымызға мақсат етіп қойдық. Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Орталық Қазақстан өңірлерінде ауланып, тексерілген борсық, қасқыр, түлкіден осы індет табылды. Қазір адамдар қасқырдың етін, жүрегі-бүйрегін, борсықтың етін, майын емге пайдаланады. Қабанның етін де жейді. Аңшылар ұстаған аңның етінен сол жерде кәуап қақтайды не қуырдақ пісіреді. Шала піскен еттен індетті жұқтыру қаупі жоғары», – дейді ғалым.Сондай-ақ бұралқы иттердің етін жеген адамдар жұқтырғаны жөнінде деректер бар. Зерттеушілер тест жүйесін әзірлеудің кезеңіне сәйкес жабайы аңдардың тінінен алынған изоляттарды зертхана тышқанына жұқтырып, кейін эксперимент жағдайында антиген бөліп алған. Трихинеллез жұқтырылған зертханалық жануарының ағзасында антидене түзілу динамикасы, қандағы гематологиялық көрсеткіштер, сондай-ақ қандай биохимиялық өзгерістер болғаны айқындалып, дәлелденіп, ғылыми мақала әзірленген. ISI Web of Knowledge, Web of Science, Thomson Reuters, Scopus халықаралық ғылыми әдебиеттер мен мақалалар дерекқорына кіретін журналдарда кіретін ең жоғары Q1 санатындағы ғылыми журналда мақала жарияланды. Зерттеушілер антиген дайындау әдісі құқығы бойынша авторлық куәлік алған.
«Бұл әдіс бұған дейін де басқа бактериялық, вирустық ауруды анықтауға қолданылып жүр. Бұған дейін бруцуллез, туберкулезді анықтауға арналған тест жиынтығы толық әзірленіп шыққан. Елімізде мұндай тест әзірлейтін мекеме жоқ. Отандық тест жиынтықтары болмағандықтан фермерлер мен әуесқой аңшылар шетелдік өнімді сатып алады. «Неге оны өзіміз әзірлеп, екі есе арзанға ұсынбасқа?» деген ойымыз ақталды. Еңбегімізді патент ретінде ұсынуға болады. Нормативтік техникалық құжат әзірлеп, ветеринарлық препараттар тізбесіне енгізсек, елімізде дайын өнімді сата беруге болады», – дейді Өркен Әкібеков.Айта кетерлігі, жобаға 40 жасқа дейінгі жас ғалымдар жұмылдырылды. Жетекшіден басқа 8 биотехнология, ветеринария секілді ғылыми дәрежесі бар, магистр қатысуда. Трихинеллездің рекомбинантты антигені негізінде иммуноферменттік жүйе тестін әзірлеу жобасы бойынша ғалымдар Білім және ғылым министрлігінің 78 млн теңге грант қаржысын ұтып алған. Өркен Әкібеков 2019 жылы елімізде жоғары оқу орнының үздік оқытушысы атанған. Ол Қазақстандағы адам мен жануарларға ортақ зооантропонозды ауруларды зерттеуге ден қойған. Ірі қараның бактериялық, вирустық, паразиттер тудыратын аурулар басты назарға алынған. Оның қатысуымен туберкулез қоздырғышын анықтайтын иммуноферменттік тест жүйесі әзірленген. Ол арнайы ветеринарлық препараттардың тіркеу реестріне тіркеліп, апробациядан өткізілген. Патенті де бар. Осы зерттеу жұмысы ғалым қорғаған ғылыми диссертацияның тақырыбына айналған. Ол тағы бір жоба бойынша зерттеу жүргізіп жатыр. Ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Айтбай Бұлашевтың жетекшілігімен мал өнімдеріндегі антибиотиктің қалдық мөлшерін анықтау жобасы қолға алынған. Өйткені қазіргі кезде малды шектен тыс антибиотикпен емдеу белең алған. Алайда белгілі бір уақыт аралығында антибиотик мал ағзасынан шығарылуы керек. Осылай емделген мал 21 күн ішінде сойылмауы тиіс. Сойылса, етінде антибиотик қалдығы қалады. Оны жеген адамның иммунитеті төмендейді, дисбактериез секілді кері әсері бар. Тіпті, антибиотикке төзімділік пайда болады. Әзірленіп жатқан тест жүйесі сүт пен еттен тетрациклин, хлорамфеникол секілді антибиотикті табады. Сондай-ақ аталмыш ғылыми-зерттеу орталығында грант қаржысы негізінде профессор Сергей Боровиков жетекшілігімен «моноклоналды антиденелер негізінде жылқының сальмонеллезді түсігін» диагностикалайтын экспресс тест әзірлеп жатыр. Бұл да отандық мал шаруашылығы үшін өте қажетті зерттеудің бірі. Айта кетерлігі, біз атап өткен барлық ғылыми-зерттеу жұмыстары халықаралық стандартқа сай аккредиттелген «Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі Қазақстан-Қытай зертханасында», ал оның ішінде күрделі зерттеулер ауыл шаруашылығы биотехнологиясының ғылыми-зерттеу платформасында жүргізіледі. Мақала әзірлеу барысында отандық ғалымдардың экономикаға пайдалы зерттеулерді қолға алып, жақсы жетістіктерге жеткенін көрдік. Осы зерттеу нәтижелері өндіріске алынса, фермерлер заманауи әрі арзан отандық тест жүйесі мен препараттарға қол жеткізетін күнге жетеміз.
Жәнібек АМАНГЕЛДІ